417
Жоғалған оқушы бала өлі күйінде табылды
Жоғалған оқушы бала өлі күйінде табылды
Астанада бірнеше күннен бері іздестіріліп жатқан оқушы бала өлі күйінде табылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«19 ақпан күні сағат 16:53-те Астананың Теміржол тұрғын алабында Орталық өңірлік аэромобильді шұғыл-құтқару жасағының құтқарушылары 2006 жылы туған баланы іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ол 16 ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Сағат 23:40-та волонтерлар ашық жатқан кәріз құдықтарының бірінен жоғалған баланың денесін тапты. Құтқарушылар мәйітті алып шықты», - деді ресми өкіл.
Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға бойынша тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бақдәулет Өмірханның денесінде көзге көрінетін зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.
«Баланың жоғалу себебін анықтау және оның орналасу жерін анықтау мақсатында шұғыл-іздестіру тобы құрылды. Оған полицейлер, әскери қызметшілер, төтенше жағдайлар қызметкерлері енді. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарына еріктілер қосылды. Әскери қызметшілер мен волонтерлар кенттегі (Теміржол тұрғын алабы) орманды алқаптарды, қараусыз қалған жер үйлерді, ашық алаңдарды, теміржол өткелдерін, кәріз құдықтарын, сондай-ақ техниканың көмегімен трассалар бойын тінтіп шықты», - деді Астана қалалық Полиция департаментінен.
Еске салайық, елордада осыған ұқсас оқиға бірнеше күн бұрын ғана болған еді. 15 ақпан күні анасымен бірге серуендеп жүрген 5 жасар бала ашық тұрған құдыққа құлап кетті. Оқиға Қарасай батыр көшесі бойында болды. Абырой болғанда, бала дін аман құтқарылды. Құтқарушылар келгенше тереңдігі 2 метр құдыққа №39 мектептің 10-сынып оқушысы түсіп, балдырғанды алып шықты.
Бұдан бөлек, өткен жылдың 26 қарашасы күні 14 жастағы қыз кәріз құдығына құлап, мерт болды. Осы оқиғадан кейін шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов құдықтарды күнделікті тексеруді тапсырды.
Айта кетейік, астаналықтар ашық құдықтар мен олардың қақпақтарының сынғаны туралы ақпаратты iKomek орталығына хабарлай алады (109 нөміріне қоңырау шалу (қалалық және ұялы телефоннан қоңырау шалу - тегін); Telegram-дағы: astanaikomek109_bot чат-ботына жіберу, әкімдіктің astana.gov.kz сайтына жолдау).