Әкімдер есебі: Көпбалалы отбасыларға көп уәде берілді

Әкімдер есебі: Көпбалалы отбасыларға көп уәде берілді

Әкімдер есебі: Көпбалалы отбасыларға көп уәде берілді
ашық дереккөзі
316
Соңғы жылдары әкім-қаралар халыққа тұрақты түрде есеп беруді үрдіске айналдырды. Бұл керек те. Себебі мұндай кездесуде мақтау мен мадақтау ғана емес, жұрттың бетпе-бет келіп отырған түйткілдері ашық айтылады. Тұрғындар кейбір сауалдарына тікелей әкімнің өзінен жауап алуына мүмкіндік алады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, әкімдер биылғы есебінде қоғамда жиі талқыға салынған көпбалалы аналардың жағдайына көбірек тоқталды.   Астана. Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі шешіледі  width=    Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы отбасыларға келешекте сатып алу құқығымен пәтерлер жалға берілетінін жеткізді. «Негізгі есепті бастамас бұрын, жақында ғана күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдайға қатысты бірер пікір білдірсем деймін. Бес бүлдіршіннің қазасы бәріміздің еңсемізді түсіріп, көңілімізге қаяу салды. Осы бір оқиға көпбалалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемалардың бар екенін көрсетті. Жасырмаймыз, қауіпсіздік тұрғысында жедел шешуіміз керек түйткілдер бар. Ендеше, біздің басты міндетіміз – осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу», – деді қала басшысы. Осы ретте әкім  қала тұрғындарының көпшілігін алаңдатқан баспана мәселесін шешу механизмін қарастырып жатқандықтарын айтты. «Оның ішінде, көпбалалы аналарға пәтерлерді жалға беретін боламыз. Жалға беріп қана қоймай, оны бірте-бірте сатып алуына мүмкіндік жасаймыз. Яғни, енді ай сайынғы маңдай термен тапқан қаржыны пәтер иесінің қалтасына салмайды. Оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құятын болады», – деді Б.Сұлтанов. Сондай-ақ, елорда әкімі соңғы кезде көлшікке айналатын көшелер жайында тілге тиек ете келе, «Астана Венецияны «пародиялауды» қояды. Егжей-тегжейі ешкімге де қызықты емес. Сіздерге де, маған да нәтижесі маңызды. Біз маусымаралық жүзуден арылуымыз қажет», – деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елордада 14 тазарту құрылғысы болса, алдағы уақытта олардың саны 26-ға жетеді. «Бұл саланың қаржыландыру көлемі 5 млрд болатын, енді 7 млрд теңгеге жетті. Су жинайтын 13 гектар аумақ болатын, оның көлемі 23 мың гектарға жетеді», – деді елорда әкімі. «Екі қолға бір күрек табылады» деген сөз бар, ағайын. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көп. Мұны жақында ғана Елбасымыздың өзі де жастарға айтты. Демек, жастық өмірдің қайратты шақтарын бос өткізуден сақ болу керек. Мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы бар, қайта даярлау курстары ашылды. Мұның барлығы Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылуда. Баршаңызды осы мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын», – деді жастарға кеңес берген әкім. Алматы. Қолдан келгенше қолдаймыз  width= Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұрғындармен жыл сайынғы есепті кездесуі кезінде қаладағы көпбалалы немесе толық емес отбасыларды қолдауға бағытталған тұрғын үй бағдарламасы жайында айта кетті. Әкім қалалықтарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Алматыда «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынады. «Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасының көпшілігі тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлей алмайтындықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары беріледі. Алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ын құрайды, төлем 18 жылға 2%-бен. Біз өткен екі жыл ішінде «Алматы Жастары» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырдық. Құны 10 миллионға дейінгі 238 пәтер жас отбасыларға 5%-дық несиелермен берілді. Бұл істе нақтылы тәжірибеміз бар», – деді  Бауыржан Байбек. Жаңадан салынған үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтерлерге ғана несиелер беріледі. Биыл Алатау және Наурызбай аудандарында осындай 500-ден астам пәтер беріледі. Бұдан