Challenge: пайда табу ма, әлде...

Challenge: пайда табу ма, әлде...

Challenge: пайда табу ма, әлде...
ашық дереккөзі
1079
«Челлендж» сөзін ағылшын тілінен аударғанда «біреуге үндеу тастау, адамды белгілі бір іс-әрекетке шақыру» деген мағынаны береді. Ең алғашқы ауқымды челлендж 2014 жылы  АҚШ-та пайда болды. «Ice Bucket Challenge» (мұз толтырылған шелек суды үстіне құю) атауымен танымал болған челлендждің мақсаты – бүйірлік амиотрофикалық склероз, яғни орталық жүйке жүйесі ауруын зерттейтін қорға (ALS Therapy Development Institute) қаржылық көмек көрсету еді. Талап бойынша әр қатысушы 24 сағат ішінде мұз толтырылған бір шелек суды үстіне құйып, аталмыш қорға 10 доллар аударуы және челленджді келесі үш адамға жіберуі керек болатын. Егер қатысушы бұл бастаманы бір тәулік ішінде орындай алмаса, қайырымдылық қорына 10 емес, бірден 100 доллар аударуы тиіс. Бұл челлендждің әп-сәтте танымал болуының басты себебі – оған әлемге аты әйгілі жандардың қатысуы. Қатысушылар қатарында актер Вин Дизель, рэпер Эминем, жазушы Стивен Кинг, музыкант Честер Беннингтон, әнші Рианна, ресейлік саясаткер Владимир Жириновский, Microsoft пен Facebook-тың негізін қалаушылар Билл Гейтс, Марк Цукерберг, физик Стивен Хокинг және АҚШ президенттері Джордж Буш пен Барак Обама бар. Тек Обама мен Хокинг үстеріне су құймай-ақ, қажетті қаржыны бірден қорға аударды. «The New York Times» газетінің есебі бойынша, 2014 жылы «Ice Bucket  Challenge» хэштегімен Facebook әлеуметтік желісінде 12 күнде – 1,2 миллион, ал Twitter-де 19 күн ішінде – 2,2 миллион бейнеролик пайда болған. Осындай танымалдылық арқасында «ALS» қорына алғашқы үш аптада 41 млн доллар, ал бір айда 100 млн доллар қаржы түсіпті. Бұған дейін қор 2012-2013 жылдары, яғни бір жыл ішінде тек 20 млн доллар ғана жинаған. Сондай-ақ, челлендждің арқасында 740 мың адам осы қорға бірінші рет ақша аударған. АҚШ тұрғындары «ALS» қорына қайырымдылық жасаса, Ұлыбритания «Motor Neurone Disease Association» дейтін атауы басқа болғанымен, дәл сол ауруды зерттейтін қорға көмектесті. Британдықтар бір аптаның ішінде қорға 2,7 миллион фунт стерлинг аударған, бұл әдеттегі апта сайынғы қайырымдылыққа түсетін қаржыдан он есе көп. Челлендждің қазақ аудиториясына интернет арқылы келіп жеткені де белгілі. Ең қызығы, Қазақстанда жасалған челлендждің қандай қорға қанша табыс алып келгені туралы бірде-бір мәлімет жоқ. Тіпті, дәл осы ауруды зерттейтін қордың да бар-жоғы белгісіз. Бірақ көп адамдар жасады. Неге, не үшін, қандай мақсатпен? Орталық жүйке жүйесінің ауруы кезінде қозғалмалы нейрондар зардап шегіп, уақыт өте келе адамның бұлшықеттері жұмыс істемей, салға айналады. Әдетте пациенттердің жартысы ауру анықталғаннан кейін 3-4 жыл ішінде өліп кетеді. Ал «Ice Bucket Challenge»-дің авторы – Бостон колледжінің бұрынғы кәсіби бейсболисі Пит Фрейтес. 2012 жылы 27 жасында оған осы аурудың диагнозы қойылған. 2014 жылы ол өздігінен тамақ іше алмай, тіпті қимылсыз қалған. Сол жылдың 31 шілдесінде Пит әлеуметтік желіге осы марафон ережелерін жариялайды. Десе де,  араға 3 жыл салып, ауруды жеңе алмаған Пит 2017 жылы қайтыс болды. Қоғамның белсенді өкілдері бұл челленджді қайырымдылыққа емес, керісінше ойын-сауыққа және өзін-өзі жарнамалауға бағытталған акция деп бағалады. Дәрігерлер де атаулы челленджге кем дегенде 21 күнгі дайындықпен келу керектігін айтты. Себебі адамның денесі мен ағзасы мұздай судан стресс немесе шок алуы мүмкін. 