404
ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ – БАСТЫ МІНДЕТ
ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Nur Otan партиясы:
Халықтың мәселесін шешу – басты міндетіміз
Бүгінде елімізде Елбасының Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басымдықтар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін оң шешуді көздеген «Халыққа көмек» жобасы да бар. Осыған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысына арнайы келіп, партия Төрағасы анықтап берген жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысты
Аталған жоба аясында еліміз бойынша 2400-ден астам өтініш түсіп, оның 40 пайызы оң шешімін тапты. Қалған арыз-тілектер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашылған Бірыңғай әлеуметтік терезеге бір айдың ішінде көп балалы отбасылардан 431 өтініш келіп түсіп, оның жартысына жуығы (43 пайызы) дереу шешімін тапқан.
Сондай шешімдердің бірі Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен орын алды. Нақты айтқанда, қызының оқу ақысы үшін көмек сұрай келген көпбалалы ана Үмітжан Қобыловаға қажетті сомада қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, оның пәтер жалдап тұратыны ескеріліп, баспана мәселесі де қаралып, облыс басшылығы тарапынан заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.
«Халыққа көмек» тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жоба. Сондықтан азаматтардың өтініштерін аяқсыз қалдырмай, белсенді жұмыс істеуіміз керек. Өйткені халықты алаңдатқан мәселелерді оң шешіп, дереу қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз», – деді М. Әшімбаев.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, бүгінде аталған облыстағы көпбалалы отбасыларды ең алдымен баспана мәселесі алаңдатып отыр. Сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін материалдық, атаулы әлеуметтік көмектерді рәсімдеу, балаларды балабақшаларға орналастыру, жұмыспен қамту, жұмыс берушіден еңбекақысын уақытылы ала алмау сияқты мәселелер де тіркелген. Партия облыстық филиалы басшысының айтуынша, Бірыңғай әлеуметтік терезе арқылы келіп түскен өтініштердің ешқайсысы қараусыз қалмай, олар бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады.
Партия Төрағасы анықтап берген маңызды басымдықтардың тағы бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бастама тікелей көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Осы жоба аясында партия Төрағасының бірінші орынбасары Көкшетау қаласындағы Қақжановтар отбасына арнайы ат басын бұрды. Бұл отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай олардың екеуі сал ауруына (ДЦП) шалдыққан. Бұған дейін бұл отбасы екі бөлмелі пәтерлерінің қалған сомасын өтеп, толығымен сатып алу үшін партиядан қолдау сұраған болатын. «Бұл бастама да Елбасының тікелей бақылауында. Өйткені көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету мемлекетіміздің негізгі басымдығы болып табылады», – деді М. Әшімбаев.
Сонымен қатар Ақмола облысына сапары барысында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Көкшетау қаласындағы су басқан «Привокзальный» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Аталған мәселеге байланысты Мәулен Сағатханұлы партияның жергілікті филиалына төтенше жағдаймен күрес жұмыстарын бақылауда ұстап, зардап шеккен әр азаматтың мемлекет тарапынан берілетін міндетті көмекті алуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Елбасы, партия Төрағасының алдымызға қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі халықты алаңдатқан кез келген мәселені оң шешуге ықпал ету. Сондықтан су тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттардан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету партия жұмысындағы басымдықтардың бірі болып саналады. Мұндай мәселені қайта болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын күшейтіп, басты себебімен күресуіміз керек. Сондықтан партия облыс басшылығының осы бағыттағы жұмыстарын тікелей өз бақылауында ұстайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, 2 сәуір күні Ақмола облысында Қыпшақты өзенінің су деңгейі көтеріліп, төтенше жағдай салдарынан Көкшетау қаласындағы бес тұрғын үй мен 15 аула су астында қалды. Өңір басшылығының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында тасқын су мәселесі бір қалыпты. Төтенше жағдаймен күресу үшін арнайы техникалар мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылып, апаттың салдарын жою жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев партияның аймақтық активімен кездесті. Жергілікті нұротандықтар алдында сөйлеген сөзінде ол Елбасы саясатын одан әрі жалғастырып, Тұңғыш Президент жолының сақталуына басты кепіл болу партияның негізгі міндеті екенін айтты. Одан бөлек, партияның жаңадан қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аударды