Ауылды түлету – ортақ игілік

Ауылды түлету – ортақ игілік

Ауылды түлету – ортақ игілік
ашық дереккөзі
963
Қазақ – ауылға кіндігімен байланған халық. Сондықтан ауылдың ахуалын оңалту – біздің ел үшін маңызды мәселе болуы міндетті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасына артылған сенім мен үміт мол. Бүгінде айтулы жоба аясында ауылдық жерлерде ауқымды шаралар қолға алына бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл – әкімшіліктердің міндеті», – деді Мемлекет басшысы. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғайдағы елді мекендердің тұрмысын түзеуге жол ашатыны сөзсіз. Айтулы жоба арқылы ауылдық жерлердегі түйткілдердің түйіні тарқатылуда. Мәселен, Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының іс-шаралар кешені жоспарлануда. Онда ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық әлеуетін қолдауға және дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу, елді мекендердегі әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын дамытуға жағдайлар жасау, ағартушылық, ақпараттық және білім беру жұмыстары және ауылдың тұрмыстық ахуалын көтеру бағытындағы шаралар қарастырылуда. Таяуда өткен Үкіметтің селекторлық отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде облыста «Әр ауылға өз шебері» бағдарламасы жасалды. Нәтижесінде ауыл-аймақтардан сан­техник, тігінші, шебер, шаштараз­ секілді 15 түрлі маман дайындалды. Олардың барлығын ақысыз негізде оқытып, халыққа қызмет ету жолдарын үйреттік. Бұл жұмыссыздықты азайту және жастарды еңбекке баулу бағытындағы нәтижелі бастама болып отыр. Сондай-ақ 800 адамға дейінгі елді мекендерге былтырғы жылы 62 медициналық пункт салынды. Онда да 4-5 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта егінші, мал шаруашылығы, қолөнер сынды мамандықтар бойынша оқытып шығуды жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі кезде аталған салаларға деген сұраныс жоғары», – деп атап өткен еді. Ал Ақтөбе облысында жер­гі­лікті кәсіпорындар жоба аясында ауылдық аймақтың әлеуметтік ор­тасын жаңғыртуға бар күш-жігерін салуда. Өткен жылы өңірдегі елді мекендерде 2 млрд теңгеге 344 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл кәсіпкерлер туған ауылдарын қамқорлыққа алып, 2,6 млрд теңгеге көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Осылайша, 289 меценат 199 елді мекенде 314 жобаны жүзеге асыруға уәде берді. Олардың қатарында денсаулық сақтау саласында – 4, білім беру – 16, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 69, мәдениет пен спортта – 95 және тағы басқа жобалар бар. Сонымен бірге, саябақтарды абаттандыру, спорттық және ойын алаңдарын орнату, жол жұмыстары жүргізіліп, ауыл клубтары мен мәдениет орталықтары жөнделмек. Айта кетейік, Ақтөбе облысында суармалы егіншілікті дамытумен қатар мал шаруашылығын, дәстүрлі емес салаларды, өңіраралық кооперацияны дамыту мен жаңа технологияларды енгізу де басымдыққа ие. Бүгінде өңірде 57 сүт, 17 ара өсіру шаруашылықтары, 58 бөдене, 1 марал өсіру, 49 қаз және 43 үйрек фермалары бар, 38 қожалық үй қояндарын өсірумен айналысады. Құлпынай мен таңқурай өсіретін ауыл шаруашылығы кәсіпорындары белсенді түрде дамуда. Облыста барлығы 2663 фермерлік қожалық пен шаруа қожалығы ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысады. 2019 жылы қосымша 40 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жүзеге асырылатын жұмыстар әлі де таразылануда. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі де өзіндік қағидат­тарын әзірледі. Астанада өткен жиындардың бірінде аталған жоба туралы ой білдірген Ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Арман Евниеев елді мекендердегі әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін тілге тиек еткен болатын. Оның айтуынша, осы арқылы 2030 жылға қарай ауылдағы халықтың 80 пайызын заманауи өмір сапасының стандарттарына сай етуге жол ашылады. «Талдау жасап отырсақ, елімізде 6651 ауыл бар екен. Барлық ауылда сондай жағдай жасау үшін өте көп ақша керек. Олай ете алмауымыз да мүмкін. Бірақ 6651 ауылдың ішінен мың жарымын іріктеп алып, оларды шағын қалаға айналдыруға әбден болады. Біз ол жұмысты талдап, есептеп отырмыз. Демек, бұған қол жеткізуге болады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат осы мақсатқа жетеді. Тек осы қаржыны үйлестіре білуіміз керек», – деді Арман Евниев. Қорыта келгенде, Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғайдағы елді мекендердің әлеуметтік һәм экономикалық жағдайын жақсартуға, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай септігін тигізбек.  

Серіктес жаңалықтары