«Қырықбайлар» неге азайды?

«Қырықбайлар» неге азайды?

«Қырықбайлар» неге азайды?
ашық дереккөзі
471
Әлеуметтік желіде соңғы уақытта ана мен бала тақырыбы жиі талқылануда. Мысалы, журналист Мейрамхан Жәпек осы мәселені көтере отырып, ана мен бала денсаулығы қоғам назарынан тыс қалмау керектігін жазды. «Қазіргідей экологиялық ахуал нашарлап тұрғанда, мәселен, Теміртау мен Қарағанды, Балқаш, Екібастұз бен Павлодарды, Семейді және Ақтөбе мен Тараз т.б қалалардағы зауыт, фабрикалардан шыққан улы түтін зардабын алдымен аналар тартып отырғаны анық. Баяғыда әжем: «Әр үйде кем дегенде 4 бала болуы керек, бір бала жоқ бала, екі бала жарты бала, үш бала бүтін бала, төрт бала дегенде ұртың толады» дейтін жарықтық. Нағашы әжем анамды 48 жасында босаныпты... Ал қазір дәрігерлер 40 жастан соң босанбауға кеңес береді» – дейді журналист. Шынында экологияның ана денсаулығына тигізер әсері қандай, қалай күтінбек керек? Шахназа Абайқызы, акушер-гинеколог: Экологияның ластығы көптеген асқынуларға себеп болады, әсіресе жүкті әйелдерге тигізер зардабы көп. Қоршаған ортаның химиялық және физикалық зиянды факторлары  жүктіліктің бірінші триместрінде эмбрионның дұрыс дамымауына (эмбриотоксикалық), ұрықтың даму ақауларына (тератогенді), ерте түсік тастауға, баланың дұрыс жетілмеуіне, әйелдің әлсізденуі мен көңіл-күйінің үнемі түсіңкі болуына әсер етеді. Одан бөлек жүкті әйелдер экологияның нашарлығынан тез шаршап, күйзеліске жиі түседі. Бұл жағдайлардың бәрі жүктіліктің дұрыс өрбуіне кедергісін келтіреді. Басқасын айтпай-ақ, өзіміздің күнделікті жиі қолданатын полиэтиленді пакет пен пластмассалы бөтелкелерге тоқталайық. Аталған заттарды үйде де, түзде де қолданамыз. Тіпті ішер асымызды да сонда сақтаймыз. Ал бұл пакеттерден адам ағзасына аса қауіпті улы заттар бөлінеді. Полиэтиленді өнімдердің суға салсаң батпайтын, жерге көмсең шірімейтін, отқа жақсаң улайтын, залалы барын білсек те одан бас тарта алмай келеміз. Айта берсек, өте көп... Ал бұлардан қалай сақтана аламыз деген сұраққа келсек, ең алдымен салауатты өмір салтын сақтану керек. Күнделікті спортпен айналысу, денені шынықтыру, аз қозғалысты өмірмен күресу, дұрыс тамақтану, фастфуд өнімдерін тыйып, табиғи өнімдерді қолдану,  таза ауада серуендеу арқылы иммунитетімізді нығайтып, ауруға қарсы тұру қабілетімізді арттыра аламыз. 40 жастан кейінгі жүктілік мәселесіне келсек, медицинаның деңгейі не күшінің жетпегендігінен емес, ол әйел адамның физиологиялық өзгерістеріне байланысты. 40 жастан асқан әйелдерде аналық без функциясы бәсеңдейді,  гинекологиялық және экстаргенитальдық (гинекологиялық емес) аурулары, гендік аурулар  асқына түседі. Әсіресе, жасы үлкен жүкті әйелдерде  қан қысымы, қант диабеті, семіздік, миома, эндометриоз  аурулары жиі кездеседі. Бұл аурулар ерте түсік тастауға, жүктілікті көтере алмаушылыққа, ұрықтың даму ақауларына, ерте су кетуге, мерзімінен бұрын босануға әкеледі. Бұл ана үшін де, бала үшін де қауіпті. Дәрігер ретінде мұндай жайттарды ескерту, естірту біздің міндетіміз.

Серіктес жаңалықтары