өзге, ескі үйлер сүріліп, олардың орындарына жаңалары салынады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бес жыл ішінде 23 пәтер салу жоспарланған. Айта кетерлігі, соңғы 3 жыл ішінде 10 мыңнан астам  алматылық отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Оның ішінде 1356 пәтер қалалық тұрғын үй қорынан бөлінді, 8 мыңнан астамы жеңілдетілген ипотека бойынша таратылды. Жаңа қонысқа ие болғандардың 40%-ы әлеуметтік жағдайы төмен категориядағылар: 2375 пәтер көпбалалы және толық емес отбасыларға, 564-і мүмкіндігі шектеулі жандарға, 345 пәтер жетім балаларға, 165 пәтер зейнеткерлер мен ардагерлерге берілді. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін баратынын айтып, тұрғындарды қуантып қойды. «Жүздеген өтініштер сараланды, ең өткір мәселелер – тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу. Барлық өтініштер, атаулы әлеуметтік көмек әдісінің өзгерісін қоса Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді. Әкімдік деңгейінде де қозғаушы күштер мен ресурстар бар, сондықтан біз бірқатар кешенді шараларды жасадық», – деді әкім. Сонымен қатар, қала басшысы көпбалалы немесе мұқтаж отбасылардың балаларын балабақшаға тегін апаруға мүмкіндігі болатынын айтты. «Өздеріңіз білесіздер, ата-аналар балабақшадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялауда. Тек өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшадағы 51 мың орынға 16 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артты. Егер көпбалалы тұрмысы төмен отбасының екі және одан да көп баласы балабақшаға баратын болса, онда отбасылық бюджет жүктемесі де жоғары болады. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша тегін болады», – деді Бауыржан Байбек. Айта кету керек, қазіргі кезде тұрмысы төмен отбасылардағы 14 мыңнан астам балаға мектептерде ыстық тағам беріледі. 3475 бала мектеп формасымен қамтылған, 2333 балаға қаржылай көмек көрсетіледі, 1050 балаға жазғы лагерьлерге жолдама берілді.  Түркістан облысы. Жетімдер үйі жабылады  width= Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған өңір. Аймақ бала туу көрсеткіші жағынан да көш басында. Мұнда әлеуметтік мәселелердің биік тұруы сондықтан. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та күн тәртібіне көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мәселесін шығарды. 2018 жылы облыс бойынша 34389 отбасыға (195 620 адам) жалпы сомасы 15 млрд 674,5 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде, шартты ақшалай көмек 30702 отбасыға (179 801 адам) 14 млрд 772,4 млн теңге, ал шартсыз ақшалай көмек 3687 отбасыға (15 819 адам) 902,1 млн теңге берілді. Атаулы әлеуметтік көмекпен қатар аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған. 2018 жылы аз қамтылған 4367 отбасыға (250 09 адам) 152,3 млн теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жалпы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы көпбалалы отбасылардың үлесі 50 пайызға жуық (16,5 мың отбасы). Ал биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 207,5 мың адамға жоспарланып, атаулы әлеуметтік көмек бойынша қаржы қажеттілігі 13,6 млрд теңгені құрамақ. Оның 50 пайызы көпбалалы отбасыларға арналған. Өтініш білдірген көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға жәрдем беруді, кедейлік шегінен төмен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5-10 АЕК көлемінде материалдық көмек беру мүмкіндігін қарастырып, нақты ұсыныс енгізілетін болды. Сонымен бірге, мектептерге бірыңғай мектеп формасын енгізіп, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды тегін формамен қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныс айтылды. Облыстық бюджеттен субсидиялау арқылы барлық оқушыларға 50 пайыз көлемінде арзандатылған тамақ ұйымдастыру, тамақтану комбинаттарын құру бойынша тапсырма берілді. Мұнан бөлек, барлық медициналық мекемелерге «Көпбалалы аналар кезексіз қабылданады» деген жарнамалар орнатуды, барлық ауруханаларда көпбалалы аналарға арнайы палата арнауды, сондай-ақ, осы санаттағы аналарды заң аясында ауруханаларға порталсыз және кезексіз қабылдану мүмкіндігін қарастыруды және санаторийлерде ем қабылдау үшін заң аясында жолдама бөлуді қарастыруды, сонымен қатар, қымбат медициналық қызметтерді көпбалалы аналарға тегін көрсету бойынша мүмкіндіктерді қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Ж.