Түйенің танығаны жапырақ 2

Түйенің танығаны жапырақ 2

Түйенің танығаны жапырақ 2
ашық дереккөзі
885
«Аңқау елге арамза молда» деген сөз қайдан шықты? Бұл тәмсілді дәл осы жол арқылы пайдаға кенеліп жүрген бәзбір пысықайлар жақтырмауы да мүмкін. Алайда қазіргі қазақ қоғамында осындайлардың жолы болып-ақ тұр. Айналасындағы халықты алдап-арбап, соңғы үкілеген үмітін күл-талқан етіп, жөніне кете беретін кәнігі қулардың заманы бұл. Ал алаяқтарға алданып, ойда жоқта опық жегендер ше? Газетіміздің №4 санында (31 қаңтар, 2019 жыл) «Түйенің танығаны жапырақ: молдадан гөрі мотиватордың сөзі өтімдірек» атты мақалада ғаламтор арқылы табыс тауып жүрген ханымдар туралы жазған едік. Бұл жолғы әңгіме – алаяқтар жайында.  Соңғы кезде «алаяқ» деген сөз күнделікті қолданысқа еніп алды. Қайсыбір адамды әңгімеге тартсаң да алаяққа алданып қалғанын естисіз. Тіпті, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың да өтірікке иланып, нақақтан-нақақ күйіп жатқанын қайтерсіз? Мұндай оқиғаның талайына куә болып жүрсе де, өзіне келгенде жол беріп қояды. Неге? Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда, логикаға сиятын және сыймайтын дүниелер болады. Өкініштісі сол, бүгін көп қазақ мүлдем қисыны келмейтін және негізі жоқ заттарды мәнді санап, ақымақ атанып, көрінгенге жем болып жүр. Тіпті, қолыңызға тиген жарнамалық газетті немесе көше аялдамаларына жапсырылған парақшаларға үңілсеңіз, тез жұмыс табуға, ол ол ма, жылдам байып кетуге мүмкіндік молдай көрінеді. Мәселен, «Жылы кеңседе отырып, тез және оңай ақша табу», «Кредиттік проблемаларды тез арада шешіп беру», «Қайтарымсыз несие алып беру», тағы басқа «жұмақ» орнатып берем дегенге саятын жарнамадан көз сүрінеді. Қазақ мұндайда «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» демейтін бе еді?! Ең қызығы, күн санап осыған ұқсас жарнамалар өршу үстінде. Бұл нені білдіреді? Бұл әлгіндей жарнаманың жетегінде кете беретіндердің көп екендігін аңғартпай ма? Сорақысы сол, бірі алданған жерге екіншісі топ етеді. Ол ұйым немен айналысады? Бұған дейін жұмыс істегендердің пікірі қандай? Оны өздігінше зерттеу жоқ. Себебі «Пәленше қырып ақша тауып жүр. Біздің одан қай жеріміз кем?» деген пендеуи түсінік дендеп алған. Ал алданғанын білгенде мәселеге кеш үңіліп, бармақ тістейді. Айталық, Көкшетауда бір алаяқ жүзден астам тұрғынға банктен миллиондап несие алғызған. Бұрын банкте менеджер болып істеген 23 жастағы қыз жұртқа несие алғызып, сыбайластарымен бөліске салған. 10 миллион теңгеге дейін банктен ақша алып, алданғандарын кеш білгендер полицияға арызданды. Әйелдерден құрылған қылмыстық топқа алданған 44 адам шағым түсірген. Сан соғып қалғандарын кеш ұғып, кімнен көмек сұрарын білмей дал болғандар оңай олжаға дәніккендердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Алайда біздің заң қарапайым халықтан гөрі алаяқтардың құқын қорғауға арналған ба дерсің. Себебі алаяқтықпен айналысатын топтар көбінесе «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келетіні жасырын емес. Есесіне, кей жағдайда алаяққа арбалған адамдардың өздері істі болып кетуі мүмкін. Бұл – оңай. Қазақ қоғамында қалыпты жайт.

Желілік маркетинг: кімге пайда,кімге опық?

