560
Дулат Тастекеев: Мемлекеттің көмегі – бейбіт заман, сауатты заң
Дулат Тастекеев: Мемлекеттің көмегі – бейбіт заман, сауатты заң
Бүгінде табысты кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – «Tas Group» компаниялар тобының басшысы Дулат Тастекеев. Компания құрамына «Tas Finance Group», «TAS Exchange» айырбас пункті, «TAS Microfinance» шағын несие ұйымы, «Жетісу Агрокредит» несие серіктестігі, «AHTAS Constuction» құрылыс компаниясы, «Жанұя Мед» медицина орталығы және «38.ru» деп аталатын Мәскеудегі қаржы тобы сынды қызметтер кіреді. Одан бөлек несие беретін «Тас Кредит» ұйымы бар. Осы істің көзін тауып, табысқа жетіп жүрген Дулат Тастекеев «Túrkіstan»-business» айдарының қонағы.
– Дулат мырза, қаржылық сауаты бар, есеп-қисапты білетін бизнес өкілі ретінде еліміздегі экономикалық жағдайды қалай сипаттайсыз? Былтыр теңге төрт мәрте құлдырағаны белгілі. Бұл да бизнес саласына оңай соқпаған шығар?
– Әрине, төл теңгеміздің девальвацияға ұшырауы кері әсерін тигізеді. Себебі біздің де валюталық қарызымыз бар. Халыққа несие теңгемен беріледі. Дегенмен бұл біздің мемлекеттің ғана басындағы емес, әлемдік жағдай. Өкінішке қарай, төл теңгенің құлдырауына мемлекет ретінде төтеп беру қауқарымыз әлсіз. Оған объективті себептер бар. Көрші алпауыт елдердің басқа елдермен саяси текетіресте болуы экономикалық жағдайды ушықтырып отыр. Оның салқыны еріксіз тиеді. Сондай-ақ, мұнайдың бағасы, көрші Ресей рублінің құны, АҚШ-тың федералдық резервтер жүйесінің ұсынысы әсер етеді. Демек, әлемдік қаржы жүйесі жылдан жылға күрделеніп барады. Оған дайын болу үшін әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығы жоғары болуы тиіс. Интернеттің, сандық технологияның дамыған заманы. Ақпарат та жеткілікті. Кез келген кәсіпкер өзін экономикалық дағдарысқа дайындауы керек.
– Кейбір кәсіпкерлер «арнайы мекемелер тарапынан қысым жасалады» деген пікірді жиі айтады. Сіз кәсіппен айналысқан 9 жылда сондай қиындықтарға тап болдыңыз ба? Жалпы, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жеткілікті жағдай жасалған ба?
– Мемлекеттің беріп отырған көмегі – бейбіт заман, тыныш өмір, сауатты заң. Өз басым мемлекеттік органдар тарапынан қысым көрген жоқпын. Біраз уақыт шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жасалды ғой. Мұның да кәсіпкерлер үшін пайдасы болды. Қазір кәсіп жүргіземін деген адамға айтарлықтай кедергі жоқ. Елбасының «Бес бастамасында» салықтық үстемелерді азайту жөнінде баса айтылды. Соның нәтижесінде былтырғы жарияланған капитал амнистиясы бұған дейін белгілі бір себептермен жинақталып қалған салықты немесе үстіне қосылған өсімақыны кешіреді. Яғни, биылдан бастап кәсіпкер салықты ғана төлесе, үстіндегі айыппұлдар мен өсімақыдан босатылады. Мұның тұралап қалған бизнесті дамытуға едәуір септігі бар. Тіпті, салықты да бірден төлей алмайтын болсаңыз, салық мекемесіне барып, кепіл зат қойып, бөліп төлей аласыз. Бұл мүмкіндікті көп адам біле бермейді. Мәселен, қосымша құн салығы бізде – 12 пайыз, ал Ресейде биылдан бастап 20 пайыз. Біз жалақының 10 пайызын зейнетақы қорына, 10 пайызын жеке табыс салығына төлесек, Ресейде бұл – 13 пайыз. Жалпы алғанда, бізде барлық салық сомасы 39 пайыз болса, Ресейде 45 пайыздан көп. Ресейлік кәсіпорындардың 50 пайызы әлі күнге жалақыны қолға береді. Сондықтан 100 адамның алтауы кәсіпкер атанса, оның үш пайызы ғана мықты кәсіпкер бола алады. Ал ашылған он кәсіптің жетеуі жабылып қалуы мүмкін.
– Сіз бірқатар кәсіптің басын қосып, дөңгелетіп жүрсіз. Соның ішінде халыққа тиімдісі қайсы?
– Әрине, бәрі де халықтың сұранысына қарай ашылған ұйым. Алғаш 2010 жылдың ақпанында «ТАС КРЕДИТ» ұйымы ашылды. Біз дәстүрлі ломбард түрінде жұмыс істедік. Яғни, алтын, тағы басқа бағалы тастарды қабылдап, ақша ұсындық. Сол кезде кәсіпорынның жұмыс істемей тұрған бір нүктесін сатып алдық. Бұл кәсіпке барғандағы негізгі себеп не? Айырбастау, шағын несие беру пункті, сақтандыру компаниясы болсын, бәрі де қаржы нарығының бір бөлшегін қамтитын қызмет түрі. Біз бұрынғы заманда қалыптасқан ломбард деген ұйымды тұтынушыға ыңғайлы, қолайлы формасына көшіріп, тез несие беруші қызметін атқарудамыз. Бұрын әр тұтынушы несиеге қаражат алу үшін көлігін немесе кепіл затын қалдырып кететін болса, біз бұл шарттарға сүйенбейміз. Өйткені көлік – әрбір отбасының күнделікті тауқыметін шешіп отыратын құралы болғандықтан көліктерді тұтынушыларымызда қалдыруды жөн көрдік. Егер оны алып алсаң, тұтынушының төлем қабілеті төмендейді. Екіншіден, қолайсыз. Үшіншіден, қорқыныш туындайды. Кепіл затын өзінде қалдырсақ, біздің ұсынған қызметімізге қызығушылық та артады. Біздің компанияның ерекшелігі осында. Сондықтан тұтынушыларымыз көп. Бизнес толыққанды саралап, ойлануды қажет етеді. Тек идеясы мықты, тұтынушыға және өзіне қолайлы жағдай жасай алған адам белгілі бір дәрежеде жетістікке жете алады. Мәселен, 7 мыңнан астам тұтынушы болатын болса, 100 адамның 95-і өзінің алған затын орнына қоятын ниеті бар. Біздің ұстанған форматымыздағы адамдардың көпшілігі жақсы адамдар деген ұйғарымға келдік, ал қалған 5 адамды іздеуге немесе көліктерін іздеуге тура келеді.
Қазір Қазақстан бойынша 22 бөлімше бар. Ал ұйымның аты неге «тас» деген сөзден басталады? Осы туралы да сұрақ көп. Тегімізге ұқсас екені рас, бірақ әуелгіде ломбард ретінде әртүрлі әшекей заттарды қабылдағандықтан да сол атауды жөн көрдік. Қазақ болған соң әруаққа да сенеміз ғой. Сөйтіп жұмысты бастап кеттік.
– «Алмақтың да салмағы бар». Сіздіңше, біздің халық несиеге арқа сүйеп, қарызға батып жүрген жоқ па? Тіпті, несиеге үйленіп, отбасы құрып, соңы ажырасуға алып кеп жатқан сияқты...
– Несие нарығы біздің елден басталған жоқ. Бұл бүкіл әлемде бар құбылыс. Басқа мемлекет тұрғындарымен салыстырғанда біздің халық несиені көп алады деген дұрыс ақпарат емес. Белгілі бір көрсеткішке қарасақ, адам басына шаққандағы несиенің көлемі бар. Мемлекет қарызының ішіне үкіметтің қарызы, барлық компаниялардың сыртқы қарызы кіреді. Егер де сыртқы қарызды есептейтін болсақ, әлемде қарызы көп мемлекет – АҚШ. Ең дамығын мемлекет әрі сыртқы қарызы көп мемлекет. Сондықтан біздің елдің, халықтың несиелену процесі қатты өршіп тұрған жоқ. Жеке басында несиенің көп не аз болуы адамның қаржылық сауаттылығына байланысты. Бір несиеден құтыламын деп, екінші несиені алады. Ол адамның табыс көзін ұлғайтпайтын болса, еш пайдасы жоқ. Кез келген бизнес қаржы көзі арқылы дамиды. Алайда алған қарызды оңды жұмсап, уақытында қайтаруды дұрыс қалыптастыру керек. Біз капитализмнің көріністері бар қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Кешегі мен бүгінді салыстыруға болмайды. Мысалы, қаржы сауаттылығын арттырмай, өзінің кірісі мен шығысын толық басқара алмайынша, қиыншылықтан құтылу оңай емес. Бұл болашағы бар бизнесті күйретеді. Кәсіпкердің идеясы өте жақсы, амбициясы жоғары болуы мүмкін, бірақ оның қаржылық сауаттылығының төмен болуы ақша айналымың дұрыс басқарылмауына әкеледі. Біз де ақша басып шығарып отырған жоқпыз. Банктермен жұмыс істеп, инвесторлар тартамыз.
