551
Ауырып ем іздегенше....
Ауырып ем іздегенше....
Жер бетіндегі ең бағалы құндылық адам һәм оның саулығы. Осыдан болса керек «медицина» деген сала пайда болып, ғылым ретінде қалыптасты.
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын денсаулық саласындағы көкейтесті мәселелерге аудару. ДДСҰ биыл медициналық көмектің негізгі түрлерінің қолжетімділігіне тағы бір рет тоқталуды көздеп отыр. Себебі, ұлт саулығын сақтауға қарапайым тексерулердің өзі жеткілікті.
Жуырда Президент Қ. Тоқаев твиттердегі парақшасында: «Бүгін Дүниежүзілік денсаулық күні. Биыл бұл күн халықты жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамту тақырыбына арналып отыр. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына республикалық бюджеттен 1трлн 180 млрд теңге бөлінген. Көп шара атқарылып жатыр, оның ішінде, ТМККК аясындағы жұмыстар да бар. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Әлі күнге дейін аймақтарда қарапайым медициналық қызмет алуда қиыншылықтар бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда», – деп жазды.Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда негізгі деген аурулардан 19,3 мың адам көз жұмған. Оның 7,5 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті жастағылар. Халқының саны 18 миллионнан аспайтын еліміз жыл сайын «тепсе темір үзетін» 7,5 мың тұрғынынан айырылады. Мамандардың пікірінше, бұған өлім-жітімнің басты себепкері делінетін негізгі 5 аурудың ықпалы мол. Мысалы, өткен жылы:
- жүрек-қан тамыры ауруларынан – 9,7 мың адам;
- ас қорыту жүйесі ауруларынан – 2,8 мың адам;
- түрлі оқыс оқиғалар, улану мен жарақат салдарынан – 2,7 мың адам;
- онкологиялық сырқаттардан – 2 мың адам;
- тыныс жолдары ауруларынан – 1,9 мың адам көз жұмған.