2165
БАҒАСЫ УДАЙ, БІЛІМІ ҚАНДАЙ немесе ақылы мектептер кімге тиімді?
БАҒАСЫ УДАЙ, БІЛІМІ ҚАНДАЙ немесе ақылы мектептер кімге тиімді?
Ертеректе «Күш – білімде, білім – кітапта» деген тәмсіл жиі айтылатын. Кітапты серігіне айналдырғандарға «оқымысты» деген лақап тағылып, «үлкен азамат болайын деп тұр» деп жақсылыққа жорушы еді. Бүгін ше? «Балам кітап оқысын» деп емес, «қымбат мектепте оқысын» дейтін ата-аналар көбейді. Сонда кітаптың орнын ақылы білім ошақтары басқан ба? Елімізде жыл сайын ақылы мектептердің саны артып келеді. Тіпті оған сұраныс та жоғары. Неге?
«Өткен оқу жылының басында Алматыдағы пәлен деген жерде, түген деген ақылы мектеп ашылды» деп бір сыйлас жігіт әңгімесін бастады. Елең ете қалдық. Сол мектептің ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген досымыз алдын-ала жоспар бойынша 140-150 адамға шақталып салынған мектепте оқу бағасы 300 мың теңгенің төңірегінде болғанын жеткізді. Құрылыс жұмыстары аяқталып, оқуға қабылдану бастала салысымен мыңға тарта үміткер сау ете қалыпты. Соның бәрі де 300 мың теңгеден ай сайын ақы төлеуге сақадай сай. Мектеп әкімшілігі солардың 300-ге жуығын білім ошағына қабылдапты. Сонда әке-шешеміздің жылына 500 мың теңгені әрең жиып, ҚазҰУ-да оқытқаны есіме түсті. Жаңағы мектептің бір сыныбын бітіру, менің бакалавриатты толықтай игеріп, маман болып шығуымнан да қымбатқа түседі екен. Осылайша аталған тақырып қызықтыра бастады. Бұрынырақта ақылы мектептің бар екенін білсек те, оның бәсекеге айналып кеткенінен бейхабар болыппыз.
Ақылы мектептер көшін Швейцариядағы Institute Le Rosey білім ошағы бастайды екен. Аталған мекемеде білім алу үшін әр бала 73 мың 150 АҚШ долларын төлеу керек. Ал Қазақстандағы ең элиталы халықаралық мектеп – Haileybury Almaty. Коммерциялық емес акционерлік ұйым меншігіндегі мекеме Ұлыбританиядағы атақты Haileybury and Imperial College мамандарымен одақтаса жұмыс істейді. Ашық мәлімет көздеріне сүйенсек, қазір бұл білім ошағында шамамен 600-ге жуық талапкер білім алады. Олар орта есеппен айына 697 мың теңге көлеміндегі қаражатты мектеп әкімшілігіне аударады. Акционерлік меншік болғандықтан құрылтайшылар қатарында танымал кәсіпкерлер бар. Атап айтсақ, Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Айдан Карибжанов, Марғұлан Сейсембаев, Альфия Қуанышева басшылық етеді. Мектепте 60-қа жуық жоғары санатты шетелдік педогог қызмет атқарады. Олардың басым көпшілігі Ұлыбритания азаматтары. Айына 697 мың теңге төлейтін, мектептің не ерекшелігі бар десеңіз түлектер ешқандай ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмайды. Есесіне шет елдік ЖОО оқуға тапсырады. Тіпті QS рейтингісі бойынша үздік 100 университетке кіретін оқу орындары арнайы білім гранттарын қарастырып, білімді балаларды осы мектептен таңдап алады екен. Ал мектептің табысы 4,2 млрд теңгеге жуықтайды.
