ҚАЗАҚ  ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

ҚАЗАҚ  ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

ҚАЗАҚ  ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
2306
Қандай заман болмасын маңайына шуақ сыйлайтын жандардың қатары сиремеген. Қайырымдылықты ғылыми тұрғыда зерттеушілер интеллектуалдық һәм этикалық деп екіге бөледі. Этикалық түрі – ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдікпен сипатталса, интеллектуалдық қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі, сезімталдық жатады. Ислам ғұламалары болса оны зекетпен тығыз байланыстырады. Батыс зерттеушілері «қайырымдылық жарысы» әлеуметтік жобасын ұйымдастырып, онда Қазақстан 96-орынға орналасқан. Әлеуметтанушы мамандар жүргізген зерттеу нысаны ретінде 146 ел таңдап алынған.  Нақты деректерге сүйенсек, жалпы 150 мыңнан астам адам әлеуметтанушылар ұсынған сауалнамаға жауап берген. Зерттеу қорытындысы бойынша, әрбір бесінші адам өмірінде бір рет болса да қайырымдылық жасап, еріктілер қатарында болған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі өздері танымайтын жандарға қол ұшын беруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ олардың 30 пайызы қайырымдылық ретінде коммерциялық емес ұйымдарға ақша аударған. Негізінен әлемде жақсылық жасаушылардың көбі ер адамдар екен. Соңғы жылдары еріктілердің қатарында әйелдердің де саны артқан. Оған себеп мамандар қайырымдылықтың пайдасын жиі зерттеп, ел арасында насихатын күшейткені болса керек. Солардың бірі белгілі әлеуметтанушы Дейв Адамс. Ол қайырымдылыққа ерікті болуға итермелейтін себептердің тізімін жасаған. «Игі істер денсаулыққа оң әсер етіп, адам өмірін ұзартады. Сондай-ақ жеке тұлға ретінде дамуға көмектеседі» дейді зерттеуші. Қайырымдылық жасаудан көш басында Индонезия, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ және Ирландия тұр. Ауғанстан, Морокко және Йемен елдерінде керісінше. Ал Қазақстан халқының 28 пайызы қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырған.

МЕЦЕНАТ – «КІМ» ЖӘНЕ «НЕ»?

Қайырымдылық ұғымының аясында «меценат» атауы пайда болды. Ғылым тілінде меценат білім мен өнердің дамуына материалдық көмек көрсеткен тұлға делінсе, тарихы сонау Рим империясындағы мемлекеттік қызметкер Гай Цильный Меценаттан бастау алады. Меценат Рим империясының негізін салушы Актавиан Август заманында өмір сүріп қана қоймай, онымен жақын дос болды. Сенімді адамы ретінде араласты. Осы қарым-қатынас түрткі болса керек, алғашында заңды түрде мемлекеттік қызметкер болмаса да, Рим империясының сәулет құрылысына, мәдениетіне, әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның есімі ең үлкен мемлекеттік саясатты орнатқан тұлға ретінде қалыптасты. Императордың қолдауымен Римнің дамуына жұмсалатын қаражаттың басым бөлігін мәдениетті қолдауға жұмсады. Мәдениет министрі болып тұрған шақта инвестиция тарту арқылы мәдениеттегі саяси тапсырманың шешімін тапты, осылайша Рим империясы мен билігінің бағытын бекітті, әлеуетін нығайтты. Осыдан кейін меценат ұғымы – қоғамның рухани кемелдігі мен тереңдігін қалыптастыруда мәдениет дамуына үлес қосқан тұлғаларға телініп келеді. Тарихта меценаттар көп болған. Солардың көшін бастап тұрған Медичи жанұясы. XIII-XVIII ғасыр аралығында Флоренцияны басқарған Медичилер әлемде теңдессіз деп бағаланған сәулет туындыларының құрылысына демеушілік жасап отырған. Әлемге әйгілі болған меценаттар қатарында Ротшильдтер есімі де алғашқылардың бірі болып аталады. Еуропалық банкирлер әулеті XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап мәдениетті дамытуға қаржы құя бастады.

 ҚАЗАҚҚА КІМ ҮЛГІ?