2018 жылғы мәлімет бойынша, челленджді қайталау барысында екі адам қаза тапқан. Сондай-ақ, ALS өте сирек кездесетін ауру болғандықтан, өлімге әкелетін негізгі 20 аурудың тізіміне де енбеген. Десе де, челлендждің арқасында аз уақыттың ішінде ауруды зерттеумен айналысатын қор қомақты қаражат жинап үлгерді. Ал іс жүзінде, кез келген ауруды зерттейтін қорларға көп ақшаны бірден беру тиімсіз деп есептейді сарапшылар. Себебі амиотрофикалық склероз ауруының емі 30 жыл зерттелгенімен, әлі табылмаған. Сондықтан осыған ұқсас қайырымдылық шаралары аса маңызды аурулар – рак, жүрек ауруы, эбола эпидемиясын емдеуге, болмаса гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдарға жұмсалуы керек деген де пікірлер туды. Сонымен қатар, челленджді миллиондаған адам орындап, үстеріне шелектеп су құйып жатқанда, акцияның отаны Калифорнияны (2014 жылдың жазында) құрғақшылық жайлап тұрған. Бұл – бір ғана челлендждің тарихы. Қазір олардың интернет желісінде қаптап жүргені соншалық, санап, нақты санын айту да қиын. Бір қарағанда жақсылыққа, адамдарға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауға итермелейтін дүние болып көрінгенімен, кез келген челлендждің астарында барлығы бірдей үңіліп, зерттей бермейтін түпкі мақсат бар. Бірі – тегін жарнама, екіншісі – пайда табу, үшіншісі – адамның психологиялық жай-күйіне әсер ету. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Ресейдің кітап дүкендерінде «Challengе book» атаулы жасөспірімдерге арналған кітапшалар еркін сатылымға шықты. Кітапша ұраны – «Өміріңді өзгертетін 500 челлендж». Автор барлық тапсырмаларды орындаған адам батылдау, ақылдырақ және еркін болады деп сендіреді. Бірақ тапсырмалар дені адамды жетілдірмей, керісінше психологиялық ауытқуға итермелейтін сияқты. Себебі онда киімсіз суретке түсу, түнде зиратқа барып ең ескі моланы суретке түсіру, жұрттан қайыр тілеу сияқты тапсырма-челлендждер бар. Мұндай кітапшалардың жасөспірімдерге арналып шығуы да тегін емес деп есептейді психологтар. Себебі жас бала мектепте ұстазынан тапсырма алып, үйде ата-анасының айтқанын істеп үйреніп қалған. Сондықтан оларға аталмыш кітапшалардағы тапсырмалар да мүлтіксіз орындауды қажет етіп тұратындай көрінеді. Кітапша 2016 жылы 18 мың, ал 2017 жылы 4 мың данамен қайта басылып шыққан. Мұнымен қоймай, Ресей аумағында «№5. Шындық немесе әрекет?» деп аталатын сағыз шықты саудаға. Көп тапсырмасы «Әрекет: үйрек сөзін ерніңді созбай айтып көр» сынды зиянсыз болғанымен, кейбірі «Әрекет: қаланың ең биік нүктесінде селфи жасап, суретіңді әлеуметтік желіге жүкте», «Шындық: өлуіңе бір күн қалғанда не істер едің? Жауабыңды әлеуметтік желіге жарияла» сынды адам өмірі мен психологиясына қауіп төндіретін тапсырмалардан құралған. Бағасы 65 рубль (325 теңге) болғанына қарамастан, бұл сағыз да сұранысқа тез ие болды. Ата-аналар тарапынан көп шағым түскеннен кейін Ресей сағызды саудадан алып тастауға тырысты. Сондай-ақ, 2015 жылы Ресейде жастарды суицидке итермелейтін «Синий кит» виртуалды ойынының шыққаны белгілі. Ойынның танымал болғаны соншалық, ол туралы Польша, Болгария, Латвия, Испания және Ұлыбританияның ақпарат құралдары жазды. Құқық қорғау органдары Қазақстанда аталмыш ойынға 63 жасөспірімнің тіркелгендігін айтты. 