Біздің халық сенгіш, еліктегіш. Әсіресе, ол істің басы-қасында елге танымал адамдар жүрсе, төбесіне көтереді. Ә дегеннен сөзге келмейді. Бірден көңіліне сенім ұялатып, «көппен көрген ұлы той» деген тәмсілді ұстанады. Бұл әдіс – желілік маркетингке тән. Қазір желілік маркетингпен айналыспайтын жұрт кемде-кем сияқты. Кейде бүкіл қазақ халқы осының соңынан кеткендей көрінеді. Әрине, оның ішінде адам ағзасына пайдасы бар дүниелерді саудалайтындары да, артынан жұртты ертіп, ақшасын суша сіміретіндері де жетерлік. Бір қызығы, қазір желілік маркетингтің көш басында белгілі әншілер де, айтыскер ақындар да, танымал тележүргізушілер де жүр. Сосын оларға халық сенбей көрсін?! Оқыған-тоқыған, жан-жақты азаматтарды біреуге алданады деп кім ойлайды? Сөйтеді де, соңынан ере береді еріксіз. Ал оған пайда түсе ме, табыс кіре ме, белгісіз. Жалпы, желілік маркетингтің негізгі ұстанымы біреу. Ол – бірлі-екілі көшбасшыны мотиватор ретінде шыңға шығарып, халыққа үлгі етіп көрсету. Қалғаны – соны табысқа жетелеуші, яғни шашбауын көтерушілер ғана. Қазір «пирамидаланған студенттер» көп. Оларды «Қасыңа 300 доллары бар он адам алып келсең, солардың әрқайсысынан 50 доллар сенікі» деген әңгімемен алдарқатады. Мәселе күдік тудырмас үшін ортаға бір ойыншық салып қояды (ол – сағат, қаламсап, шетелде демалу немесе тағы басқа зат болуы мүмкін), 300 доллар беріп, 300 теңгенің затын ұтып аласың. Мұндай кеңсенің іші толған қазақ. Оларға арнайы семинарлар өтеді, жиналыстың негізгі міндеті адам алдауды үйрету. Яғни, маңдай термен тапқан 300 долларды адамнан қалай алдап тартып алуға болады? Өз еркімен қарапайым жұмысшы бір айлығын беру үшін не істеу керек? Және тағы басқа осыған ұқсас тақырыптарда лекциялар өтеді. Бұл дегеніміз – легальді, заңды түрде адамды алдауға үйрететін «пирамидалар». Бұл аз болғандай «Банктегі кредитті ақша төлемей жауып береміз» дегендер де қазір аз емес. Әбден титығына жетіп, несиеден бас көтермей, терең депрессияға түскен адамдар осындай кеңселердің жемтігіне айналған. Банк бір тұстан, ал банкке қарсы күресем деген осындайлар екінші тұстан, аңқау қазақ баласын қақпа арасындағы доп дерсің. Қалыптасқан жағдайда сәйкесінше аталған алаяқтардан сан рет опық жеп, шағымдану үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған халық қаншама. Содан болар қазір елімізде алаяқтықпен (мошеничество) сотталғандар 10 мыңнан асып жығылады. Бірақ бұл оларды тоқтатар емес. Қып-қызыл нарық. Алысқа бармай-ақ, өз басымнан өткен жайттың өзі мысал бола алады. Бір кездері «55 мың теңге салып, соңыңнан адам тартсаң, пәлен қып қайтарып аласың әрі бес жұлдызды қонақүйде тегін жатып, шетелге саяхаттап қайтасың» дегендер көбейді. Алғашқыда «55 мың теңге біраз ақша ғой. Қой, мұным жарамас...» деп өзімді тежедім де. Алайда айналамдағылардың біразы кіріп жатқан соң, «тәуекел, жұрт ақымақ емес шығар» деп сол желілік маркетингке еніп кеттім. Ақша да, саяхат та жоқ. Сол қызықты біз сияқты сенгіш, аңқау жұртты кіргізген пысықайлар ғана көрді. Қалғаны тек солардың аузынан шыққан әңгімеге елітіп қана жүрді. Қазір бұл желілік маркетинг түрлене түскен. «Инкруизес» желілік маркетингін насихаттап жүрген тележүргізуші Нұрбигүл Сағындыққызының да соңынан ергендерде есеп жоқ. «Алып кеме арқылы шетелді аралатамыз» дейтін желілік маркетингті әлеуметтік парақшаларында Дана Нұржігіт, Ғалия Шаудырбаева сынды журналистер де тыным таппай жарнамалады. Әрине, бұдан кейін соңғы тиынын жинап, «шетелді кемемен саяхаттаймын» дейтін арманның жетегіне кететіндер көбеймесе, азаймасы анық. Бұл қаншалықты рас? Қарапайым халықты арбау емес пе? Біз тележүргізуші Нұрбигүлдің телефон нөмірін теруге асықтық. Ол ә дегеннен-ақ, желілік маркетинг арқылы шетелге барып қайтқанын әңгімелей жөнелді.  width= – Жақында ғана Еуропа елдерін аралап келдім. 6-7 қаласына бардым. – Тележүргізуші ретінде сізге қаншама халық сенеді. Олар қанша ақшамен кіріп жатыр? – Екі түрлі жолмен кіреді. Біріншісі – 100 АҚШ долларын төлейді. Екіншісі – 100 мың теңге. Олар да саяхаттай алады. Мың сан адам барып жатыр. Өмірі шетелге шықпаған адамдар мүмкіндік алды. Егер сауатты адам болсаңыз, желілік маркетинг бүкіл әлемде дамып кеткен. Сол арқылы байып жатқандар көп. АҚШ президенті Дональд Трамптың өз желілік маркетингі болған. Қысқасы әлемдегі миллиардерлердің көбі осы жолмен байыды. – Жұртты сендіріп, кіргізу де оңай емес. Бірақ бұл қарапайым халықтың наразылығын тудырмай ма? – Ешкімді зорлықпен кіргізбейміз. Адам өзі таңдайды. Көзі ашық адам барлық ақпаратпен таныса алады. Мен тек жарнама жасаймын. Болды. Кіре ме, жоқ па, өзі шешім қабылдайды. – Қатарларыңызда өзіңіз сияқты танымал тележүргізуші, журналистер көп пе? – Өте көп. Инстаграм парақшамды ашып қарасаңыз, бүкіл ақпаратқа қаныға аласыз. Болмаса тележүргізуші Дана Нұржігіттен сұрасаңыз, айтып береді.

