390
Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастама
Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастама
Бүгінгі таңда Қазақстан аяққа нық тұрды. Ел болып, ес жиып, етек-жеңімізді жинаған кезеңде жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрар бірқатар маңызды стратегиялық бағдарламалар қабылданды. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» қазақстандықтар үшін тағы бір тарихи оқиға болды.
Бес әлеуметтік бастаманың әр тармағының іске асуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың одан әрі оңалуына, білім, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік салаларының тың серпіліспен дамуына оң әсер етпек. Елбасы бес бастамасының алғашқысы ретінде қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айтқаны белгілі. Осылайша, Қазақстанда жаппай еліміздің тұрғындары үшін төмен пайызды ұзақмерзімді ипотека беру тұңғыш рет қолға алынды. Бұл бастама ТМД елдерінің аймағында теңдесі жоқ әлеуметтік қадам болмақ. Көршілес Ресейдің өзінде әлеуметтік ипотекалардың ең төмен пайыздық мөлшерлемесі 11,5-13 пайызды, алғашқы жарна 30 пайызды құрайды екен. Ал Елбасының Үндеуінде ұсынылып отырған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. «7-20-25» үлгісіндегі бағдарламада бастапқы жарна мен несие мерзімі де қарапайым азаматтар үшін біршама қолайлы деңгейде белгіленді.
«7-20-25» бағдарламасы ресми түрде басталғаннан бері қызығушылық білдіргендер көп. Алайда барлығы бірдей несие алу мүмкіндігіне ие бола алмады. Бірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, енді бірінің бұған дейін несиелік қарызы бар екені анықталды. Дегенмен, қазір бұл бастама бойынша баспаналы болып жатқан жандардың қатары артуда. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша, қарыз алуға 140,6 млрд теңге сомасына 12 348 өтініш қабылданды. Оның ішінде 85,5 млрд теңге қарыз беруге 7 384 өтініш мақұлданды. Мәселен, биыл Алматы облысында жалпы аумағы 110 шаршы метр болатын 2098 пәтер пайдалануға беріледі. Соның 751-і «7-20-25» бағдарламасы бойынша тапсырылады. Екінші деңгейлі банктер бұл бағытта 286 өтінімді қарап, 145 несие берді. Облыс бойынша аталған бағдарламаны жүзеге асыруға арналған 35 тұрғын үй массиві бар. Онда 2022 жылға дейін аумағы бір миллион шаршы метрден асатын мың шақты үй салынады. Алғашқылардың бірі болып «7-20-25» бағдарламасымен талдықорғандықтар үй алады. Мамыр айында 50 пәтер пайдалануға беріледі. Ал Шымкентте биыл «7-20-25» бағдарламасы бойынша көп қабатты 24 үй салынады.
Нарықтан үй алғанда «7-20-25» қатысушылары пәтерді құрылыс компанияларының сату бөлімдері арқылы таңдаса, мемлекеттік тұрғын үйді алған кезде пәтерлер туралы ақпаратты жергілікті әкімдіктерден нақтылау қажет. Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында бөлініп келген еді. Енді тұрғын үйлерді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізуге байланысты жыл басынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үйге «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар да қол жеткізетін болды. Соңғы 5 жылда азаматтың басында үйдің болмауы және жинақталған депозит сынды ешқандай талаптар жоқ.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен бой көтерген ғимараттардың дені Талдықорған қаласында. Бүгінде Алматы облысының орталығында 16 қабатты үш тұрғын үй бой көтерді. Талдықорған қаласындағы ең биік ғимараттар биыл пайдалануға беріледі. Алғашқы жартыжылдықта бұл үйлерге 230 отбасы қоныстанып, көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізбек. Олардың дені салымшы ретінде тіркелсе, қалғандары «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болады.
Аса өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – еңбекақы мәселесі. Елбасы өз Үндеуінде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынғаны белгілі. Яғни, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың жүктемесін жеңілдету қолға алынды. Төменгі жалақымен күн көріп жүрген азаматтардың басым бөлігі ауылда тұратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бұл бастама тікелей ауыл тұрғындарын қолдауға, олардың тұрмыс-тіршілігін көтеруге бағытталған деуге әбден негіз бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған тағы бір бастама ауыл азаматтары үшін үлкен мүмкіндік екені жасырын емес. Елбасы айтқандай, шағын несие беруді арттыру – өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ең тиімді тетік. Үкімет бұған дейін де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға шағын несие берудің түрлі үлгілерін сәтті іске асырып келді. Ал енді бұл жолғы шағын несиенің көлемі 20 миллиардқа артпақшы. Игерілу деңгейіне қарай көлемі жыл сайын өсіп, екі еселенбек. Шағын бизнеске құйылған мұншама қаржының макроэкономикалық әсері болатыны анық. Елбасы бұл бастаманың негізінен ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.
Ауылдықтарды қуантып отырған үлкен жаңалықтардың бірі – «елді мекендерді газбен қамтамасыз ету» мәселесі. Бұл бастаманың игілігін ең алдымен газбен мүлдем қамтылмаған орталық облыстардың тұрғындары көрмек. Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытын-да тартылатын магистралді газ құбыры аймақтардағы 2,5 млн халықты газбен қамтамасыз етіп, елдің тірлігін оңалтып, экологияны жақсартады, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Газ құбыры Қарағанды облысының территориясының өзінде бірнеше қалалар мен 120 елді мекенді газбен қамтамасыз етеді. Ал енді елордамыз Астанада әсіресе жылу беру мерзіміндегі ауаның ластану мәселесі газ құбыры тар-тылған соң түбегейлі шешімін табатыны айтпаса да түсінікті. Бір қуанарлығы газ магистралі Астанамен шектеліп қалмақ емес. Елбасы бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткен болатын.
Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