Алматы мен Астанадағы 50-ден астам ақылы мектепте шамамен алғанда 150 мыңға жуық бала оқиды. Ата-ана баласын ақылы мектепке берерде ондағы білім сапасы мен бала болашағына баса ден қояды дейді психолог мамандар. Ақылы мектептердің көбінде бір сыныпта 8-10 бала оқыса, соған сәйкес оқушылар салалық пәндерді жақсы меңгеріп шығады. Мемлекет тегін білім алуға мүмкіндік жаратып тұрғанда, неге ата-ана қалтасынан қағылып ақылы білім ошақтарына жүгіру керек? Әлде бұл мемлекеттік мекемелердегі білім сапасы нашар, ұстаздар біліктілігі төмен дегенге сая ма? Не де болса,
БІЛІМ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛҒАНДА
қара халықтың халі ескерусіз қалмаса екен. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын білім министрлігінде мемлекеттік мектептерді ақылы білім ошақтарымен біріктіру жайы сөз болып қалған-ды. Сонда министрлік өкілдері мемлекеттік мектепте оқитын балаларға жыл сайын үкіметтен 200 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылатынын айтқан. Сол қаржыны тиісінше жекеменшік мектептерге субсидия ретінде аударылуы мүмкін болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова: «Қазір ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы мектептерде оқытқысы келеді. Алайда бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Яғни үкімет ата-аналардың қалтасына түсетін салмақтың бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе», – деген еді. Егер сондай болған жағдайда 200 мың теңге ақылы мектептің 10 пайызын ғана жауып, қалған 90 пайызы ата-анаға салмақ болмақ. Сонда бір үйден 5-6 баласы мектепке баратындар қайтпек? Бұл алғашқыда жаппай орын алатын реформа болмағанымен, болашақта сол күнге жетпейтіндігімізге кім кепіл? Баласына жылына бір көйлек алып беруге қаражат тұрғысынан қиналатындар, 1-2 миллионды бір класстық білім үшін сарп етпек түгілі, таба алады деу қиын.
Қоғамда әр айтқан пікірі қызу талқыға түсетін академик Асқар Жұмаділдаев та бұл реформаға қолдау білдіріп: «Жекеменшік мектептерде мемлекеттік мектептерде жоқ мүмкіндік бар. Мемлекеттік мектептер мамандарын білім жүйесі озық тұрған елдерге тәжірибесін жетілдіруге жібере алмайды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан мектеп мұғалімдері үшін облыс орталығы немесе Алматы мен Астанада білім жетілдірудің өзі үлкен күш. Сондықтан мемлекеттің жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдету туралы ұсынысын қолдаймын», – деп ой бөліскен екен. Академиктің сөзінде жан бар, дегенмен, білімді бизнеске айналдырып, ақылы білім ошақтарын көбейткеннен гөрі, сапалы білім беретін
ҰСТАЗДАР БІЛІКТІЛІГІ АРТСА
әлдеқайда тиімді болмас па еді? Жекеменшік, ақылы мектептер жайында Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметов те біршама ой білдірген. «Жекеменшік мектеп ашуды ойлаған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығым болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жекеменшік мектептер барлық елдерде қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын үлкен күш. Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пайда болады, ал бәсеке болған жерде баға төмендейді және жекеменшік мектептің мемлекетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқуға қол жеткізеді», – дейді А. Қожахметов. Бұл да біраз уақытты талап етеді. Бір тоқталып өтер жайт, мемлекеттік мектептердегі білім сапасын, ақылы мектептер деңгейіне жеткізуге сонда не қолбайлау болып отыр? Біздің елде де тәжірибелі, біліктілігі жоғары ұстаз мамандар баршылық. Олардың дені жалақының тым аз екенін алға тартады. Әлемдегі үздік мектеп деп мойындалатын Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея білім ошақтарында ұстаздарға шашетектен еңбекақы төлейді. Бәлкім содан болса керек, олар оқытқан балалар ғылым үйреніп, ғалым болып, өнертапқыш атанып жатады.
