647
АДАМЗАТТЫҢ АУЫР МҰҢЫ
АДАМЗАТТЫҢ АУЫР МҰҢЫ
Жаһан елдерін алаңдатып отырған мәселелердің бірі – көші-қон. Жуырда ЮНИСЕФ қоры әлемдік миграцияның басты себептерін атады. Он жылға созылған зерттеу қорытындысы сарапшылар назарын аударып, жер-жерде қызу талқыға түсуде. «Гэллап» компаниясы 150 елдегі жасы 15 жастан асқан азаматтарды сауалнамаға тартқан. Нәтижесінде бойдақ, орта білімді жастар елден кетуге ынталылар көшін бастады. Кез келген елдің болашағы жастар екенін ескерсек, туған жерге ту тікпейтіндердің саны артқаны алаңдатады.
Зерттеушілердің айтуынша, отбасылы адамдар өзге елге көшуге құлықсыз. Тұрақ ауыстыруға шешім қабылдайтындардың көбі болашақ ұрпақтары жақсы өмір сүрсе деп армандайтын көрінеді. Сондықтан олар экономикасы тұрақты, әлеуметтік жағдайы қамтылған елдерге көшуді қалайды. Көңілі толмайтынын айтқан азаматтардың көбі, мүмкіндік болса, көшіп кеткісі келетінін жеткізіпті. Бірақ қайда? Мәселе сонда.
Әлемдік миграция кең қанат жайды, эмигранттар ахуалы ойдағыдай деп айта алмаймыз. Жуырда «The Guardian» басылымы 1993 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі қаза тапқан мигранттар саны мен аты-жөні жазылған ақпаратты жариялаған-ды. Тізімді United for Intercultural Action еуропалық желісі түзген. 48 елдегі 550 орталықтың басын біріктіретін желі 34 мың 361 босқын мен қашқын жаңа, жайлы үй табамын деп Еуроодақ шекарасында қаза тапқан дейді. Тізімді заирлық 24 жастағы Кимпуа Нсимба бастап тұр. Ұлыбританияға келгеніне бес күн ғана болған Кимпуаның денесі жантүршігерлік ахуалда табылған еді. «The Guardian» басылымы жариялаған нақты деректер мен цифрлар тек ресми тіркелгендері ғана дейді мамандар. Әйтпесе теңізге батып кетіп, жүк көліктерінің ішінде қалып, түрмеге түсіп, жауыздардың құрбаны болған адамдар қаншама. Тығырықтан шығуға жол таба алмағандары, тіпті өз-өзіне қол жұмсаған.
Миграция мәселесі сөз болғанда Венесуэладағы жағдайды айтпай өтуге болмайды. Ел ішіндегі саяси және экономикалық мәселелер тұрғындардың халін тым қиындатып жіберген. Осының салдарынан аш қалып, талғажау етер азық іздегендер Колумбия шекарасына ағылып жатыр. БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер басқармасы 3,6 миллион адамды аштықтан құтқару үшін 110 млн АҚШ доллары керектігін айтып отыр. Баспасөз басшысы Эрве Верхусел: «Олардың ашыққанын қалай байқаймыз. Колумбия шекарасына ағылып жатқандар ешқандай дәрі-дәрмексіз, ақшасыз, тіпті, ас-ауқатсыз келіп жатыр», – деп хабар таратқан болатын. Жуырда жарияланған ақпараттарға сүйенсек, елден күн сайын 5 мыңнан астам адам кетуде. Олардың жалпы саны бүгінде 3,4 млн-ға жетті. Оның 2,7 миллионы көрші мемлекеттерден қоныс тапса, қалғандары Мексика мен Орталық Америка жеріне ағылуда.
Миграциялық тәртіп эмигранттар үшін қолайсыз болса да, нәпақа іздегендер мен жайлы ортаны көксегендер көшіп-қонуын тоқтатпақ емес. АҚШ билігінің эммигранттарға арналған қарым-қатынасы, жанашырлығы төмендесе де, еңбек мигранттары көп елдің көшін бастап, өзгеге басымдық бермей келеді. Өткен жылы тізімде екінші тұрған Ұлыбританияны биыл Германия басып озды. Одан кейін Канада, Австралия, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Испания, Италия мен Австрия еңбек мигранттары көп тіркелген мемлекет ретінде белгілі. Соңғы жылдары Германияның эммигранттарға ашық саясат ұстанғаны рас. Есесіне, Тереза Мей Brexit-тен кейін, «таяз» білімділерді Ұлыбританияға еңбек етуге алдырмайтынын мәлімдеген еді. Ресми Берлиннің саясаты мүлдем одағай. «Екі қолға бір күрек ұстайтындардың» орнына жоғары білімді, пайдалы азаматтарды Германия аумағына көптеп алдыру жоспарланған. Болашақта мұндай қатаң саясатты көрші Ресей де енгізуі мүмкін. Ел билігі осы жылдан бастап еңбек мигранттарына талаптарды қатаң қоюды бастады. Жұмыс беруші де бұл тұрғыда шет қалмайды. Эммигрантты тұрақ-жаймен қамтамасыз етуі керек, әйтпеген жағдайда айыппұл салынады. Жалпы, өткен жылы Ресейге Қазақстаннан барған азаматтар саны 26 мыңнан астам. Тәжікстаннан барғандар 31 мыңға жуық.
Әлемдегі жоғары жалақы төлейтін мемлекеттер қатарында Германия бар. Содан болса керек, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстаннан Германияға қоныс аударғандар 17 мыңға жетті. Ресми деректер осылай дейді. Осы уақыт аралығында Ресейге кеткен отандастарымыз 282 мыңнан асқан. Бұл шекараның жақындығымен түсіндіріліп келеді. Мамандар Қазақстанға келетін эмигранттардың саны жағынан өзбекстандықтар көш бастап тұрғанын айтады. Соңғы 10 жылда 131 мыңнан астам адам қоныс аударған. Содан соң Ресей (58 мың), Қытай (30 мың) үздік үштікте.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір әлемде 258 миллионнан астам адам босқын болып жүр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өткен жылдың соңында миграциялық келісім мәселесін көтерді. 164 елдің сенімді өкілдері қатысқан шарада жаһандық жариялы миграцияның қауіпсіздік келісімі қабылданған еді. Антониу Гутерриш сонда іштей қуанып «Бұл тарихи құжат әлемдегі миграциялық аласапыранды орнықты етеді» деді. Бірақ бір ғана Венесуэладан кеткен 3 миллионнан астам адамның өзін орнықтыру адамзатқа мұң болып тұр.
Расул Жұмалы,саясаттанушы:
– Соңғы жылдары шетелге кетіп жатқандар көбіне мықты кәсіп иелері: инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, экономистер. Тек 2018 жылы 5000 инженер, 2700 экономист, 1700 мұғалім біржолата қош айтысып, Қазақстаннан кеткен. Оған шетелде оқып жатқан 120 мың Қазақстан студенттерін қосыңыз. Негізінен, олар Ресей, Қытай, Чехия, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Германия, Польша, Ұлыбритания, Түркия секілді елдерде білім алып жатыр. Ендігі сұрақ: аталған өркениетті қоғамның өмір салтын көрген, әсіресе ең үздік көрсеткіштерге жетіп, бәсекеге қабілетті кәсіп иесіне айналған жастардың қаншасы Отанына оралар екен? Шетелдік компаниялар мен фирмалар оларды іздеп жүріп жұмысқа тартады, барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Ал өз елінде сұраныс болмаса, болашақ Гейтс пен Цукербергтеріміз басқа елдің игілігіне жұмыс істейтіні белгілі ғой.