263
«Нұр-Сұлтан» жаңа брендке айналады
«Нұр-Сұлтан» жаңа брендке айналады
Nur Otan партиясының орталық аппаратында белсенді жастар бас қосты. Басқосуда жастар елорда атауының өзгеруі туралы ойларын ортаға салып, тарихи сәтті қуанышпен қабылдағандарын тілге тиек етті.
Шарада алғашқы болып сөз алған Nur Otan партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының мүшесі Бақтияр Мәкен: «Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 19 наурызындағы халыққа жолдаған үндеуін бәріміз де тыңдадық. Елбасының кез келген шешімінің еліміздің дамуына септігін тигізетініне сенемін және саяси маңызы бар шешім деп есептеймін. Ұлт Көшбасшысы бұл қадамға қаншама уақыт терең ойлана барғандығы аян. Бәсекеге қабілетті ел болуда Елбасының үлесі ерек. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің негізін қалаған, оның қайта жандануына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде санамызда мәңгі қалады. Ол есімі алтын әріппен тарихқа жазылуға лайықты тұлға», – деп атап өтті.
Жиын барысында жастар ұйымдарының көшбасшылары елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгертілуіне қатысты өз пікірлерін білдірді. ҚР Халықаралық «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова Елбасының еш қиындыққа қарамастан, 26 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасын ашып, 13 мың қазақстандық жастарға шет мемлекетте білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол болашақтықтардың астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертілуін қолдайтынын жеткізді.
Қазақстан студенттері Альянсының Президенті Ільяс Түстікбаев: «Біз Елбасының салған даңғыл жолымен келеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде айтқандай, жастарға үлкен сенім артты. Сондықтан біз, студент жастар, бұл жолды әрі қарай жалғастырамыз. Елімізді дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Қазір Астананың атауын өзгерту туралы халық көп пікір білдіруде, соған қарамастан, біз Нұр-Сұлтан атауы да болашақта жаңа бренд болып қалыптасатындығына сенімдіміз», – деп, барша қазақстандық жастар мен елордалықтарды тарихтың жаңа парағының ашылуымен құттықтады.
Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов жастардың жылы лебіздерін естіген соң, Елбасының жастарға үнемі ерекше мән беріп, сенім артып жүретіндігінің еш кетпегендігіне қуанды. «Елбасының еңбегі туралы көп ой айтылуда. Әсіресе, Астана қаласының қалануында оның үлесі айрықша болды. Елорданың Нұр-Сұлтан атауына ие болуы – елдің әрі қарай Елбасының салған жолымен жүретіндігінің айғағы. Адамзат баласы, әрине, жаңалыққа тез үйрене бермейді. Бұл әрекет саяси тұрғыда терең талданып жасалған ойдың сәтті нәтижесі. Бүгінгі отырыста тарихи маңызды іс жасаудамыз. Өз болашағымызға таңдау жасаймыз», – деді.
Сондай-ақ, жастар Н.Ә. Назарбаев Президенттік өкілеттілігін тоқтатқанмен, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде өз қызметін, еліміздің дамуына одан әрі өз үлесін қосуын жалғастыра беретініне сенім артты. Ойлары бір арнада тоғысқан жастар ұйымдарының жетекшілері мен жас көшбасшылар отырыс соңында қазақстандық жастарға үндеу жасап, жас қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған стратегиялық бағытқа қолдау көрсетуде бірлік, татулық пен келісім танытуға шақырды.