Жалпы ақылы мектептер көбейгені бәсекелестікті арттыруы мүмкін. Осындайда халқының қамын ойлап тегін білім, мәдениет, әдебиет ошақтарын салғызған меценаттар еске түседі. TÚRKISTAN газетінің биылғы №12 санында «Қазақ және қайырымдылық» атты мақала жарыққа шыққан болатын. Сонда қазақ даласындағы меценаттар туралы, олардың көшін бастайтын Маманқұттың ұрпақтары жайында кеңінен әңгімелеген едік. Өз қалтасынан ақша шығарып, мектеп салдырған Маманқұттың ұлдары мен немерелері оқытушыларды шет елден алдыртып, тіптен оқушыларды ас-су, жатын орынмен қамтамасыз еткен. Мұндай абзал азаматтардың қатары сиремесе де, көбею қарқыны баяу. Есесіне ұрпақ ертеңін бизнеске айырбастайтындар күн санап еселеніп жатыр. Бұның шегі де бар шығар. Бас ақынымыз Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз.
ОНДАЙ БОЛМАҚ ҚАЙДА
деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» демеп пе еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қаржыландыратын «Арыстан» мамандандырылған лицейі жайында аз-кем хабардармыз. Онда 9-10-11 сыныптарда небәрі 240 лицеист білім алады. Оларға жыл сайын 10 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінетін көрінеді. 5 мезгіл тамағы мен жеке мектеп, әскери формалары соның есебінен тігіледі. Мекеме басшылары жыл сайын 80 балаға білім грантын бөледі, ал үміткерлер саны 1000-нан асып жығылады. Бұл да меценаттықтың бір үлгісі іспетті. Әйтпесе қазақ әскерінің элитасын дайындайтын мекеме білім беруді ақылы етсе де болушы еді. Балам ҚР Қорғаныс саласының жоғары санатты маманы болсын дейтін бай-манаптар біршама. Мекеме ұжымы болса «бізге қаражат емес, қазақ әскерінің болашағы маңызды» дейді. Осыдан болса керек лицей «Міндет! Абырой! Ерлік!» сөздерін ұран етеді.
Қай мемлекет болмасын білім беру ісіне бей-жай қарамайды. Десек те әр ел өзі жөн деп тапқан реформалар арқылы білім беруді құп көреді. Мәселен жаһан елдері арасында білім беру жүйесі бойынша көш бастап тұрған ел ретінде – Оңтүстік Корея айтылады. 8 және 10 жас аралығында бастауыш мектепте оқитын балалар мұнда корей тілі, математика, нақты ғылымдар, бейнелеу өнеріне машықтанса, барлық пәнді бір мұғалім оқытатынымен ерекшеленеді. Бір қиындық туғызатыны ағылшын тілін меңгеру, өйткені корей мен ағылшын тілдерінің грамматикасында айырмашылықтар көп. Солай бола тұра Корея білім беру жүйесінде математика мен ағылшын пәніне баса ден қойылады. Оқушылар оны қиынсынбай арнайы курстарға барып, білімдерін жетілдіреді. Біз жоғарыда айтып бастаған жекеменшік мектептер мұнда да бар. Қоғамдық мектептерден артықшылығы, білім беру деңгейі өте жоғары. Бағасы да тым қымбат емес. Айына бала басына небәрі 130 доллардан келеді. 12-15 жас аралығындағылар тәрбиесі мен талабы өте қатаң орта мектептерде оқиды. Ол жерде күніне 6 негізгі, 1 мамандандырылған пән оқытылады. Бір артықшылығы пәндер жыл сайын өзгеріп отырады.
Әлем халықтарының арасында Жапония білім беру жүйесі ерекшеленіп тұрады. Мұндағы оқушылар дәстүр бойынша сабақты қыркүйек емес, сәуір айында бастайды. Сәуір айын жаңа өмірді бастау үшін ең қолайлы ай ретінде тәуір көретін жапондықтар балаларға демалыссыз білім береді. Яғни демалыс уақытының барлығын емтиханға дайындықпен өткізеді.