– Сіздің қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайтыныңызды білеміз...
– Қайырымдылық дегеніміз – адамның өзіне өзі көмек жасауы. Өзіне жаны ашымаған адам маңайына да көз салмайды. Себебі кәсіпкер болған соң, адам өзінің тапқан пайдасын бөлісе білу керек. Өзінің қызметкерлеріне лайықты сыйақы, жалақыны бере алмайтын болса, өзінің қызғанышын жеңе алмаса, кәсіптің дамуына кедергі болары сөзсіз. Адамның қолында 10 мың теңге болып тұрып, 100 теңгесін бере алмайтын болса, ол адамның қолында миллион доллар болған кезде 10 мың доллар қайырымдылыққа береді деп күту орынсыз. Сондықтан бұл үлкен кәсіпкер болған кезде бастайтын шаруа емес. Адамның қолында 100 теңге болса, 1 теңгесін қайырымдылыққа беріп, өзінің денесін, етін үйрету керек. Қайырымдылық – қызғанышқа қарсы тұратын күш. Ал менің қайырымдылық ісім оқыған мектеп, өскен өңірімізге көмектесуден басталды. Туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылы ішіндегі жолды жасадық, қазір Семей қаласындағы орталық мешітті қайтадан салып жатырмыз. Өзім оқыған мектепте музей аштық, тарих кабинетін заманауи үлгіде жасадық. Сондай-ақ, Алматыда өзім оқыған №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке қолдан келгенше көмек береміз. Барлық сыныпта ағылшын тілін оқытуды қолға алдық. Одан бөлек жылына екі ақынға ай сайын 200 мың теңге стипендия тағайындаймыз. Осы уақытқа дейін 6 ақын алды. Ақындық та – кәсіп. Олардың басқа жерден алатын табыс көзі жоқ. Әрі кетсе асаба болуы мүмкін. Айтыс өнері – тіліміздің дамуына әсер ететін құрал. Керемет теңеулерді естігенде тілге деген құрметіміз арта түседі. Биыл төртінші жыл Ақсуатта халықаралық ақындар айтысын өткіземіз. Оған да демеушілік жасап жатқан жайымыз бар. Мұның бәрі «Асыл тас» атты қоғамдық қоры арқылы жүзеге асады.
– Биыл – Жастар жылы. Жастарға нақты қандай қолдау көрсету керек?
– Жастарға қолдау көп. Соның бірі әрі бірегейі «Болашақ» бағдарламасы. Бұл – маңайдағы елдерде баламасы жоқ бағдарлама. Қазіргі жастар алғыр, ізденгіш. Көздеген мақсатына жетуді көздеп, үнемі талпынып жүретін жастар көп. Жастардың заманға сай бейімделуі заңдылық. Адам өзгерген жоқ, заман өзгерді. Сандық технологияның дамуына байланысты бизнеспен айналысып жатқан жастар жетерлік. Жаман мемлекет, жаман ұлт, жаман буын болмайды. Сондықтан үйренем, өсем деген жастарды көп көремін. Егер «кәсіппен айналысқым келеді» деген жастар болса, әрдайым кеңес беруге, өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын.
– Форбс тізіміндегі бай-қуаттылардың қатарына енуді армандамайсыз ба?
– Әрине, кәсібіміздің берекесі болса, табысы арта берсе, оған да жетерміз бұйырса. Форбсқа енген ағаларымыз Кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі буынның өкілдері. Біз келесі буынның өкілі болуға тырысып жүрміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы