АЛМАТЫНЫҢ ҚҰБЫРЫ «МҰҢ» ДЕЙДІ...

АЛМАТЫНЫҢ ҚҰБЫРЫ «МҰҢ» ДЕЙДІ...

АЛМАТЫНЫҢ ҚҰБЫРЫ «МҰҢ» ДЕЙДІ...
ашық дереккөзі
1232
Бұл күнде Алматыны бір-ақ сәтте Венецияға айналдыратын екі сиқыр бар. Бірі – толассыз жауған жауын, екіншісі – әр кезде жердің астынан атқылап тұратын ыстық «субұрқақ» – жылу құбырларының апаты. Алдыңғысының жауар-жаумасы табиғат еншісінде болса, соңғысының шығар-шықпасын тозығы жеткен құбырлар шешеді. Серуендеп келе жатқанда үстіңізге ыстық су атқыласа, не көлікпен жүйткіп келе жатқанда жер жұтса таң қалмаңыз. Ол – «отырып қалған 30 жасар құбыр қыздың ашуы». Өткен сәрсенбіде Алматыда жылу құбыры жарылып, салдарынан 4 адам зардап шекті. «Науқастардың денесінің екі пайызын бірінші, екінші дәрежелі термиялық күйік шалған. Олар күйік бөлімшесіне жатқызылды, қазіргі таңда жағдайлары орташа ауыр», – деп мәлімдеді №4 қалалық клиникалық аурухана өкілдері. Сонымен қатар 7 пәтер және 8 көлік бүлінген. Апат Пушкин және Төле би көшелерінің қилысында таңғы сағат 4 шамасында орын алған еді. Ыстық су бірнеше метр биіктікке атқылап, маңындағы үйлердің терезелерін шаққан. Жер астын тесіп шыққан ыстық су дауысынан ондағы тұрғындар шошып оянған. Баспасөз қызметі мәлімдегендей, төтенше жағдайға жылу құбырының әбден ескіруі себеп болған. Ол маңдағы диаметрі жарты метрлік құбырлар 1993 жылы салынған. Оның 25 жыл жарамдылық мерзімі өткен. Алматыдағы құбыр жүйесі 800 шақырымды алып жатыр. Оның 61 пайыздан астамының тозығы жеткен. Тіптен, шаһарда 80-жылдардан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстарын көрмеген құбырлар да кездеседі. Жалпы, жыл сайын қалада орта есеппен 12 шақырым жылу магистралі жаңартылып отырады. Десе де, бүгінде жаңарудың алдын апат алып отыр. Оған жыл сайынғы жылу құбырларының атылуы дәлел. Жалпы, Алматыдағы жылу құбырларының жарылуы үйреншікті жағдайға айналғандай. 2014 жылы қаңтар айында шаңқай түсте Райымбек және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында орналасқан құбыр жарылды. Ол кезде де төрт адам күйіп, тіпті, оның біреуі ыстық су толы арыққа құлап, денесін бірінші дәрежелі күйік шалған еді. Жаңалықтардан оқиға орнында жолаушылары бар автобустың кептеліп, қалың будың арасында қозғала алмай қалғаны да көрсетілді. Дәл осы ауданда бұған дейін де осындай апаттардың болғаны белгілі. 2012 жылдың жазында құбыр жарылып, ол жерде алты метрге жуықтайтын терең шұңқыр пайда болып, асфальт астынан оқыс атылған ыстық су машиналарға зақым келтірген болатын. Ал 2013 жылдың желтоқсан айында Райымбек даңғылы мен Коммунальный көшесі қиылысында тағы да құбыр жарылып, апат салдарынан жеті адам жарақат алды. Қыстың күні 19 көпқабатты үй мен 2 білім мекемесі және 36 әкімшілік ғимарат жылусыз қалған еді. 2015 жылдың қаңтарында тағы сол аумақта, Райымбек-Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында жер астынан шыққан ыстық су көшені қақ айырды. Салдарынан тас жол опырылып, 2 көлік шұңқырдан табылды. Сондай-ақ, коммуналдық апат аумағында екі көлік апаты орын алды. Желтоқсанның суық ызғарында 4 тұрғын үй, 1 мектеп пен 2 білім беру мекемесі, сонымен қатар, бірнеше әлеуметтік нысандар ыстық судан ажыратылып, жылусыз қалды. Мұндағы жылу желісі, тіпті, 1980 жыл салынып, содан бері бірде-бір рет қаралмаған екен. Осыдан төрт жыл бұрын Сейфуллин даңғылында ыстық су жер астынан емес, керісінше, жоғарыдан атқылады. Әбден тозығы жеткен жылу магистраліне жоспарлы жөндеу жүргізіліп жатқанда, қызметкерлердің білместігінен кесілген құбырдың бірінен су кеткен. Осылайша жұрт бір сағаттай температурасы 40 градус ыстық суды тізеден кешті. Сарқырап аққан судан көше көлге айналып, онсыз да қит етсе қиындайтын көлік қатынасы тіпті қиындады. Абырой болғанда, ол кезде адамдар зардап шеккен жоқ. Бірақ ондаған авокөлікке зақым келді. Аталған жағдайда зардап шеккендердің шығынын кінәлі компания өз мойнына алады. Десе де, үй мен көліктің керекті жабдықтарын табуға болатын шығар, бірақ адамның өмірі мен күйген денені қаз қалпына келтіріп беруге олардың күші жетпейді ғой. Оның үстіне мұндай жағдай бірінші, не екінші рет болып жатқан жоқ. Тіпті, соңғы рет 10 сәуір күні бір тәулікте екі құбыр жарылды. Жоғарыда тізілген тізім апаттың санаулысы ғана, айтылмай қалғаны қаншама?! Басты мақсат оларды тізбектеп беру емес, 1000 жылдық тарихы бар шаһар тұрғындарының қауіпсіздігінде. Қазір қаланың туристік ахуалын арттыру қолға алынған. Бірақ қарапайым тұрғындар қауіпсіздігін уақытылы реттей алмай отырғанда, шетелден келген қонақтың қауіпсіздігіне толық жауап бере аламыз ба? Туристің де үстіне ыстық су атқыламасына кім кепіл? PS: «Жылу құбырын жаңартуға миллиардтаған қаржы бөлінді, бірақ біз барлығын ауыстырып үлгермей жатырмыз. Өйткені ол үшін бүкіл нысандарды жылудан ажырату қажет. Сондықтан бұл құбырды дер кезінде ауыстыру мүмкін болмады. Біз шығын орнын толтырамыз. Күйік шалғандарға дәрі-дәрмегін төлеп береміз». Бұл – Алматы қаласы Жылу энерго кешені және ТКШ ресми өкілі Ян Гириннің 2014 жылы болған құбыр жарылысында журналистерге берген жауабы. Содан бері 5 жыл өтті. «Баяғы жартас  – сол жартас». Алақандай Алматының құбырларын ауыстырып шығу үшін қанша жыл қажет сонда?

Аяулым Салықжанова             

Серіктес жаңалықтары