1728
Атырауда Жайық өзенін өлі балықтан тазалап жатыр
Атырауда Жайық өзенін өлі балықтан тазалап жатыр
Жайық өзеніндегі мұз ери бастағаннан Атырауда өзендегі өлі балықты жинау жұмысы жандана түсті. Күн сайын ондаған адам су айдынын тазалаумен айналысуда, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммункациялар қызметі.
Еске сала кетейік, өткен жылдың аяғында Атырауда балық жаппай қырылған болатын. Өлген балықтың бір бөлігі сол бойда жинап алынды, қалғандары өзенде мұз тұруына байланысты жиналмай қалды. Мамандар бұл жұмысты мұз ерігесін жалғастыру қажет деп шешті.
«Бұл жұмысқа арнаулы автобазаның, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының, балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлері тартылды. Тазалау жұмыстары Жайық өзенінің жағалауға жақын тұсында жүргізілуде – қала аумағында, сондай-ақ, Геолог, Атырау, Дамба селолық округарында. «Амангелді» ЖШС кооперативінің кемелері өзен бетіндегі мұзды бұзып жатыр. Алда, табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өзен көлігін пайдалана отырып, балықты өзеннің бүкіл аумағында жинау жұмыстары жүргізілетін болады»,- деді Атырау облысы балық шаруашылығының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Сәдібекұлының айтуынша, барлық жиналған балық «Арнайы автобаза» ЖШС-нің аумағында жойылатын болады. Сондай-ақ, өңірдің балық қорына қандай нұқсан келтірілгені анықталады.
Аталған жәйт бойынша екі қылмыстық іс ашылды. Қазір тергеу жүргізілуде, орын алған оқиғаға кінәлі тұлғаларды анықтайтын болады. Полиция қызметкерлері мен ветеринарлар балық сату орындарын бақылауға алған, экологтар күн сайын Жайық өзенінен сынама алып отыр. Адамдардың уланып қалу жағдайлары тіркелген жоқ.