488
Семей әуежайына Мұхтар Әуезов есімін беру ұсынылды
Семей әуежайына Мұхтар Әуезов есімін беру ұсынылды
Тұрғындар алдында есеп берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семей әуежайына белгілі жазушы әрі драматург Мұхтар Әуезовтің есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Семей - еліміздегі ең рухани-мәдени орталықтардың бірі. Абай, Шәкәрім және Мұхтар секілді ұлы адамдар осындай қасиетті жерде дүниеге келген. Олардың әрбірінің есімі бәріміз үшін де өте құнды", - деді Ахметов.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Семейде Абай мен Шәкәрімнің құрметіне көшелер аталған, Абай атындағы театр, Шәкәрім университеті бар, енді жаңа "Абай-Арена" мәдени-спорт кешені салынып жатыр.
Семей әуежайының ұшып-қону жолағы мен терминалын қайта жөндеу үшін 10,6 миллиард теңге бөлінген. 2019-2021 жылдары Өскемен әуежайында қайта жаңғырту жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, Үржар ауылындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы да күрделі жөндеуден өтеді, сол арқылы Алакөл көліне туристерді көптеп шақырмақ. Жобаның құны - 3,6 миллиард теңге.
Айта кетейік, облыста Өскеменнен Семейге, Зайсанға, Үржарға және кері бағытқа, сондай-ақ, Үржардан Алматы мен Астанаға ұшатын рейстерге қаржылық көмек көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар, шағын авиацияны дамыту аясында Қатонқарағай ауданында туристерге арналған жаңа әуе айлағы пайда болады.