263
Қытай Марсқа зонд ұшырмақ
Қытай Марсқа зонд ұшырмақ
Қытай 2020 жылы Марсқа өзінің алғашқы зондын ұшыруды жоспарлап отыр. Оның егжей-тегжейін Қытайдың Айды барлау бағдарламасының бас инженері Ву Вей Рен айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА chinanews-ке сілтемемен.
Қытай ұшырмақ болып отырған зонд Марс орбитасына шығып, кейін Қызыл ғаламшарға қонады. Қытайлықтар осы зонд Марс бетін толыққанды зерттейді деп үміттеніп отыр. Ву Вей Реннің айтуынша, Қытай «Change 5» бағдарламасын қайта қолға алып, биыл желтоқсанға дейін зондты Айға ұшырмақ. Егер ол Ай бетінен алынған үлгілерді жинап, Жерге сәтті оралса, Қытай АҚШ және бұрынғы Кеңес Одағынан кейінгі осы технологияны игерген үшінші ел атанады. Марсқа қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу әрі туристерді тарту мақсатында жуырда Қытайдың алғашқы Марс симуляциялық лагері ресми түрде пайдалануға берілді. Лагерь Цхинхай провинциясының Хайси облысындағы Леңху елді мекенінде орналасқан. Бұл аймақтың геоморфологиялық ерекшеліктері Марсқа өте жақын. 80 акрдан тұратын лагерьде 160 адамға арналған ұйықтайтын кабиналар мен шатырлар бар. Тұтастай алғанда, лагерьде Марс бетіндегіге барынша ұқсас жағдай жасалған. Қытай Жаңалықтар ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, билік 2017 жылы 150 миллион юань қаражат бөліп, туристік база құру мақсатымен «Леңху Марс қалашығы» атты жобаны іске асыруға кіріскен. Жұрттың игілігіне берілген лагерьдегі зерттеушілерге арналған астрономиялық қондырғылар алдағы уақытта Марсқа жіберілетін экспедицияны сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Лагерьдің ашылу салтанатында «Марсқа қонудың моделі» эксперименті де ұйымдастырылған. Алайда, техникалық ақауларға байланысты сынақ сәтсіз аяқталған.