795
Жайық жағасындағы жансыз балықтар
Жайық жағасындағы жансыз балықтар
Елімізде балық шаруашылығын дамыту қажеттігі талай жылдардан бері айтылып келеді. Тіпті, шаруашылықтың бұл түрін ілгерілетуге байланысты жоба-жоспарлар үлкен мінберлерден де айтылған. Бірақ Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуы жағдайдың күрделі екендігін айғақтағандай. Өлі балықтардың алғашқы тобы Жайықтың жағасынан өткен жылдың желтоқсанында табылған. Содан бері үш жарым ай өтсе де, бекіре балығының неге жойылып кеткені анықталған жоқ. Айыптылар да табылмады.
Дүйсенбі күні еріктілер Жайық өзені жағасынан тағы да 4,3 тонна өлі балық жинады. Жаппай қырылған балықтардың өлексесін жинау жұмыстары әлі де жалғасады. Өлі балықтың бір бөлігі желтоқсан айында жиналған. Өзен беті қатып қалғандықтан қалған бөлігін жинау мүмкін болмаған еді. Ал күн жылынып, мұз ери бастағалы өлі балықтар жағаға шыға бастады. Өзен жағасындағы балықтарды көзбен көрген жергілікті тұрғындар мұны әлеуметтік желілерге жарыса жариялаған. Ал бейнежазбаларды көрген көпшілік «Жайықта тағы да балық қырылып жатыр» деп дабыл қақты. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «Бұл – желтоқсан айында қырылған балықтар. Сол кезде уланған балықтар қазір су бетіне қалқып шықты. Қазір балық қырылып жатқан жоқ», – деп мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нариман Жүнісовтің айтуынша, балықтар тек Жайық өзенінде ғана қырылмаған. Өңірде балық жаппай қырылған негізгі нүктелердің алғашқысы – Перетаска каналы. Бұл жерден 1,3 тонна балық өлексесі табылып, шығын көлемі 1,25 млн теңгені құрады. Жайық өзенінде 8,65 тонна балық өлексесі шығып, 8,5 млн теңге шығын болды. Жайық-Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытында 1,8 тонна бағалы балық қырылып, шығын көлемі 424,8 млн теңгені құраған. Ал бағалы бекіре тұқымдас балықтарынан айырылған жекеменшік «Луговской» жылқы зауытындағы шығын көлемі әлі нақтыланған жоқ. Зауыт 101 тонна бекіресінен айырылып отыр. Мұндағы шығын анықталғанымен, оны мемлекет өтемейді. Бар шығынды қызыл балықтың қырылуына кінәлі мекеме өз мойнына алады. Ал кінәлілер тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана белгілі болмақ.
Тексеру жұмыстары қашан аяқталады?
Қазір бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, «Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу» (336-бап) және «Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу» (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Осы оқиғаға қатысты 4 бірдей кәсіпорын тексерілді. Оның біріне ағынды судағы ластаушы заттардың артық болуына байланысты айыппұл салынған. Қазір су сапасы қатаң қадағалауда. Дегенмен, депутаттар тергеудің ұзаққа созылып кеткеніне алаңдаулы. Тіпті, халық қалаулылары өзен суы дұрыс тексерілмегеніне де сенімді. Сондықтан, олар бұл іске Бас прокуратураның өзі араласып, тергеу жұмыстарын бақылауға алуды сұрауда. «Құзырлы органдар әлі күнге дейін ресми қорытынды ұсынған жоқ, тергеудің неге сонша ұзаққа созылғаны да белгісіз. Егер ресми ақпарат болса, ел ішінде түрлі қауесет тарамас еді. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Жайықтағы балықтың қырылуына нақты не себеп болғанын анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын Бас прокурордың жеке бақылауына алуын сұраймыз. Өйткені осы оқиғаның салдарынан балық популяциясына орны толмас залал мен материалдық шығын келді», – деді Мәжіліс депутаты Артур Платонов. