БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАЛАЛАР, ТОП ІШІНДЕ ДАРА ОЛАР

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАЛАЛАР, ТОП ІШІНДЕ ДАРА ОЛАР

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАЛАЛАР, ТОП ІШІНДЕ ДАРА ОЛАР
ашық дереккөзі
930
Қай халық, қай ұлт болса да ұрпақ тағдырына бей-жай қарамаған. Еңбектеген баланы «елдің ертеңі болады» деп ханындай сыйлайтын қазақтан сөз артылса-шы. «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» деген тәмсіл бүгінгі мақаламызға тұздық болмақ. Әлем тарихында 8 жасар жоғары оқу орнының оқытушысы, 8 жастағы кәсіпкер сынды түрлі дарындылар болды. Оларды ешкім де бала демеді, керісінше дара деп абыройын асқақтатты. Біздің елде де осындай дарынды, талантты балалардың болмысы бөлек, еңбегі ерек буыны қалыптасып келеді. Қазақстандық дарынды балалар халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша ТМД деңгейінде екінші, ал дүниежүзінде үздік 20 елдің қатарында екен. Шет елде, жат жерде бақ сынап жүрген жас өрендеріміз мәдениет пен спортта ғана емес, білім мен ғылым салаларында жетекші орындарды иеленуде. Ел ішіндегі дарынды балалар жайлы сөз қозғасақ, Исаак Мустопуло алғашқылардың бірі болып аталады. Әйгілі астрофизик Стивен Хокингтің көзі түскен отандасымыз «Үйлесім теориясы» жобасының авторы. Ол Тараз өңірінде туған. Тумысынан ДЦП дертіне шалдықса да ғылым-білім жолында ешқандай кедергі болмау керегін Хокингтен кейін дәлелдеген тұлға ретінде тарихта қалуы бек мүмкін. Исаак Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналаған STEM ұлттық инновация конкурсының лауреаты. 15 жасында ғарыш кемелеріне арналған электроэнергияны өндіру жолдарын пайымдаған. Осыдан кейін әйгілі астрофизик профессор Стивен Хокингпен кездесті. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Мен бала кезімнен түрлі салаларға қызықтым, мәселен тарихқа деген қызығушылығым болды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін қазақ балалары көп-ақ. 14 жастағы жас вундеркинд Абзал Мырзаш білімқұмарлығымен көпті сүйсінтіп келеді. Абзал 12 жасында 11 жылдық мектепті үздік аяқтаған. Қазірде Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті. Республикалық, Халықаралық олимпиадалардың талай жүлдесін қанжығасына байлаған ол 3 жасынан бастап әріп танып, кітап оқыған. Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Абзал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жобасын таныстырды. Бірінші диграфтық тәсіл арқылы компьютер клавиатурасына ыңғайланған «ABZALalphabet» деп аталатын қазақ әліпбиінің нұсқасын жасаған ол әлемнің кез келген жерінен компьютердің стандартты ағылшын клавиатурасын пайдаланып, қазақша жазуға болатынын айтқанда көпшілік таңқалған-ды. Небәрі 13 жасар баладан мұндай тапқырлықты ешкім күтпесе керек. Сол кездесуде кириллицадан латын қарпіне аударатын конвертер бағдарламасы жайлы да аз-кем сөз еткен. Конвертер арқылы кириллицадан латын графикасына бір минутта 1200-ден астам кітап аударуға мүмкіндік бар. Қазақстандық жас өнертапқыштардың мұндай жобалары болашақта таңғажайып дүниелерді ойлап табуға бастау болады. Абзал жайлы әкесі Дәуренбек Мырзашұлы: «Бала кезінде серуендеуді ұнататынбыз. Далада жүріп, балама көлік, оның белгілері туралы айтып, оларды қалай ажыратуға болатынын үйреттім. Арада біраз күн өткенде Абзал көшеде тұрған көліктерді өзі ажырата бастады. Мен таңқалдым. Есте сақтау қабілеті жоғары екенін түсіндім. Содан балама әліпбиді үйреттім. Біраз күннен соң шатастырмай әріптерді айтып берді. Ол кезде 2 жаста болатын. Анасы екеуміз буын-буынмен оқуды, санауды үйреттік. 3 жаста Абзал газет-журналды еркін оқитын болды. 4 жаста көбейтуді үйренді. Оның білімге деген қызығушылығын жолғалтып алмау үшін түрлі энциклопедия алып бердік» – дейді. Отандасымыз Қазақстандағы оқуын тәмамдап АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтына оқуға түсуді армандайды. Ондағы ойы да технологиясы дамыған елдің білімін үйреніп, ел қажетіне жарату шығар, бәлкім?! Абзал Мырзаш секілді бірнеше қазақ балалары ел ішінде ғана емес шет мемлекеттерде де дарындылығымен дараланып жүр. Мәселен Темірлан Амангелді халықаралық математика олимпиадасында ерекше көзге түсіп, Оңтүстік Кореядағы беделді оқу орындарынан шақырту алды. Қазір робототехника саласында білімін жетілдіріп жүр. Мәселен 9 жасында Данияр Кұрманбаев Ресейдегі ең танымал шоуға қатысып өзінің кез келген санды жылдам қосып, көбейте алатынын көрсетіп ерекше құрметке бөленген-ді. Әзиз Камелиден есімді дарынды балақай да халықаралық байқауларда ел намысын талай рет абыроймен қорғады. Алдияр Божбанов 6-сыныпта оқып жүріп ғаламдық мәселелердің шешімін табуға күш салды. Экологиялық ауылдар мен күн-жел электростансасы, әмбебап қуаттағыштарды өз жобасының нысаны етіп алды. Соның арқасында органикалық қалдықтарды биогазға айналдырып, жылу мен электр энергиясын алуға болатынын дәлелдеді. Ал Дінмұхамет Майлыбай 16 жасында NASA-ның астрономиялық мектебіне оқуға түсті. Онда білім алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десе де жарасар. Себебі әлемнің 23 елінен тек 55 бала ғана оқуға қабылданады екен. БАҚ өкілдері көрсеткен мәліметке сүйенсек, оқушылар Марсты бағындыруға арналған жобаға қатысады екен. Бұл да қазақ балаларының әлемдік ғылым саласында өзіндік орны бар екенін аңғартса керек. 