852
Жеделсаты жөнге келер ме?
Жеделсаты жөнге келер ме?
Елімізде жыл өткен сайын зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлердің қатары көбейіп келеді. Ал биік нысандардың жоғарғы қабатына жылдам жету үшін жеделсатылар орнатылған. Бірақ олардың қауіпсіздігі үнемі ескеріле бермейді. Соның салдарынан елімізде лифтідегі қауіпсіздіктің сақталмауынан зардап шегіп жатқандар көп. Тіпті, жеделсаты ішінде қайтыс болғандар да бар.
Осы бір олқылықтың орнын алу үшін елімізде Бірыңғай ұлттық стандарт заң жүзінде бекітілмек. Өткен жылдың 25 желтоқсанында қолданысқа енген стандартқа лифт шаруашылығын реттейтін техникалық құжаттағы талаптар біріктірілді. Бірыңғай стандартта қызмет көрсетуші ұйымдарға қойылатын қатаң талаптар қарастырылған. Қазіргі уақытта жеделсатылардағы қауіпсіздікті сақтауға жеткізушілер де, қызмет көрсетуші ұйымдар да баса назар аударып отырмағанын мойындау қажет. Егер жауапты мекемелер қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтын болса, лифтідегі төтенше оқиғалар қатары мұншалықты көп болмас па еді, кім білсін?!
Өткен айда Алматы қаласында ауған соғысының ардагері Талғат Жастықбаев істен шыққан жеделсатының құрбаны болды. Ол 5-қабаттағы лифтінің есігін өзі күшпен ашып кірмек болғанда төменге құлап түскен. 60-қа қараған азаматтың өлі денесі 6 сағаттан кейін лифт шахтасынан табылыпты. Тұрғынның шахтаға құлаған сәті видеоға түсіп қалған. Видеода ер адам лифт шақырып, дер уақытында келмеген соң есіктерін, түймелерін ұра бастаған. Шыдамы таусылған соң шахта есігінің астыңғы тұсынан теуіп ашып жіберген. Аздаған уақыттан соң ол қараңғы кабинаға кірмек болып, аттаған кезде ары қарай құлап кетеді. Механик 1-қабаттағы есікті ашқанда ер адамның денесін тапқан. Тұрғындардың айтуынша, бұл бірінші рет болып тұрған оқиға емес. Лифт бұған дейін де істен шығып тұрған. Алайда лифтінің есігін иықпен қағып жібергенде, ол қайта жұмыс істеп кететін болған. Марқұм Талғат Жастықбаев та сол әдет бойынша жеделсатыны ұрғылап іске қосамын деп ойлаған болуы керек. Ал елімізде дұрыс жұмыс істемейтін жеделсатылардың саны қаншама? Солардың бәрі күндердің бір күнінде тағы да қайғылы жағдайға ұрындырмасына кім кепіл?
Деректерге сенсек, елімізде жеделсаты орнатылған көпқабатты үйлердің саны 8,5 мыңнан асады. Өткен аптада Мәжіліс депутаты Василий Олейник сол үйлердегі 23,5 мың лифтінің 40 пайызға жуығы жөндеуге де келмейтінін айтып дабыл қаққан еді. Депутаттың сөзінше, бұл мәселе әсіресе, Алматы қаласында аса өзекті болып тұр. Өйткені оңтүстік астанада 1900 лифтіні жөндеу немесе ауыстыру қажет. Ал Павлодар облысында істен шыққан немесе ескірген жеделсатылар саны – 1500 болса, Қарағанды облысында 736 лифт қайта жөндеуді қажет етеді. Оралда 3758 лифтінің 109-ын ауыстыратын уақыт жетсе, Сәтбаев қаласында лифтілердің 80 пайызы жұмысқа жарамсыз. Семей қаласында 30 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 127 лифт бар. Оларды жөндеу үшін 900 млн теңге қаржы қажет.
Қазақстан Лифтшілерінің ұлттық қауымдастығының деректері бойынша республикамыздың аса ірі жеті қаласында 7000-ға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді. Астана қаласының өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді, олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік-технологиялық базасы бар.
Қазіргі уақытта жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің өзі де ұдайы істен шығып жатады. Бұған ешкім таңғалмайтын да болған. Ал бүгінге дейін пайдаланылып жүрген лифтілердің көпшілігі ескірген. Талап бойынша жеделсатылар 25 жыл қызмет көрсетуі тиіс. Біздің елдегі кейбір лифтілердің қызметіне 35-40 жылдан асып кеткен. Егер жеделсатының профилактикалық және жөндеу жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отырса, бұл қондырғы ширек ғасырдан да артық жүріп-тұруы мүмкін. Алайда қазіргі уақытта мүлдем жөндеу көрмеген жеделсатылар да тұрғындарға қызмет көрсетуде. Осының салдарынан кейде апатты жағдайлар орын алып, адам шығынына ұрындырып жатса да, әзірге оларды жаңалау мүмкін болмай тұр. Себебі көпқабатты тұрғын үйлер жекешелендірілген. Соған орай жеделсатылар да тұрғындардың ортақ пайдалануындағы мүлік болып саналады. Яғни, жеке мүлікті иелері өздері жаңалауы тиіс.
Мамандар жеделсатының жарамсыз болып қалуына әсер ететін бірнеше себептердің бар екендігін алға тартады. Ең алдымен, лифтіге белгіленген мөлшерден артық салмақтағы жүк салу жеделсатының жұмысын тежейді. Айта кетерлігі, дәл осы себептен лифтілердің 20 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал ескі жеделсатыны жаңарту үшін қомақты қаржы қажет. Дерек көздеріне жүгінсек, 9 қабатты тұрғын үйдегі бір лифтіні алмастыру үшін шамамен 6-8 миллион теңге жұмсалады. Сондай-ақ, аталған сома жеделсатының моделі мен өндіруші мемлекетке байланысты да өзгеруі мүмкін.
Заң бойынша тозығы жеткен жеделсатыны жаңарту немесе ауыстыру үшін тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарулары керек. Ал лифтіні жаңартуға қажетті 6-7 миллион теңгені жинау үшін тұрғындар ай сайын, 7 жыл бойы пәтер иелері кооперативіне ақша аударып тұрулары тиіс. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатыны түсінікті. Сондықтан бұл мәселе республикалық бюджет тарапынан шешілуі қажет деп санайтындар қатары көп. Оның үстіне, лифт шаруашылығымен айналысатын ұйымдардың құрал-саймандары, материалдық-техникалық базасы, апаттық жағдайдағы жедел қауіпсіздік қызметі, қосалқы бөлшектер қоры талапқа сай келе бермейді. Өкінішке қарай, бұл мәселеге басымдық беретін тұрғындар да аз. Көбі төмен бағаға қызмет көрсету ұйымдарын іздейді. Сондай-ақ, лифт орналастырумен айналысатын компаниялар арзанқол ақшаға қызығып Украина, Өзбекстан, қала берді Қытайдан сапасыз өнiм әкелуге әбден дағдыланып алған. Айналып келгенде сапасыз лифтінің азабын қараша халық тартуда. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру үшін енгізілген Бірыңғай ұлттық стандарт жағдайды қаншалықты реттейтіні уақыттың еншісінде.