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі балықтардың жаппай қырылу себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатқанын айтқан болатын. Сапархан Омаров кінәлілер комиссия жұмысының нәтижелері бойынша анықталатынын да атап өткен еді. «Комиссияның Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысы жоқ. Балықтардың қырылуына не себеп болғанын комиссия айтады, біз сіздерге жеткіземіз», – деді министр. Министрдің бұл сөзінен кейін «жауапкершіліктен басын алып қашқанын білдірмей ме?» деген ойдың туындайтыны да жасырын емес. Қалай десек те, бұл жағдай қарапайым халықты қатты алаңдатып отыр. Тіпті, балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Мемлекет басшысының, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері және Денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдаған болатын. Онда тұрғындар экологиялық апаттың алдын-алу үшін жағдайды анықтауды, биліктен әділ тексеріс жасауды, балықтардың қырылуына айыптыларды жазалауды сұрайды, ауыз су мен су құбыры суының зертханалық зерттеу нәтижесін көрсетіп, Орал мен оның ағысындағы су жағдайына тұрақты мониторинг жасауды талап етеді. Ал өткен апта соңында Атырауға арнайы барған ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтуда. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Жайық өзенінде адамдардың ағзасына әсер тигізетін ешқандай заттар анықталған жоқ деп мәлімдеді. «Өзендегі судың сынамасын аптасына екі рет Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Экология департаменті және «Қазгидромет»РМК алады. Су көрсеткіштері қалыпты және тұрғындар мен өзен фаунасы үшін қауіп төндірмейді» делінген ресми хабарламаларда. Бірақ өзен жағасында шашылып жатқан өлі балықтарды көзімен көрген тұрғындар бұл жауаптарға қанағаттанып отырған жоқ. Атырау облысының әкімдігі де «алаңдауға еш себеп жоқ» дегеннен әрі аспады. Тек әкімдіктегілер Жайықтағы балықтың жаппай қырылуы жалпы балық қорының азаюына себеп болмайтынын айтты. Себебі өлген балықтың негізгі бөлігі қолдан өсіріліп келген балықтар екен. Жайықтағы ихтиофауна мониторингі көрсеткендей, өткен жылы өзенде 21 мың тоннадан астам балық қоры бары анықталған. Өлген балықтар жалпы қордың 0,04 пайызын құрайтын көрінеді. Алғашқы болжам бойынша, балықтардың жаппай қырылуына судағы аммиак себеп болған. Балықтарды патологоанатомиялық сою кезінде осындай қорытынды жасалған. Сондай-ақ Атырау облысының экология департаменті 2018 жылғы 3 желтоқсанда Жайық өзеніндегі судың сынамасын тексерген еді. Тексеру қорытындысы бойынша, хлорид мөлшері рұқсат етілген шамадан 1,5-2 есе артық екені белгілі болды. Десек те, балықтың неліктен қырылғаны тергеу амалдары толық аяқталғаннан кейін ғана нақты белгілі болады. Әуелде балықтардың қырылу себептері желтоқсан айының соңында айтылуы тиіс еді. Одан бері үш ай өтті. Бірақ себеп те айтылмады, кінәлілер де аталмады. Есесіне сарапшылар зерттеу жұмыстарын наурыз айының соңында немесе сәуір айының басында аяқтауы мүмкін екенін жеткізді. Бұлай уақыт созыла беретін болса, қырылған балықтардың жайы да киіктердің жағдайына ұқсап кететін түрі бар. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың кең даласындағы сұлу жануардың жаппай қырылу себебін анықтау үшін мамандарға ұзақ уақыт қажет болғаны есімізде. Тіпті, отандық мамандардың күші жетпегесін, киіктердің қырылу себебін анықтау үшін шетелден ғалымдарды алдыртқанын да ұмыта қоймадық. Оның үстіне, Сот сараптамасы институтының зерттеу мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс жасағаны күдікті одан әрі арттыра түсті. Ал әзірге балықтың неден қырылғаны да, бұл жағдайға кімнің айыпты екендігі де беймәлім күйде қалып отыр. Бұл мәселе Үкіметтің тікелей қадағалауында болғанымен, тексеру жұмыстарының жуық арада аяқталар түрі байқалмайды. Ал тұрғындарға әліптің артын баққаннан өзге амал жоқ.