382
АРМЕНИЯ ӘЗІРБАЙЖАНҒА НЕГЕ ДОҚ КӨРСЕТТІ?
АРМЕНИЯ ӘЗІРБАЙЖАНҒА НЕГЕ ДОҚ КӨРСЕТТІ?
Таулы Қарабақтың Армения мен Әзірбайжан арасында талас-тартысқа түскеніне жиырма тоғыз жылдың жүзі. Содан бері бұл мәселе мемлекетаралық емес, халықаралық дауға айналып үлгерді. Билік басына келгендер де бітіспес түйткілді шешуге қанша тырысса да, қолдан келер қайран жоқ. Тіпті, бітімгерлік келісімнің бұзылғаны үшін бірін бірі айыптайтын екі тарап кәдімгі «мысық пен тышқанның» ойынын ойнап жүр.
Әзiрбайжан мен Армения арасындағы дау 1991 жылы, Таулы Қарабақ аймағы Әзiрбайжан құрамынан шығатыны жөнiнде мәлiмдеген соң өрши түсті. Шын мәнiнде, Таулы Қарабаққа таластың тарихы одан да тереңнен бастау алады. Қарабақ аймағында әзiрбайжандар мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрген. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзiрбайжан КСР-iнiң құрамынан шығып, Армян КСР-iнiң құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасаған. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнi. Уақыт өте келе дiни мәселе ұлт-аралық араздыққа әкеп соқтырды. Кеңес Одағы кезінен тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн Мәскеу шеше алмаған күйi қызыл империя ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзiрбайжандықтар аймақтан қуылды. Өз кезегiнде Әзiрбайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлi де Арменияға үдере көшті. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан әзiрбайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, армян күштерiнiң қудалауынан қашқан әзiрбайжандықтардың саны миллионға жуықтаған еді. Ал осы жанжалда 30 мың адам мерт болды.
Осы уақытқа дейiн БҰҰ Арменияны Әзiрбайжан аумағынан әскерiн алып шығуға үндеген бiрнеше қарар қабылдағанымен, ресми Ереван олардың ешқайсысын орындаған жоқ. Таулы Қарабақ дауы – посткеңестiк кеңiстiктегi ең ескi дау екенiне қарамастан, аймақтағы жанжал оқта-текте қайта қоздап, соғыс ошағына айналды. Бұл аздай, қақтығысқа араағайындық жасаушы алып мемлекеттер араласқандықтан, Таулы Қарабақ тек қана Әзiрбайжан мен Армения арасындағы мәселе болудан қалған. Қазiр қайта ушыққан қақтығыстың артында бiреулер Түркияның, ендi бiреулер Ресейдiң ойынын көретiнi де сондықтан.
Армения билігіне келген Никол Пашинян да бұл мәселені шешуге ынталы екенін көрсеткен. Ол келіссөздерге дайын екендігін мәлімдесе де, Баку Пашинянның Таулы Қарабаққа бару жоспарына көңілі толмайтынын білдірді. Әзірбайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хикмат Гаджиев оккупациядағы Таулы Қарабақ әрдайым Әзірбайжанның ажырамас бөлігі екенін ескерткен. Осылайша, екі мемлекет те Таулы Қарабахтың тәуелсіздігін мойындаған жоқ.
Таяуда Венада өткен Таулы Қарабақ қақтығысын реттеуге байланысты келіссөздер барысында Пашинян да, Әлиев те нәтиежесі туралы тіс жарған жоқ. Бір айта кетерлігі, екеуі де басқосудан кейін Ресей президенті Путинге қоңырау соғып, арағайындық жасап, келісімге келуге септігін тигізгені үшін алғыс айтқан. Ал Путин болса, бұл түйткілдің өршіп кетпеуі үшін әрқашан көмек қолын созуға әзір екенін және ЕҚЫҰ тобының Минскіде өтетін жиынында да күн тәртібіне шығатынын жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда, екі ел басшылары өз халқын бейбітшілікке үндеуге шақырып, келіссөзді Сыртқы істер министрліктері деңгейінде де көтеруге уағдаласты. Армения қорғаныс министрі Давид Тоноян «Голос Америки» радиосына берген сұхбатында: «Қорғаныс министрі ретінде «аймақты бейбітшілікке айырбастау» форматын ұсынамын. Яғни, «жаңа аймақ үшін жаңа соғыс» ашу десек артық емес» деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл жолы Әзірбайжан тарапымен өзара келісімге келсек те, ешқандай көңілжықпастық көрсетілмейді.
