394
Мәдениет министрі сахнада өнер көрсетті
Мәдениет министрі сахнада өнер көрсетті
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ЕАЭО елдері президенттерінің алдында виолончельде ойнады.
Концерт Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің мерейтойлық отырысына келген қонақтарға арналған.
Министр фейсбуктегі парақшасында: "Сүйікті аспабым – виолончельді қолыма алып, РФ Халық әртісі Сергей Ролдугин басқарған виолончельшілер ансамблімен өнер көрсетіп, француз композиторы Шарль-Камиль Сен-Санстың атақты "Аққу" хореографиялық миниатюрасын орындадық. Бізді екі арфашы қыз сүйемелдеп, Аққу рөлін "Астана Опера" МОБТ жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева орындады. Жұрт алдында ойнамағалы біраз болып еді, мені билеген қуаныш сезімін сөзбен жеткізу қиын", - деп жазды.
Концертті Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова басшысы Игорь Додон, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ТМД Атқарушы комитеті төрағасы Сергей Лебедев тамашалады.
Сонымен қатар, құрметті қонақтар алдында КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Дінішев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртістері Мейір Байнеш, Медет Шотабаев, "Астана Опера" театрының солисі Мария Мудряк және тағы басқалары өнер көрсеткен.