Түймебаев. Аймақ басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға көпбалалы отбасылар тізімін анықтап, бірінші кезекте үй берілу бойынша ұсыныс енгізу жайын да ұмыт қалдырған жоқ. Сонымен бірге, аталған санаттағы аналардың қоғамдық көліктерде «жеңілдетілген бағамен жүру билеттерін» енгізуді немесе тегін тасымалдануын заңға сәйкес қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді де жауапты мекеме басшыларына жүктеді. Сондай-ақ, облыс басшысы Жастар жылында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Осы орайда, биыл өңірдегі жалғыз балалар үйі «Отбасы үйі» форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатыны белгілі болды. «Дәстүрлі отбасы құндылықтары сақталған Түркістан облысындағы көпбалалы отбасылар ұлттық демографияға айтулы үлес қосып келеді. Қазір облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 16 500 отбасыға 27 немесе 100 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көпбалалы отбасыларындағы жұмыссыз ата-аналардың жұмыс табуына, балаларға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін «Қолғабыс» жобалар кешенін жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, 2019 жылы облыста «Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде 3,3 млрд теңгеге 3700-ден астам балаға техникалық және кәсіби білім гранты тағайындалады. Оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Қызылорда облысы. Сырдың күріші Иранға экспортталады  width= Соңғы 5 жылда Сыр өңірінде 200 әлеуметтік нысан іске қосылды. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы құрылысы бітпей жатқан 34 ірі әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. 2013 жылдан бері облыста жаңадан салынған 45 мектеп жас өрендерге құшағын айқара ашты. Оның ішінде 37-сі ұзақ жылдан бері ілдәлдалап келе жатқан апаттық жағдайдағы мектептер еді.  Мұндай келеңсіз көріністер өңірдің денсаулық сақтау саласында да кездесетін. Соңғы 5 жылда осындай күйде тұрған 49 ғимарат жаңаланды. Жалпы алғанда, медицина саласында 57 нысан елдің игілігіне айналды. Алдағы екі жылда 8 ғимарат құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарында шалғай ауылдардағы денсаулық сақтау орындары да бар. Қуанарлығы, өңірдің мәдениет саласында да игілікті істер атқарылды. 2013 жылы облыста «Мәдени мұра» бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Осының нәтижесінде Қорқыт ата мәдени мұрасы және облыстың 9 мәдени-тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енгізілді. Былтыр күрішшілер су тапшылығына қарамастан, 473 мың тонна өнім жинап, Моңғолия, Түркия және Ауғанстан нарығын игеруде. Өткен жылы өңірде дәстүрлі өнімнен бөлек, Иранға экспортқа шығару үшін ирандық сортын өсіру басталды. Қазіргі уақытта бірінші партияны – 500 тонна ирандық күріш сортын – киллограмы 810 теңгеден, яғни бүгінгі экспорттық бағадан 4 есе жоғары бағада жөнелту жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, егіншілікті дамыту суармалы жерлермен шектелгенін ескере отырып, мол өнім беретін және суды аз қажет ететін дақыл алқаптарын көбейтуге, сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету үшін жемдік және азықтық дәнді дақылдардың егістерін ұлғайтуға басымдық беріледі. 2018 жылы күріш егісі 3 мың гектарға кеміді, ал майлы дақылдар егісі, атап айтқанда мақсары 2013 жылы 1659 гектардан 2018 жылы 8404 гектарға дейін ұлғайды. Бұл мақсары майын өндіруді ұйымдастыруға және былтыр алғаш рет осы өнімнің 50 тоннасын Қытай нарығына шығаруға мүмкіндік берді. Қытайға жыл сайын 2,4 мың тоннадан кем емес мақсары майын жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Осының есебінен өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының 28 пайызының өсуін қамтамасыз етуге болады. Былтырдан бастап аймақта соя және азықтық дақылдар – судан шөбі, қант құмай сияқты мол  дақылдарды енгізу жұмыстары басталды. Биыл күріш егісін тағы 2171 гектарға азайтып, 4068 гектарға азықтық және 1293 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары егіледі.  