360
Тоқаев: Насихатқа мұқтаж емеспін
Тоқаев: Насихатқа мұқтаж емеспін
12 cәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға сапары барысында жұртшылықпен кездесті.
Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарының маңыздылығын айтып, тарихтың аса жауапты сәттерінде маңғыстаулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне арнайы тоқталды.
«Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті экономика өсімін қамтамасыз етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың маңыздылығын айтты.
Мемлекет басшысы кездесу барысында: «Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын естідім. Менің ойымша, бұл – мүлде орынсыз, мен мұндай насихатқа мұқтаж емеспін. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылық неменеге керек?», – деді.
«Билбордтарды Елбасы бас болып, қол жеткізген шынайы жетістіктерімізге арнаған жөн. Мен барлық деңгейдегі әкімдерге осыны тапсырамын», – деп қатаң тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.