223
Таласта асқан талай жоба
Таласта асқан талай жоба
Облыс әкімі Асқар Мырзаxметов Талас ауданының әкімі Досмаxанбет Алиевтің xалық алдындағы есебіне қатысты.
Аудан басшысы тұрғындарға өткен жылы атқарылған барлық саладағы жұмыстардың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Былтыр ауданда жалпы өндірілген өнімнің және көрсетілген қызметтің көлемі 36 миллиард 308 миллион 200 мың теңгені құрап, жоспар 106,8 пайызға орындалған. Өнеркәсіп саласында 18 миллиард 363 миллион 500 мың теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 106,3 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялар 14 миллиард 607 миллион 200 мың теңгені құраған.
Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы бойынша 18 миллиард 211 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылған. Ал, ауыл шаруашылығы бойынша 10 миллиард 834 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 102,3 пайызға орындалған.
Аудан әкімінің баяндамасына сүйенсек, статистикалық көрсеткіштер ойдағыдай, даму динамикасы бірқалыпты деуге болады. Әйтсе де, өңірде шешімін күткен мәселелер де аз емес болып шықты. Бір ғана мысал, бүгінде аудан көлемінде ет бағытында бар-жоғы 4 қана ауыл шаруашылық кооперативі жұмыс істеп отырса, сүт бағытында әлі күнге бірде-бір кооператив құрылмаған. Аудан аумағында 21 мың гектар егістік жер, оның ішінде 12 мың гектар суармалы алқап бар десек, оның жартысына жуығы игерусіз жатыр. Өткен жылы таластық 59 жас "Бизнес бастау" жобасы арқылы оқытудан өткенімен, олардың ешбірі өз кәсібін ашуға арналған несиеге қол жеткізбеген.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар да ауданда түйінді түйіткілдердің көптігін байқатты. Су тапшылығы, жол салу, газ тарту, тұрғын үй, таза ауыз судың шектеулі уақытпен берілуі секілді көптеген мәселелер бойынша жолданған сауалдарға аудан басшысы жан-жақты жауаптар беруге тырысты. Есепті жиынды қорытындылаған Асқар Исабекұлы жалпы атқарылған жұмыстардың жоқ еместігін, алайда, алдағы міндеттер бұдан да көп екендігін қадап айтты.
Айталық, аудан табиғаты мен климаты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын барынша дамытуға қолайлы. Десек те, ауданның экономикалық аxуалын арттыру үшін өткен жылы облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы көңіл көңшітпейді.
Өңір басшысы аудандағы кәсіпорындардың әлеуетіне орай жүктемесін де арттырудың, ет пен сүт бағытындағы кооперативтерді көптеп құрудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бұл орайда жергілікті басшыларға зор жауапкершілік арттылатынын, алдағы уақытта аудан, ауылдық округ әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі бекітілетінін тілге тиек етті.