329
АЛЖИР ПРЕЗИДЕНТІ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ
АЛЖИР ПРЕЗИДЕНТІ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ
Елді 20 жыл басқарып келген Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика отставкаға кетті. Бұл туралы елдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Алжир конституциясына сәйкес, Бутефлика қызметінен кеткеннен кейін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах мемлекетті уақытша басқарады. Заң бойынша, 90 күннің ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы тиіс.
Биыл ақпанда 82 жастағы Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.
Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «Президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді», –дейтіндер де бар.