БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК
ашық дереккөзі
592
Расул Жұмалы, саясаттанушы: Шын мәнісінде көпшілікке тосын жаңалық, күтпеген жағдайлар орын алды. Бірақ бұл халықтық биліктің осы бағыттағы алғашқы қадамы ғана. Және ол өздігінен қалыптасып кетпейді, біріншіден уақыттың еншісінде. Екіншіден халықтың өзі де берілген тарихи мүмкіндікті қалай пайдалана алады? Мәселе осында. Тағы бір жақсылықтың нышаны 9 маусымда кезектен тыс өтетін сайлау. Президент Қ.Тоқаев заң бойынша 2020 жылға дейін күтіп отыруға мұрсаты бар еді. Бірақ қалай болғанда да бізде президент тағайындалмайды. Толыққанды басшы болу үшін сайлаудан өту керек, халықтың сеніміне ие болу керек. Сондықтан осы мәселені кешеуілдетпей тиісті түрде заңдастыру ертерек қолға алынғаны меніңше, дұрыс қадам. Ең басты мәселе сайлаудың қаншалықты әділ, демократиялық түрде өтуінде жатыр. «Жақсылыққа жору керек» деп қайта-қайта айтып жатқаным бұл халқымызға беріліп отырған мүмкіндік. Меніңше оны дұрыс, сауатты пайдаланып қалу керек. Ал қоғамда айтылып, әлеуметтік желілерде талқыға түсіп жатқан сайлауға деген сенімсіздікті қабылдай алмаймын. Егер «барлығы баяғыша қалады, ештеңе өзгермейді, өз адамдарын сайлап алады» деп отыра берсек расында да ешнәрсе өзгермейді. Халық мұндай түсініктен арылғаны жөн. Есесіне талабын білдіріп, белсенділік танытатын болса, бәлкім дегеніне жетер. Әрине, көптеген кедергілер мен шектеулер бар. Оның ішінде сайлаудың өзіне қатысты әкімшілік ресурсты пайдалану, заңдық тұрғыдан 5 жыл мемлекеттік қызметте болу, 15 жыл Қазақстанда өмір сүру керек. Онан өзге үміткерлер жеке басын ұсына алмайды, тек қана қоғамдық ұйымдар немесе партиялардан ғана ұсынылуы шектейді. Соған қарамай мүмкіндікті пайдаланбақ керек. Сайлаудың өзіне келетін болсақ, қоғамдық ұйымдар мен партиялар тиісті рәсімдерін өткізеді ғой. Менің ойымша, биліктің тарапынан жалғыз ғана үміткер болады. Өйткені 2 немесе 3 адам қатысса ішкі кикілжің барын аңғартуы мүмкін. Болжамым бойынша бұл сайлауға Қ.Тоқаев қатысатынына 99 пайыз сенімдімін. Бұл додада оның ұпайы өзге қарсыластарынан едәуір жоғары болуы керек. Өйткені ол кісіге Елбасы сенім білдірді, оң бағасын берді. Екіншіден; мемлекеттің бүкіл әлеуеті (ұйымдастырушылық, қаржылық, әкімшілік, ақпараттық тағысын тағы) сол кісіге жұмыс істейді. Үшінші жағынан; Қ.Тоқаевтың өзі де басқа қатысушылардың арасында оң көзқарасқа ие, мемлекеттің іші-сыртында бірталай тәжірибе жинаған, үлкен мансаптарда болған әккі саясаткер. Соңғы 20-25 жылды Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі бірде-бір жанжалда, дау-дамайда аталмаған. Бұл саяси сахнада сирек кездесетін жағдай. Қысқаша айтқанда абыройы зор. Қазіргі президенттің осындай артықшылықтары бар. Енді бәсекелестері кім болады? Бұл да маңызды. Сайлау болғасын бірнеше үміткер қарсыласады. Бірақ осы жолы халық жадында қалған қуыршақ үміткерлер болмауы өте маңызды. Себебі қазақ қоғамының сайлауға деген сенімі өте төмен. Сол үшін жоғарыда айтып өткен қоғамдық белсенділік қажет. Екіншіден меніңше қазіргі билік басындағы азаматтар да бұл сайлаудың мейлінше демократиялық сипатта өтуіне атсалысады. Себебі халықаралық қауымдастық алдындағы демократияға, әділ сайлауға қатысты міндеттемелер бар. Қ.Тоқаев та  мәлімдемесінде бұл сайлаудың әділ өтуіне кепілдеме берем деді. Сайлаудың бірден-бір мақсаты – халықтың сеніміне ие болу. Ал енді халық жасанды сайлауды көретін болса, онда көңілі қалады. Бұл билікке де керек емес. Тиісінше алдымыздағы сайлау бұған дейінгі сайлаулардың баламасы болмайды деп үміттенемін.

Серіктес жаңалықтары