2000 жылы туған Жансая Әбдімәлік есімді жас өрен 6 жасынан бері дүниежүзілік шахмат байқауларында өзін мойындатып келеді. Талай мәрте «көш» бастап, қарсылас шақ келтірмеген Жансаяға 2008 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың өзі 3 бөлмелі пәтер кілтін сыйлаған еді. Бұл жайында жас гроссмейстер: «Оған дейін жалға алынған баспанада тұрдық, көше салысымен өмір жеңілдеді. Пәтеріміз Ақсайдағы мектебіме жақын, өте қолайлы. Кездесу кезінде жағдайды пайдаланып, Нұрсұлтан Әбішұлына шахматты мектеп бағдарламасына енгізуді ұсындым. Ол мұның керемет ой екенін айтты. Қазір кей мектептерде шахмат үйірмелері бар», – деп еске алады. Қазір Алматыда Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы жұмыс істейді. Жансая жайында отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан гөрі, шетелдік БАҚ жиі жазады. Тіпті олар Жансаяны «Шахмат патшайымы» деп те атайды екен. Шахматшы қыз кезінде мәнерлеп сырғанаушы болғысы келген екен. Бірақ шахмат саласында 6 жасында-ақ жұлдызы жанды. Онымен қоймай бүгінде өзгелерге ұстаздық етіп үлгерді. Есесіне Жансаямен түйдей құрдас Элизабет Тұрсынбаева мұз үстіндегі жұлдызға айналды. Екі ай бұрын Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатында Элизабеттің тамаша өнер көрсетіп, дүниежүзін таң қалдырған. Ол 1909 жылы шведтік мәнерлеп сырғанаушы Ульрих Сальхов алғаш жасаған қимылды қайталады. Бұған дейін кәсіби мамандарға арман болған, ресми байқауларда ересектер арасында ешкім жасай алмаған «төрттік сальхов» қимылын орындаған отандасымыздың есімі осылайша тарих беттерінде алтын әріппен жазалатын болады. Небәрі 19 жасында көп ішінен дараланған ол бұған дейін де талай байқауларда топ жарып, ел намысын қорғап келді. Осылайша спорттың бұл түрінен де қазақ балаларының ебі бары тағы бір мәрте дәлелденді. Әлем елдерінде ерекше танымалдыққа ие бокстан қазақстандық өрендердің алар орны ерекше. Әуесқой бокстан тартып, кәсіпқой бокс алаңында да қазақстандық бокс стилін танытып жүрген жас оғландарымыз жетерлік. Солардың бірі – Садриддин Ахметов. Небары жиырма бірдегі отандасымыз кәсіпқой боксқа 2017 жылы келген. Оған дейін әуесқой бокс шаршы алаңында қарсылас шақ келтірмей талай мәрте чемпион атанған-ды. Басты бәсекелерді айтсақ, Санк-Петербургте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында, Бангкоктегі Тайланд королінің кубогы үшін болған жарыста, Қазақстан Президентінің кубогі үшін өткен турнирлерде алтыннан алқа тақты. Кәсіпқой бокстағы мансап жолын да бірнеше жыл ішінде қалыптастырып үлгерді. 2018 жылы 6 бірдей қарсыласпен кездесіп, бәрінде айқын басымдықпен (нокаут) жеңген-ді. Ең алғашқы кездесуінде қарсыласын 31 секундта сұлатып салған Садриддинге тек 5 қарсыласы ғана 2 раундқа шыдап берді. Қалғандарының бәрі техникалық нокаутпен алғашқы 3 минуттан артық шыдай алмаған. Осы жылдың басында 7-рет кәсіпқой бокс алаңына шыққан Садриддин қарсыласын 4 раунд бойы соққының астына алып, тағы да техникалық нокаутпен жеңген. Жуырда Алматыда өткен кездесуінде ғана толық 10 раунд жұдырықтасты. Кәсіби мамандар Садриддинді болашақ бокс жұлдызы ретінде тани бастады. Қайда жүрсе де елім-жерім дейтін азамат қазірде Канадада жаттығады. Ақпарат ағынының алай-дүлей шағында жақсы жаңалықтардың көбі елеусіз қалып жатады. Насихаты да кемшін. Атақты Стив Джобс құрған «Apple» компаниясында Әйгерім Сәулетханқызы есімді қазақ қызы жұмыс істейтінін бірі білсе, бірі білмес. Тіпті «NASA» ғарыш агенттігінде қазақ баласы Дархан Нұрмағамбет қызмет атқарады. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде танымалдыққа ие болған, сымбатымен еуропа жұртшылығын тәнті еткен Димаш Әділет есімді отандасымыз ақылымен де көпті мойындатып жүр. Ақыл-ой деңгейін таразылайтын «Мensa International» орталығында IQ-тест тапсырған ол 99 пайыздан жоғары балл жиған. Бұның бәрі қазақ халқының ерекше қабілетті халық екенін дәлелдейтін нәрсе. Жас талантарымыз әлемге танылып, ұлтымыздың мерейін асқақтата бергей деп тілейік.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН

Серіктес жаңалықтары