Сенім мен арбаудың арасы...

Сонау 1995 жылдары ашылған «Ел арна» телеарнасы арқылы көпке танымал болған журналист Ақылбек Сансызбайұлы естеріңізде шығар. Сол журналист аз уақытта көрерменнің көзінен таса болды. Біз журналистің кімнің арбауына ілігіп, кімнің құрығына түскенінен хабарымыз жоқ. Бірақ жер мәселесі тұрғысындағы іске қатысы бар деген айыппен бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп шыққанын білеміз. Ал таяуда бүкіл қоғам дүрлігіп, әнші қауым жағасын ұстады. Белгілі әнші, композитор Гауһар Әлімбекованың басына түскен оқиғаның өзі алаяқтардың асқынып кеткенін меңзеді. Ел алдында жүрген әншінің істі болып қалғанына ешкім бейжай қарай алмады. Әуелгіде «әнші 6 жылға сотталды» деген хабарды естігенде «сенген қойым сен болсаң...» деп табалағандар да табылды. Алайда «айыбым жоқ» деп Елбасыдан араша сұрап, хат жазған Гауһар Әлімбекова өзінің айдың-күннің аманында зардап шеккенін жеткізді. Әріптестерінің қолдауының арқасында қазір уақытша бостандыққа шыққан әншінің өз айтары бар.  width= «Әлдебір алаяқтардың арбауына түсіп, айыбым жоқ болса да істі болып, сотталып кетудің аз-ақ алдында тұрмын. Мені сізге хат жазуға итермелеген де осы мәселе. 2016 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша сотталған Ордабаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танитын едім. Үнемі концерттеріме келіп жүретін өнеріме тәнті жандардың бірі болғандықтан, кейін бір-біріміздің жиын-тойларымызға қатысып, араластығымыз арта түсті. «Адам аласы ішінде» деген ғой, қанша уақыттан бері танысам да, ол кісінің анық қандай екенін түсінбеппін. Сол Ф.Ордабаева 2013 жылы Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісім-шартымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты. Алғашында сенбедім. Бірақ қалашықтағы пәтерлерді сату құқығына ие «АйтХаузингКомплекс» ЖШС-нің келісім-шарт қағаздарын көрсеткеннен кейін күдігім сейілді. Алматыда баспана мәселесінің әлі күн шешімін таппай келе жатқандығынан өзіңіз де хабардар боларсыз. Қырықтың бел ортасына дейін пәтерсіз жүрген мен Құдай жолымды салған екен деп, мемлекеттік бағдарлама аясында үй алуға бекіндім. Сөйтіп, мен, Гаухар Серікбайқызы Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков өзі және ұлы Әлидің атынан қажетті құжаттар мен қаражатымызды (80 мың АҚШ доллары) Ордабаеваға табыстадық. Қамкөңіл қазақпыз ғой, өзімнің ұзақ жылдан бері әпкелі-сіңлідей араласып жүрген Бақыт Назарова есімді әпкеме де пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айттым. Мақсатым – бір қазақтың баспана мәселесі шешілсін деген адал ниет қана еді. Ол да өз кезегінде ұлының атынан «Ақкент» қалашығынан үй алып, әлгі пәтерін жалға беріп қойды. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Арада екі жыл өткен соң пәтер әперген Ф.