345
ПАРИЖДІҢ КӨКТЕМІН КӨРЕЙІК
ПАРИЖДІҢ КӨКТЕМІН КӨРЕЙІК
Қазақстан мен Франция арасындағы байланыс тәуелсіздік алған жылдардан бері үзілген емес. Екі елдің алыс-беріс пен барыс-келісі жыл өткен сайын артып келеді.
Франция әлемдегі ең көп турист қабылдайтын елдердің көшін бастайтыны мәлім. Өткен 2018 жылдың өзінде 90 миллион шетелдік азамат сән мен салтанаттың отаны саналатын Францияға сапарлаған. Жуырда Алматы қаласындағы Францияның Бас Консулдығы мен Француз Альянсы қазақстандықтарды Париж қаласына алып бармақ. Ол үшін 26 наурыз мен 2 сәуірі аралығында «Франция Мәдениеті» атты викторинаға қатысу керек. 5 күнге созылатын сапардың барлық шығынын демеушілер көтереді.
Алматыдағы Францияның Бас консулы Алексис Шахтахтинский: «Біздің байқау – бұл Алматыдағы Француз Альянсы базасында өткізілетін көптеген іс-шаралардың бірі, қазақстандықтардың француз халқының мәдениетін зерттеуге деген қызығушылығын дамыту мен тереңдетуді ынталандыруға арналған», – деді БАҚ өкілдеріне арналған брифингте. Байқауға қатысушыларға француз тілін оқыту курстары, француз бижутериясы сынды тағы басқа сыйлықтар қарастырылған. Байқау жеңімпаздары сауалнамаға барынша дұрыс жауап берген қатысушылар арасында анықталады. Қорытынды 2019 жылдың 6 сәуірінде Алматыдағы Француз Альянсының @afalmaty instagram-парақшасындағы тікелей эфирде жарияланады.
«Франция мәдениеті» байқауын ұйымдастырып жатқанымызға қуаныштымыз, мұндай мәдени шаралар біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті Алматыдағы Француз Альянсының президенті Зульфи Жаркешева. Аталға ұйым 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Француз тілі курстарын ұйымдастырып және франкофон кітапханасын қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарған.