335
Олар біздің қамқорлығымызда
Олар біздің қамқорлығымызда
«Nur Otan» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетеді. Мәселен, таяуда партияның Маңғыстау облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері тыңдалды.
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов төрағалық еткен қабылдауға басқа да уәкілетті органдардың өкілдері қатысқан болатын. Атап айтқанда, Ақтау қалалық №2 емханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Лаура Мұхтарова, азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік емес корпорациясының облыстық филиалының басшысы Әсет Мұқашев, Ақтау қалалық әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде бөлім басшысы Самал Нұрбергенова, облыстық әкімдіктің өкілі Айнұр Абылғазиева, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қазима Ахметжанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Сағымбаевтар бар.
Бір күнде 17 адам қабылдауда болды. Олар – Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының тұрғындары. Көтерілген сұрақтардың дені мүгедектікті рәсімдеу, квотамен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барып ем-дом қабылдау, шипажайға жолдама алу, ота жасауға қаражат тапшы екендігін алға тартқандар болды.
Сондай-ақ, үй кезегінде тұрғандар тез арада баспаналы болғысы келетіндерін айтса, заңсыз жұмыстан қуылып қайта қызметке тұру үшін уәкілетті органдардың араласуын сұрағандар, әлеуметтік көмекшіні қажет еткендер де болды. Қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтардың арыздары толықтай қаралып, мүмкіндігіне қарай қанағаттандырылмақ.
Арызданушылардың мәселелері бойынша жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жөніндегі ақпараттар биылғы жылдың 20 мамырынан кешіктірілмей «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жолданып, арыз иелеріне жауаптар берілмек.