Атырау облысы. Көпбалалы аналар жаңа кәсіпке оқытылады  width=   Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір аймақта көпбалалы жұмыссыз аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдауға бағытталған жаңа шаралар қарастырылған. Шара аясында аналар жаңа мамандық меңгерудің қысқа мерзімді курстарына қатысады. Бірінші кезеңде курсқа 200 адам қатысады деген жоспар бар. Әйелдердің таңдауларына 10 кәсіби бағыт беріледі, курс 15 күнге дейін созылады. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификат беріледі. «Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары дайындады. Біздің мақсатымыз – әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, мақсаттарын айқындап, алға қарай дамуларына қолдау көрсету. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің 47%-ы – әйелдер. Бұл көрсеткішті әлі де арттыру керек», – деді Атырау облысының әкімі. Жұмыссыз аналарды оқытатын он бағыттың ішінде тігінші, аспаз, шаштараз, маникюр, визаж, бухгалтерия, емдік массаж, интернет-сауда дағдысы, SMM секілді курстар бар. Оқу аптасына үш рет жүреді, наурыз айынан бастап топ жиналады. «Курс барысында әйелдер жаңа мамандықты игеріп қана қоймай, әлеуметтік желілерде іс жүргізу, маркетинг пен бизнес негіздеріне онлайн режимде оқи алады», – деді Нұрлан Ноғаев. Аталған курстарға оқуға жұмыссыз көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік осал топтағы аналар шақырылады. Айта кетейік, Атырау облысында 2019 жылғы ақпандағы мәлімет бойынша, 12 249 көпбалалы ана жәрдемақы алады, оның ішінде 5557 «Күміс алқа», 3594 «Алтын алқа» иегерлері, 10 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 983 батыр ана бар. Мемлекеттен жәрдемақы алатын аналардың жалпы саны – 22 383 адам. Облыста атаулы әлеуметтік көмекті 2035 отбасы (10949 адам) алады. Маңғыстау облысы. Мүгедек балалар ұшақпен тегін жүреді  width= Маңғыстаулық мүгедек балалардың ұшақпен тегін жүруіне мүмкіндік жасалады. Қазіргі таңда квота бойынша емдеу және оңалту іс-шараларынан өту үшін республикалық орталықтарға баратын кезде  мүгедек бала мен ата-анасының бірінің теміржол шығынын өтеу қарастырылған. Маңғыстау облысы орталықтан шалғайда орналасқандықтан денсаулық сақтау басқармасының жолдамасы бойынша мүгедек бала мен ата-анасының біреуінің екі бағыттағы ұшақпен жол жүру құнын (Астана және Алматы қалаларына) төлеу туралы шешім қабылданды. «Бұдан бөлек, республикалық клиникаларда және облыс орталықтарында денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық көмек алу кезінде аз қамтылған отбасылардың барлық балаларына теміржол көлігімен жол жүру шығындары өтеледі», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов бүгінгі халыққа есеп беру кездесуінде. Ақтөбе облысы. Балабақша мәселесі 100 пайыз шешіледі  width= Биыл Ақтөбе облысында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі шешілетін түрі бар. пайызға жетеді. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту өткен жылы 98 пайызды құраған. «Өткен жылы 44 балабақша ашылды. Сөйтіп балабақшамен қамту 98 пайыздық көрсеткішке жетті. Биыл соны 100 пайызға жеткізуіміз керек», –  деді Бердібек Сапарбаев халық алдында есеп беруі кезінде. Айта кетейік, Ақтөбе облысында өткен жылы 15 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 15 мектептің құрылысы аяқталатыны жоспарлануда. «Мектептер компьютермен қамтамасыз етілді. Цифрландыру жұмысы жалғасып, Ақтөбеде Назарбаев Зияткерлік мектебінің әдістемесін өзге мектептерге енгізу ісі атқарылады», – деді Б.Сапарбаев. Еске салайық, өңір басшысы есеп беру кездесуінде, сондай-ақ көпбалалы аналарға көмек беру жолдарын түсіндірді. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен Махамбет ауылының тұрғындарын көшіру мәселесі көтерілді. Биыл облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары