Журналист Жұмабай Шаштайұлы осыдан бірнеше жыл бұрын: «Қазақ әдебиеті» деген апталық газет шығарамыз. Журналистер мен әдебиет зерттеушілер бірнеше кітап тауысып, ізденіп, зерделеп белгілі тақырыпты бір апта, тіпті, кейде айлап зерттейді. Соның бәрін қорыта келе, оқырманға ұғынықты етіп бірнеше бет мақала жазады. Осындай ерен еңбекті қазір «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ беретін мұғалімнің өзі оқымайды. Не деген сұмдық?!», – деп ашынып айтқан-ды. Жұрттың көбі «болашақта газет-журнал келмеске кетеді» дегенді шығарды.
Кеңестік кезеңде атағы дүркіреп тұрған «Огонек» журналының тиражы бүгінде 80 мыңға жетер-жетпес. Танымал жазушы Виталий Коротич басқарған жылдары күллі әлем бойынша қызығушылық артып,
«Огонек» басылымының тиражы 4 миллион 600 мыңға жеткен-ді. Саяси оқиғалардың шиеленісуі сеп болды ма, әлде сол кезеңдегі экономикалық жағдай әсер етті ме, 1994 жылы таралымы 74 мыңға бір-ақ құлады. Содан бері еңсесін тіктей алмай келе жатқан атақты басылым «шықпа жаным, шықпалап» жабылып қалудың алдында тұр. Қазақ газеттерінің таралымы да жыл өткен сайын азайып келе жатқаны байқалады. Бүгінде тираж санынан көш бастап тұрған Egemen Qazaqstan – 190 мың. «Жас Алаш» – 40 мың, «Ana tili» – 16 мың, «Қазақ әдебиеті» – 14 мың 700, «Almaty Aqshamy» – 15 мың, «Заң» – 11 мың 700 тиражбен таралып жатыр.
Есесіне Америка Құрама штаттарындағы басылымдар өтімді һәм оқылымды. «The Washington Post», «The New York Times», «The Wall Street Journal» сынды газеттерді миллиондаған адам оқиды. Бір ғана америкалық «The Washington Post» күнделікті газетінің күн сайынғы тиражы 545 мың болса, жексенбілік шығарылымы 760 мыңнан астам. Жедел ақпарат, халықаралық және елішілік тақырыптарды қаузайтын репортаж, очерк пен түрлі пікірді беттейтін басылымда 740 адам еңбек етеді. «The New York Times» газеті де көп оқылады. Күн сайынғы таралымын 876 мың, жексенбілік газетті 1 миллион 352 мың адам оқиды. «The New York Times» газетінің айлық табысы 40 миллион долларға жуық. Күн сайынғы газет бағасы 1 АҚШ доллары болса, жексенбілік шығарылым 3,5 долларға сатылады. Бағамдай беріңіз. Тәулік ішінде 30 миллион адам газет сайтына кіріп, ақпараттар оқиды. Бірақ осы жерде ескере кететін бір жайт бар. Жұрт жата-жастана оқитын бұл газеттердегі ақпарат 100 пайыз шынайы болады деу жаңсақтық. 2018 жылғы 7 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп твиттердегі парақшасында, «The New York Times», «The Washington Post» сынды басылымдар жалған ақпарат тарататындығы үшін масс-медиа кеңістігін босату керек деген пікір қалдырған. Көлеңкелі тұстары өте көп. Америкадағы басылымдар ішінде тағы бір атақтысы «The Wall Street Journal» іскерлік газеті. Күн сайын оқырмандарға тарайтын басылым тиражы 2 миллион 1 жүз мыңға жуық. Зерделесек, ондағы интернет бағасы тым қымбат екен. (Арнайы кестеден әлемдегі интернет бағасы жайлы мағлұмат аласыз)
Әсілінде интернеттің қолжетімділігі, түрлі әлеуметтік желілердің кең таралуы көп жастарды жалқаулыққа итермелеп жатқандай. Интернет торабын таратушылар коммерциялық жобасын бір-ақ күнде қымбаттатып, қарапайым халыққа қолжетімсіз етіп қояр болса, газет оқып үйренбеген, білмегенін интернеттен қарай салып, әп-сәтте есінен шығаратын ұрпақ қайтер екен?!
Газет тарихынан
Біздің заманымызға дейінгі II ғасырда көне Римде алғашқы газеттер шыға бастады. Бірақ оның мәні де, мазмұны да тым бөлек-тін. Ағаш тақтайшаға ақпарат емес, белгілі даталар қашап жазылып жүрді. Юлий Цезарь билік басына келгеннен кейін, сенат отырысын ақпараттық үлгіде тұрақты жариялатты. Осыдан бастап газеттің халық арасында танымалдығы арта түсті. Тарихқа зер салсақ, алғашқы газет «Қалалық Вестник» атауымен VIII ғасырда Қытайда жарық көрді. Оған императордың жарлықтары мен маңызды оқиғалар, түрлі хабарлар басылып тұрған. Сол кезеңде қолайсыздық тудырғаны иероглифтерді қиып алып, оны бояуға малып басу еді. Бұл кемшіліктің орнын 1450 жылы неміс типографы Иоган Гутенберг толтырып, алғашқы баспа құрылғысын жасап шығарды. Оған мәтінмен қоса сурет те басыла бастады. Солай бола тұра, газет бай-қуатты адамдар мен саудагерлерге қолжетімді ақпарат көзі ретінде қабылданды. XVI ғасырдың соңында ғана ол жалпыға қолжетімді ақпарат көзіне айналды. Оның «газет» атала бастауы да дәл осы мерзіммен тұспа-тұс келеді. Сол кездегі италияндық оқырмандар ақпарат көзін газет тиын беріп («gazetta» ұсақ ақша, тиын деген мағына береді), сатып ала бастаған соң осы атау қолданысқа еніп кетті. Заманауи газет-журналдардың бастауы франциялық «La Gazette» басылымынан басталады. Сонау 1631 жылғы 30 мамырда аталған газеттің алғашқы саны шықты. Халық арасында аса танымал болған басылымға әр кезеңде Франция королі Людовик XII, кардинал Ришелье хабар жазып тұрған. БАҚ беттеріне жарнама орналастыру да осы газеттен басталған-тын.
Қазақ баспасөзінің тарихына тоқталсақ, Ташкентте 1870-1882 жылдар аралығында «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті қазақ тіліндегі тұңғыш ресми мерзімді басылым болды. Ал 1888 жылы «Дала уәлаяты» газеті шыға бастады. Ол да арада 4 жыл өткеннен кейін жабылды. Одан кейінгі кезеңде Алаш зиялылары мұрындық болып, «Серке» (1907), «Бірлік туы» (1917), «Дала», «Қазақстан» (1911-1913), «Ешім даласы» (1913), «Қазақ» (1913-1918), «Айқап» (1911-1915), «Алаш» (1916-1917), «Сарыарқа» (1917), «Ұран» (1917), «Үш жүз» (1917), «Тіршілік» (1917) сынды газет-журналдар шығып тұрды. Осылар арқылы қазақтың ұлттық мүддесі талай мінбеге жетіп, қазақ мәдениеті мен әдебиеті жауһар туындыларының тарихта қалуына сеп болды.
*VS, яғни Versus сөзі латыншадан аударғанда «қарсы» дегенді білдіреді.