Министрдің бұл пікірін саясаттанушылар таңданыспен қабылдаса да, Армения басшысы Пашинян: «Егер Тоноян бұрыс ой айтса, оны қызметінен алар едім. Ол «егер соғыс оты қайта тұтанса, біз жеңіске жетуге тырысамыз. Сондықтан министрдің бұл мәлімдемесі екіжақты мәселені шешуге көлеңкесін түсірмейді», – деді. Алайда, Пашинян министрдің аузынан шыққан сөзді жуып-шайғысы келсе де, Әзірбайжан тарапы бұл уәжге сенгісі келмейтінін білдіріп бақты. Олар мұндай арандатушылық тудыратын мәлімдеме көпжылдық процестің шешілуін одан әрмен қиындатпаса, жеңілдетуі екіталай екенін жеткізді. Айта кетерлігі сол, қазір Арменияда «жаңа аймақты» жаулап алу үшін арнайы әрекеттердің жолға қойылып жатқандығы белгілі болды. Тіпті, Республикалық партия өкілі Армен Ашотян Қорғаныс министрінің мәлімдемесін сөзсіз қолдайтынын айтып, «Егер армян тарапы үшін жаңа соғыс басталса, қарсылас жақ едәуір шығынға батады», – деді.
Дегенмен, талайдан осы істің басы-қасында жүрген сарапшыларды «Армения тап келіссөз барысында неге мұндай мәлімдеме жасауға барды?» деген сауал мазалайды. «Олар осы пікірі арқылы жағдайды шиеленістіріп алмай ма? Бұл елді басқарып отырған азаматтарға лайық іс пе? Әрбірден соң бұл келіссөзге келіп отырған Әзірбайжан басшысы Әлиевті де, екі ортада араағайындық жасап жүрген Ресей президенті Путинді де қорлаумен тең» дегенді ашық айтуда. Шын мәнінде, егер ескі жараны ашынып тырнай берсе, Арменияның тойтарыс беруге қауқары жоқ дейді олар. Ресми деректерге сенсек, мемлекет Ресейден 100 млн АҚШ доллары көлеміндегі несиеге қару-жарақ сатып алмақшы. Тіпті, Ресей Арменияның стратегиялық одақтасы және Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы (ОДКБ) бойынша серіктесі ретінде Ереванға емес, Әзірбайжанға қару-жарақ сатуда. Айта кету керек, Оңтүстік Кавказ мемлекеттері арасында әскери әлеуеті мықты елдерді анықтайтын Global Firepower (GFP) рейтингінде Әзірбайжан 137 мемлекеттің ішінде 52 орында, Грузия 85, ал Армения 96 орында тұр. Әзірбайжанның жақын әскери одақтасы Түркия 9-орынға табан тіреген. Ал рейтингтің үштігіне АҚШ, Ресей, Қытай енді. Яғни, бұл көрсеткіштен Арменияның артта қалғанын бағамдау қиын емес. Оған әскери бюджет шығынының аздығын, әскери көліктердің жетіспеушілігін, экономикалық ахуалдың төмендігін, табиғи ресурстардың сарқылып бара жатқанын, тағы басқа жайттарды тізбектеуге болады.
Қалай десек те, Армения Таулы Қарабақ қақтығысын реттеуге байланысты келіссөздерді мейлінше ұзартқысы келсе де, мәселені ушықтыра түсуде. Ал «жаңа соғыс» ашамыз деген елдің Қорғаныс министрінің мәлімдемесі ескі жараның бетін қайта тырнағандай әсер қалдырды.