2015-2016 жылы Ресейде ойынның кесірінен 130 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 2017 жылы ойынға тағы 800 бала тіркелген. Ең қызығы, ойынды ойлап тапқандар әлі күнге дейін табылмаған. Бүгінде челлендж туралы толық зерттеу жоқ. Десе де, кей ғалымдар оған адамдарды басқарудың (манипуляцияның) бірден-бір құралы деген сипаттама беріп отыр. «Челленджге қатысушының басты мақсаты – неғұрлым көп лайк пен пікір жинау. Виртуалды өмір шынайы өмірге қарағанда тартымды келеді, сондықтан челлендждер күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналып кетті. Қазіргі кезде ойыншылардың виртуалды әлемге еніп кеткені соншалық, сол ойындары арқылы қоғамға тигізіп жатқан әсері мен кесірін көріп отырған жоқ. Видео әлеуметтік желіде жүреді, шынайы адамдарға еш зияны жоқ деп санайды, негізі олай емес. Олар сол видеоны түсіру барысында өзін және айналасындағыларын қандай қауіп-қатерге тікті, видеоны сапалы түсіру үшін өзінің және өзгенің қанша уақытын жұмсады?! Оған ешкім есеп беріп отырған жоқ. Егер жоба көп адамдардан қолдау тауып, танымалдылыққа ие болып жатса, блогер өзін «жұлдыз» санап, шынайы өмірде жете алмаған жетістігіне виртуалды әлем арқылы жетеді. Өзінің жеке пікірін, ойы мен көзқарасын басқаларға сіңіріп, жақтастар табуға тырысады. Негізінде, блогерлердің көбі шынайы өмірде адамдар арасында қолдау таппай, қоғамнан оқшауланып қалған жандар. Сондай-ақ, блогерлердің оқырмандармен байланысы – виртуалды. Оқырмандар арқылы олар белгілі бір атаққа ие болып, тіпті, пайда да тауып отыр. Ал шынайы өмірде блогерге оқырмандардың (қарапайым адамдардың) қажеті шамалы», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты С.Петренко. Петренко – ресейлік сарапшы. Өкінішке қарай, біз хабарласқан отандық психологтар челлендж туралы ғылыми тұрғыда тұшымды ой-пікір айта алмады. Бірі қоғамға еш қаупі жоқ, оған аса қатты назар аударудың қажеті жоқ десе, енді бірі айтпаса да бәрі білетін ата-ана баласымен тығыз қарым-қатынаста болуы керек деген оймен ғана шектелді. Ал негізінде, қоғамға пайдалы деген «Ice Bucket Challenge»-дің салдарынан кем дегенде екі адам қаза тапты, ал жиналған қаражаттан 5 жылдан бері аурудың емі табылмады. Демек, адам өміріне анық қауіпті челлендждерді санамағанда, қоғамға пайдалы деп шығарылған челлендждердің өзі жақсы нәтиже мен қорытынды бермеді. Сонымен қатар, челлендждер әлеуметтік желі арқылы тегін жарнамалануда. Оған тірі қуыршаққа айналу, яғни «Bratz» қуыршақтарына ұқсастырып бетті әрлеу челленджі дәлел. «Bratzқуыршақ» хэштегі арқылы сән қуушы қыздар Қытайдың өндірістік әлеуетін қаншалықты арттырып жатқанынан хабардар ма?! Ал соңы сотқа ұласқан «Kiki challenge» арқылы канадалық рэпер Дрейктің аты мен әнін қаншама адам тегін жарнамалады?! Біреуге жақсылық жасау – қайырлы іс. Бірақ осы іс адамның өзіне қандай пайда әкелді? Адамдар мән-мағынасыз челлендждерге ерру арқылы біреуге жақсылық жасайын деп ойламағаны тағы анық. Басты мақсат – өзін көрсету, көпшілікке танылу, шынайы өмірде иелене алмаған орнын виртуалды әлемнен табу.  PS Зерттей келе, адамның өміріне қауіпті, ақыл-есінің дұрыс дамуына кедергі келтіретін челлендждердің көбі Ресейден, не АҚШ-тан келетініне көз жеткіздік. Бұл құбылыс біздің қоғамға дерт болып жабысуда. Себебі жасөспірімдердің көпшілігі сол шетелден келген би, ән, сән челлендждерінің соңынан қуып, уақытын текке кетіріп, ұлттық болмыстан алшақтап барады. Отандық челлендждер де бар. Бірақ олардың аясы өте тар. Себебі челлендждің танымал болуына атсалысатын біздегі «жұлдыздардың» көбі бірінші кезекте пайда табуды ойлап, мәні мен мағынасы бар, жасөспірімдерге тәрбие беретін челлендждерге қолдау білдірмей жатады. Ал түптеп келгенде, балаларына қазақ ертегілерінің мазмұнын айтқызу, батырлар жырын жаттату сынды челлендждер баланың есте сақтау қабілетін арттырып, жастайынан мәнерлеп сөйлеуге баулиды. Әдебиетін, тілі мен шыққан тегін қадірлеуді үйретеді. Осы сияқты отандық челлендждер кең таралса, өскелең ұрпақтың ұлтына жаны ашитын, «атаның емес, адамның баласы» болып өсері сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары