616
Жамбылда 11 мектеп директоры кең кабинетін оқушыларға босатып берді
Жамбылда 11 мектеп директоры кең кабинетін оқушыларға босатып берді
Жамбыл облысында мектеп директорлары кең сарайдай кабинеттерін аядай бөлмеге ауыстыруға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының шығындарды оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы аясында қазір өңірлердегі мектеп директорлары аумағы үлкен кабинеттерін оқушыларға оңтайландырып, босатып беруді бастады. Республикадан бастау алған жоба Жамбыл облысында да жалғасын тапты. 11 мектеп басшысының жұмыс кабинеттері 40 және 50 шаршы метр аумақты құрайтыны анықталып, директорлар шағын кабинеттерге көшіп жатыр.
«Өңірде барлығы 446 мектеп бар болса, бүгінге дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл облыстық департаменті 61 білім мекемесіне мониторинг жүргізді. Мониторинг қазіргі таңда облыс аумағындағы аудандарда жалғасуда. Алдағы уақытта барлық мектептерді қамтимыз»,-дейді аталмыш департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров.
Айта кетейік, кең кабинетін оқушыларға босатып берген басшылардың бірі - Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияның директоры Әлішер Әзімбайұлы. Оның аумағы 40 шаршы метр болатын кең кабинеті қазір ағылшын тілі және орыс тілі кабинетіне айналған. 2079 оқушы білім алатын бұл білім ошағында сынып тапшылығы көптен бері өзекті мәселеге айналған.