Ордабаеваның бәрімізді алдап соққаны, яғни пәтерлерді заңсыз жолмен бергені белгілі болды. Соңында «Ақкенттегі» пәтерімізден бәрімізді қуып шықты. Ашығын айтқанда, сөмкемізді арқалап далада қалдық. Алаяққа берген ақшамыз күйіп кетті. Өзім ғана емес, пәтерге ақша құйған бауырларым да сең соққандай есеңгіреп қалды. Соңынан Ордабаеваның қылмыстары дәлелденіп, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алаяқ Ордабаева ұзын саны 32 адамның ақшасын алып, сан соқтырып кеткен екен. Бұл – құқық қорғау органдарына арнайы шағымданғандардың есебі бойынша алынған көрсеткіш. Берген қаражаттарының қайтымы болмайтынын біліп, арызданбағандар саны қаншама. Мен де «отыз үшінші болып арыз жазғанда не өзгереді?» деп, тиісті органдарға шағымданбадым. Енді осы арыз жазбағаным өзіме «пәле» болып жабысып отыр. Себебі, жоғарыда бізбен бірге үй алған Бақыт Назарова «Мен Ордабаеваны жақсы танымаймын, тек бір-екі рет қана көргенмін, маған пәтер сатып алу туралы айтқан Гауһар Әлімбекова, демек, ақшамнан айырылуыма сол кінәлі» деп, менің үстімнен арыз жазған. Құқық қорғау органдары осы арызды негізге ала отырып, бұрынғы Ф.Ордабаеваның қылмыстық ісін қайта қарап, оған мені де қосақтап, күдікті деп таныды. Шынтуайтында, мен және менің туыстарым – жәбірленушілерміз. Алайда құқық қорғау органдары Б.Назарованың сөзін ескеріп, мені сотталушы Ордабаевамен сыбайлас етіп көрсетіп отыр. Қанша жерден айыбым жоқ екенін айтқаныммен, іс бұрмалану үстінде. Мен сияқты өнер адамдары әділдік таппай шырылдап жатқанда, қарапайым халықтың қандай күй кешіп жатқанын елестетудің өзі қорқынышты», – деді әнші Елбасыға жазған хатында. Біз де әнші Гауһар Әлімбековаға хабарласып, хал-ахуалын білген соң, осы мәселеге орай пікірін сұраған едік. Бірақ әнші қазір қорғаушысының айтуы бойынша ешкімге сұхбат бермейтінін жеткізді. Дегенмен ол: «Қазір бәлеқорлар көп. Кім арыз жазса, соныкі дұрыс болып есептеледі екен. Сондай бәлеқорлардан алыс жүру керек. Әріптестерім де қолынан келгенше көмектесті. Уақытша бостандықтамын. Көп адам түсінбей, мені түбегейлі шықты деп ойлап жүр. Әлі аппеляцияға беремін. Әліптің артын бағамыз енді. Қысқасы, адам адамға сенуге болмайды. Жаныңда жүрген жақын адам да орға жығып кетуі мүмкін. Тек бір Аллаға ғана сену керек» деген пікірін айта кетті. PS: Желілік маркетинг жүйесіне байланысты үкім Құран және Хадисте тікелей айтылмағаны анық. Алайда Құран мен Хадисте ислами экономиканың іргелі негіздері реттелген. Ғалымдар осы негіздерді арқау етіп, заманға сай туындап жатқан қандай да бір мәселеге үкім береді. Сол мәселелердің бірі – желілік маркетинг жүйесі. Қазіргі таңдағы Ислам ғалымдарының басым көпшілігі мұндай сауда түріне, Ислами негіздерге теріс деген баға беріп отыр. Оңды көзқарас білдіргендер де жоқ емес. Біреудің ақысын жемеу ләзім. Яғни, саудада қандай да болмасын, айлакерліктен, алдап-арбаудан, көзбояушылықтан аулақ жүрген жөн. Ислам діні біздің күнделікті тіршілігімізде, соның ішінде саудада әділ, шыншыл болуымызды бұйырады. Ешкімнің ала жібін аттамастан, екі жақты келісім жасасқанда, айлакерлікке жүгінуге тыйым салады. Құран Кәрімде: «Бір-бірлеріңнің дүниелеріңді  зұлымдықпен жемеңдер..» деген (Бақара сүресі, 188-аят). Дұрысын Алла ғана білер! Біздікі – пайым ғана.

Серіктес жаңалықтары