 Қазақ даласындағы меценаттық үлгіні Маманқұттың ұрпақтары көрсетті. Жетісу өңіріндегі Маманұлы Тұрысбек қажы жиған-тергенін білім жолында жұмсап, Құдайберген, Тәңірберген деген балалары мен інісі Есенқұлды Семей, Омбы, Уфа қалаларында оқытады. Тұрысбектің өзі 18 жыл болыс болған, 2 рет қажылық сапарымен Меккеге барған. Әке өнегесін жалғаған Құдайберген, Тәңірберген, аға жолын ұстанған Сейітбаттал, Есенқұл қажылар Қарағашта жаңа заманға сай «Мамания» мектебін салдырады. Мектеп Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісінде салынып, Маман атына «ия» жалғанған. Есенқұл бастаған кісілер Уфаға арнайы барып, медресенің құрылу үлгісін, оқытылатын пәндер мен ұстаздар біліктілігінен хабар алып келген деген деректер бар.  Архивте сақталған Мамания мектебі туралы құжаттарда «Мектеп 1909 жылы ризашылықпен ашылып, жұмыс істеп, төрт кластық болды. 1912 жылы арнайы ашылуға рұқсат берілді. Мектеп тоғыз кластық болып ашылды. 1911 жылдың күзінен бастап мектепті Ғабдолғазиз Мұсағалиев басқарды. Жылына төрт мың ақшаны Құдайберген Тұрысбеков бөліп беріп отырды», – деп жазылған. Тұрысбек қажының балалары мен інілері оқытушылар мен оқушыларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, 60 баланы толықтай ас-сумен азықтандырып отырған. Онан бөлек кітап, жазу дәптерлері, қарындаш секілді оқу құралдарының бәрі тегін үлестірілген. Кейіннен «Мамания» мектебінің жанынан қыз балаларға арналған оқу орны ашылып, 30 қызға білім берген. Маман ұрпақтарының ішінде Есенқұл аты ерекше аталады. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 28 ақпанында қазақ романына 2 мың сом бәйге жариялайды. 1914 жылы «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Роман бәйгесіне Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басқа тағы алты елге танымал атақтылардың жазған романдары сараптап алынады. 1914 жылы Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров жеңімпаз атанған. 1915 жылы «Айқап» журналының алқасы: «Есенқұл Мамановтың романға бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен қатар дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына қарай қауғасы деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді», – деп жазады.  width=

ЕЛ ІШІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ТҰЛҒАЛАР

Маман ұрпақтарынан кейін де қазақ үшін айтулы істер атқарған кәсіпкерлер аз емес. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржыларын сарп етіп жүрген Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспановтар осы күнгі меценаттар көшін бастайды. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттық ғимараттар салдырып, халықты салауатты өмір салтын сақтауға шақырса, меценат Бауыржан Оспанов жыл сайын балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып «Дарабоз» жүлдесін тағайындап келеді. 2007 жылдан бері үздіксіз өткізілетін «Алтын жүрек» жыл сайынғы қоғамдық сыйлығы да талай меценатты қазаққа танытты. Сол жылы «жыл меценаты» атанған Ұзақбай Айтжанов еліміздің бірқатар өңірінде медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді тегін үлестірген. Балалар үйі мен соғыс және еңбек ардагерлеріне, Сырдария су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсеткен. Өнер саласына да жанашырлық танытып талантты суретші Алпысбай Қазығұловқа шеберхана ретінде пәтер сыйлады. Халық әртісі Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов сынды өнер тарландарының кештеріне демеушілік көрсетті. Арал вагон жөндеу зауытының іске қосылуына мүмкіндік берді. «Еуразия» кинофестивалінің бас демеушісі болды. Сол кезеңде осы қайырымдылықты естіген ел қандай керемет деп таңданған-ды. Әр жылдары Ізтұрған Ұзақбайұлы, Қайрат Шерәліұлы, Әбдуқаһар Хашимұлы, Борис Нұрдәулетұлы, Есімхан Жаңабаев сынды біршама меценаттар жұмысы көпшілікке таныстырылып, ел арасында еленді, ықыласқа бөленді, «жыл меценаты» деген атаққа кенелді. Жыл сайынғы «Алтын жүрек» байқауында 10-нан астам номинация бар. Оның әрқайсысы қайырымдылық танытқан түрлі саладағы «алтын жүректі»  азаматтарды анықтайды. Сол арқылы біршама азаматты жақсылыққа баулыды. Баулыды дейтініміз ұлы ойшыл әл-Фараби өз еңбектерінде: «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырылымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», – деп жазған. Демек көзбен көріп, құлақпен есту арқылы қайырымды жандардың қатары көбейеді. Сондықтан болар қоғамда қайырымдылықтың жиі насихатталғанын, көрініс бергенін құптайтындар көп. Күн сайын әлеуметтік желілерде қайырымдылық челендждері ұйымдастырылып, желі қолданушыларының разылығына бөленіп жатады. Жуырда мейірім шапағатын шашып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен азаматтар бақ сынаған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. «Асар» аталымында қарағандылық Сымбат Елікбаева жеңімпаз деп танылды. Ол балаларға ұлттық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. «Туған жер» номинациясын Атырау облысының тумасы Арман Хайруллин иеленді. Бұл жігіт туған қаласында 10 мың көшет отырғызған. Байқаудан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ол: «Еңбегімнің осылай еленіп отырғаны алғаш рет. Бұл менің істеріме әрі қарай жігер береді. Туған жердің тазалығы, өмірдің сапасы, қазақ тілінің шарықтауы – мен үшін үлкен мәселе және өмірлік ұстанымым» деген-ді. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен, 400 адамға күн сайын түскі ас таратып жүрген алматылық Расима Темербаева «Мейірім жолында» номинациясын иеленсе, солтүстікқазақстандық журналист Александра Кондратова тағдырдың тәлкегіне ұшыраған азаматтар үшін көмек сұрап, мақалалар жазған. Әріптесіміз «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша марапатталды. Ақмолалық 10 жастағы Ұлдана Совет жалын жалмаған үйден інісі мен қос сіңлісін аман алып шыққаны үшін «Батыл жүрек» атанды.

