2057
КҮНІНЕ 1200 КИІМ ТІГЕТІН ТІГІНШІ... РОБОТ ПА, АДАМ БА?
КҮНІНЕ 1200 КИІМ ТІГЕТІН ТІГІНШІ... РОБОТ ПА, АДАМ БА?
5 секундта бір шалбар, ал бір аптада 12 мың киім тігу. Мүмкін емес деп ойлайсыз ба? Мүмкін. Бұл – Болгариядағы еңбек өнімділігіне қойылған қатаң талап.Соңғы жылдары Таяу Шығыс елдері және Қытаймен дәстүрлі түрде жұмыс істеп келген бірқатар еуропалық концерндер, әйгілі халықаралық брендтер киімдерін Болгарияда тіктіруге көшкен. Бірінші себеп – еңбек құнының арзан шығуы. Екінші себеп – болгарлық өндіріс орындары киімнің күрделі модельдерін тігу үшін барлық мүмкіндікке ие. Үшіншісі – тігілген дайын тауарды Еуропаға жеткізу қолайлы, көп шығынды қажет етпейді. Мысалы, Болгариядағы «Pirin-Tex» тігін цехы Hugo Boss брендінің киімдерін тігумен айналысады. Онда 1800 адам жұмыс істейді. Жұмысшыларының айтуынша, цех қойған талапты тек 11 тігінші ғана орындайды. Ал қалғаны бекітілген жоспардың тек 60 пайызын орындауға қауқарлы. Яғни, бір тігінші аптасына 7200 киім тігеді. Десе де, жұмыс беруші мұның өзін азсынады. Тәжірибелі тігінші орташа есеппен айына 320-360 еуро (136-153 мың теңге) алады. Егер Болгариядағы тігіншілер аптасына 6 күн жұмыс істейді деп есептесек, олар күніне 1200 киім тігеді. Жоғары еңбек өнімділігіне келер болсақ, болгарлар адам емес робот па дейсіз?! Болгарияда белең алған басты түйткілдің бірі осы. Татымды еңбегіне мардымсыз ақша алған болгарлықтардың көбі туған жерін тастап, Ұлыбритания мен Францияға көшуде. Жалпы, Болгария Еуропалық Одақтағы жалақысы ең төмен ел болып саналады. Осы жылдың қаңтарында ондағы ең төменгі жалақы 261-ден 286 еуроға (121 836 теңгеге) дейін өскен. Бірақ бұл көрсеткіш ең төмен жалақысы 440 еуро (187 440 теңге) болатын Румыниямен салыстырғанда әлдеқайда аз. Ал Франциядағы ең төменгі жалақы – 1500 еуро (639 000 теңге). Әрине, жалақысына қарай ол елдердегі азық-түлік, бензин және т.с.с. бағасының қымбат екені белгілі. Мысалы, Болгарияда қыс мезгілінде үйді жылыту құны 600 еуроға тең. Сонда тігін фабрикасында жұмыс істейтін адамдардың екі айлық жалақысы тек жылуға жұмсалады. Ал зейнетке әйелдер 63 жаста, ерлер 65 жаста бір-ақ шығады. Бұрындары қытай тігіншілері арзанқол жұмыс көзі болса, 2016 жылғы дерек бойынша олардың еңбекақысы 700 долларға (266 000 теңге) дейін өскен. Ал сапалы киім тігетін тігіншілердің жалақысы, тіпті, 1500 долларға дейін барады. Қытайлар күніне 14-15 сағаттан жұмыс істейді. Бұл – әлемдік брендтегі киім тігетін болгарлықтардың жалақысынан бес есе көп көрсеткіш. Сондай-ақ, Қытайда зейнетке ерлер 60 жаста, ал әйелдер 55 жаста шығады. Қара жұмыспен айналысатын әйелдер зейнетке 50 жасында да шығуына болады. Бұл жағы да заңмен қарастырылған. Негізінен, Қытай жастарынан гөрі қарттары көп ел. Қазір Қытайда 60 жастан асқан адамдардың саны 250 миллионнан сәл көп, 2020 жылы олардың саны 255 миллионға, ал 2035 жылы 400 миллионға жетеді деген болжамдар бар. Десе де, Қытай зейнет жасын ұлғайтқан емес. Енді Қазақстандағы тігін өндірісіне келсек. 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Казлегпром-Алматы» фабрикасы – киім және аяқ киім өндірумен айналысатын бірден-бір ірі кәсіпорын. Фабрика тігін өндірісінің ең озық технологияларымен қамтамасыз етілген. Ол Германия, Жапония, АҚШ сынды әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары технологиялық жабдығымен жабдықталған. Өндірістік қуаты жылына 1,5 миллион түрлі киім мен 500 мың жұп аяқ киім шығаруға мүмкіндік береді. Қызметкерлер саны – 400 адам. Егер бір жылда 313 жұмыс күні (6 күндік жұмыс кестесімен) бар деп есептесек, сонда «Казлегпром-Алматы» фабрикасының жалпы ұжымы күніне 4800-ге жуық киім өндіреді. Ал оны 400 тігіншіге бөлсек, әр тігінші күніне 12 киім ғана тігетін болып шығады. Болгарлықтардан тұп-тура 100 есе аз. Аталмыш өндіріс орны алпауыт мемлекеттердің соңғы технологияларымен жабдықталса да, қазақтардың еңбек өнімділігі өте төмен. Неге? Қазақстандағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші туралы газетіміздің 2018 жылғы 22 қарашада шыққан №48 санында «Еңбек өнімділігі: Қазақстан кестеде жоқ» атты мақалада жазған болатынбыз. Ал 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстандағы тігіншілердің жалақысы 30 пайызға артып, орта есеппен 200 мың теңге болды. Халықта еңбекке деген құштарлық жоқ па, әлде жалқаулық басым ба? Елдің экономикалық ахуалына бұл да кері әсерін тигезетіні сөзсіз. Экономикасының бір бөлігі мата мен тігін өндірісіне негізделген Үндістан мен Бангладеш тігіншілері де күніне 16-19 сағаттан жұмыс істейді. Бір ғана жеңіл өнеркәсіп түрі арқылы тоқыма өнімдерін өндіріп, оның 80 пайызын Еуропа мен АҚШ-қа экспорттайды. Біз қашан табиғатқа сүйенген байлықты емес, адамның еңбегіне сүйенген тауарды эскпорттаудан алдыңғы орынға шығамыз?..
Аяулым САЛЫҚЖАНОВА