МАҢҒЫСТАУДА 600 ДУАДАҚ ЕРКІНДІККЕ ЖІБЕРІЛДІ

МАҢҒЫСТАУДА 600 ДУАДАҚ ЕРКІНДІККЕ ЖІБЕРІЛДІ

МАҢҒЫСТАУДА 600 ДУАДАҚ ЕРКІНДІККЕ ЖІБЕРІЛДІ
ашық дереккөзі
1260
26 сәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Маңғыстау ауданының Сай-Өтес ауылында 600 жиек дуадақ Кендірлі-Қаясан қорығына ұшырылды. Құстардың көбі Біріккен Араб Әмірлігінде өсірілген болса, кейбіреулері Түркістандағы тұқымбақтан әкелінген. Шара мақсаты – жойылып бара жатқан, сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енгізілген дуадақтың популяциясын сақтау және қалпына келтіру. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, қазақ даласына 2009 жылдан бері жыл сайын Әбу-Даби қаласында өсірілген құстар жіберіледі. Облыс аумағында ұшырылған құстардың барлығына арнайы белгі тағылып, GPS қондырғылар орнатылған. Осы құрылғылардың арқасында қорықшылар мен ғалымдар құстың ұшып кететін бағытын және олардың қай жерде көбейетінін зерттейтін болады. Адам қолында өскен дала құсы Маңғыстау табиғатына да тез сіңісіп, қысқа дейін жылы жаққа ұшып кетеді. «Біз алдымен Маңғыстау өңірінің табиғатымен танысып, өңірдің экологиялық жағын ескердік. Бұдан бөлек, ауа-райын да бақылып көрдік. Содан соң Маңғыстау даласы дуадақ құстарына нағыз қолайлы мекен екенін білдік. Біз құстарды жіберіп қана қоймай, оларды 10-15 күндей бақылап, қарап жүретін боламыз. Олардың осы жерлерге жерсініп кетуіне мүмкіншілік жасаймыз», – дейді құс маманы Эрик Ле Нуз. Мамандардың болжамы бойынша, өңірде шамамен 1-1,5 мың дуадақтың мекен етуіне мүмкіндік бар. «Осы жерде сәуір, мамыр айларында жұмыртқалайды. Балапандарын өргізеді. Сосын күзге дейін Маңғыстау аумағында болады. Қазан, қараша айларында алғашқы суық түскен кезде, екі-үш күнде бір жиналып, жылы жаққа ұшып кетеді. Күн жылыған уақытта көктемде Маңғыстауға ұшып келеді», – дейді Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов. Шараны қаржыландыруды Біріккен Араб Әмірліктері және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті бірлесе жүзеге асырады.

Серіктес жаңалықтары