ЖАҚСЫЛЫҚҚА – ЖАҚСЫЛЫҚ

Асыл дініміз Исламда да қайырымдылық жайлы аз айтылмаған. Сәбә сүресінің 39-аятында: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» десе, Әли (р.а): «Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені, құр алақан қайтару одан да аз» деп риуаят етті. Мұсылмандарға 40 іс парыз етілсе, соның исламдағы бесеуінің орны ерекше. Исламтанушылардың айтуынша осы күнгі меценаттық, кедей кепшік пен міскінге көмек етудің түп төркіні зекет амалдарында жатыр. Зекет сөзі араб тілінде тазалық, өсіп-өну деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта зекет шығаратын мөлшердегі мал-мүлік иесінің өзінің дүниесінен Алла тағала белгілеген зекетін иелігінен шығарып, кедейге тапсыруы деп түсіндіріледі. Қазақ арасында да бұл қасиет жиі насихатталған. Жақсылыққа баулитын түрлі мақал-мәтел мен қанатты сөздер соның айғағы. «Қайырымдылық – ісіңнен көрінеді» деген тәмсіл бар. Астарына бойласақ қайырымды болып көрініп қоймай, шын мәнісінде, іс жүзінде жақсылық жасауға итермелейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық акциялары жүзеге асуы тиіс деген-тін. Сол кезеңнен бері «25 ізгі іс», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Қоржын», «Жүректен жүрекке», «Анаң – сенің жұмағың» сынды түрлі үлкенді-кішілі жобалар қолға алынды. Солардың жалғасы іспетті «Харекет», «Ихляс» сындық қайырымдылық қорлары жұмыс істеп жатыр. 2016 жылы құрылған «Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясы арқылы 80-нен астам отбасыға қуаныш сыйлап, баспаналы болуға себеп болды. «Ихляс» қоры да өткен жылы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 1500 балаға «Мектепке жол» акциясының аясында көмек көрсеткен еді. Ел арасында «қайырымды адам» атанып кеткен меценат Қайрат Құдайберген жуырда «Бақытты отбасы» челенджін бастады. Тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен кәсіпкер игі іс жалғасын табатынын жеткізді. «Мен бұл челленджді әрмен қарай өзімнің кәсіпкер әріптестерім Арманжан Байтасовқа, Серік Түлкібасовқа, Гүлмира Толғанбаеваға, Дулат Тастекеевке және Алмас Әбдіғаппаровқа жолдаймын. Сіздерді де көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем беруге шақырамын», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген. PS: Қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген. Осы ретте қайырымдылықты сырттан іздемей өзімізден бастаған жөн іспетті...

Серіктес жаңалықтары