235
Алматылықтар 30 млрд теңге жарна төледі
Алматылықтар 30 млрд теңге жарна төледі
Алматы қаласы әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеу жағынан алда келеді. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен бүгінгі күнге дейін оңтүстік астаналықтар Медициналық сақтандыру қорына 30 млрд теңгеге жуық жарна аударған.
МСҚ Алматы қалалық филиалы таратқан хабарламаға сүйенсек, түсімдердің негізгі бөлігін жұмыс берушілер төлеп отыр. Себебі 2018-2019 жылдары жарна төлеу міндеті тек осы санатқа ғана жүктелген болатын. Жарнаның қалған бөлігі жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Бұрынғы заң талаптары бойынша, бұл санат 2017 жылдың бірінші жартысында өзі үшін жарна аударған болатын.
Филиал мәліметінше, төленген жарна көлемі жағынан екінші-үшінші орында Астана қаласы мен Қарағанды облыстары тұр. Ал, алматылық жұмыс берушілер аударған аударымдар Медициналық сақтандыру қорына түскен жалпы жарнаның бестен бір бөлігін құрап отыр. Бүгінгі күнге дейін Қорға түскен төлемдердің жалпы көлемі 140 млрд теңгеден асып жығылады.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алумен айналысады.