«Барлық жерде оқытады, бірақ біз нағыз серілерді тәрбиелеп шығарамыз» деп ұрандататын Ұлыбритания мектептерінің өзіне тән білім жүйесі бар. Тіпті мұны өзге елдер тәжірибесінде жиі қолданады. Мәселен біріккен Корольдікке тән ерекшелік – ақылы интернаттар. Бүгінде мұндай пансионаттарда ақсүйектер ұрпағы білім алады деседі. 2-7 жас аралығындағы балаларға «рreparatory schools» жүйесімен білім беріп, 7-13 жастағылар «junior schools» жүйесімен бастауыш сынып білімін алады. Бір ерекшелігі бастауышты бітірген оқушы емтихан тапсыра алмаса, ол үшін болашақ жабық. Ал «Senior School» – 13-18 жас аралығындағы балалар білім алып, GCSE емтиханын тапсыру арқылы «A-Level» немесе «International Baccalaureate» бағдарламасына өтеді. Университет бітірген студент 21 мың фунт айлық алатын жұмысқа тұрмаса, кредитін төлемеуге болады. Бұл біздіңше 10 млн 269 мың теңге. АҚШ білім беру жүйесі де ерекше. Мектептерде оқу тәртібі тіл, әдебиет, нақты және гуманитарлық ғылым, т.б. болып бірнеше категорияға бөлінген. Жоғары сынып оқушылары әр саладан кредиттік жүйе жинақтайды. Мұғалім оқушыны жеке шақырып алып, бағасын өзіне ғана көрсетеді. Әр жарты жыл сайын ата-анаға баласының үлгерімін жіберіп отырады. Біздің елде
МЕКТЕПКЕ АТТАП БАСПАЙТЫН
ата-аналардың бар екені рас. Ақжарқын есімді кәсіпкер әйел: «Күні бойы жұмыстамын. Баламды ақылы мектепке бердім. Түске дейін сабақ оқысы, түстен кейін мектепте қалып үй жұмысын орындайды. Мектеп ұжымы үйден алып кетіп, кешке әкеліп тастайды. Тіпті тамағын да өздері береді. Маған ақылы мектептер сонысымен тиімді» дейді. Бірге тиімді болғанмен мұндай мектептер екіншіге қолжетімсіз. Мәселен Haileybury Almaty мектебінің есеп бөлімінің мамандары бір жыл бұрын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «1,2-сынып оқушылары үшін біздің мектепте оқу құны – 6 млн 646 мың теңге. 3-4 сынып оқушылары үшін оқу 1 млн теңгеге қымбаттай түседі. 7-сыныптан бастап оқу одан әрі қымбаттайды. Себебі, бұл сыныптарда қосымша тестілеу жұмыстары, емтихандар қосылады. Стандартты құжаттан бөлек, ата-аналар бұл мектептерге 428 мың теңге кепілдік төлем төлеуге міндеттеледі. Ата-аналар мектептен шыққан жағдайда кепілдік соманы қайтара алады. Жаңадан келген оқушыға 37 мың теңге төлеуге тура келеді. Білім беру жүйесі орта білім беру басқармасынан ерекшеленеді. Себебі бізде британдық білім беру жүйесі бар. Бұл ақшаға тамақтану мен оқу кіреді», – деп ағынан жарылыпты. Оқу ақысының құны бойынша екінші орында – Haileybury Astana мектебі. Одан кейін «TAMOS Education» физика математика мектебі. Мұнда оқушылар орта есеппен 193 мың теңге ай сайын төлейді. Қымбат төрттікті «Мирас» халықаралық мектебі аяқтайды. Мектептің ресми сайтында көрсетілгендей, оқу құны жылына 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін. Кеңсе құралдарын, аяқ киім, спорт формасын қоспағанда, мектеп формасының өзі 43 мың теңгеге айналады. Егер аталған мектепте бір отбасының 2 баласы оқып жатқан болса, екіншісіне – 5 пайыз, үшінші балаға 10 пайыз жеңілдік болады екен.
P.S: Ата-ана ақылы мектепке жүгірмеуі үшін мемлекеттік білім ошақтарындағы білім сапасы, техникалық мүмкіншілігі жақсы болу керек. Білім беруші ұстаздар айлығы жарымай білім деңгейін көтеру де тым күрделі шаруа. Қалалық жерде білім беретін 2-3 жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің орташа еңбек ақысы осы айдан бастап 55 мың 480 теңгеден 66 мың 382 теңгеге дейін көтерілді. Ал үлгі еткен Ұлыбритания ұстаздарына ай сайын орта есеппен 2 мың 314 АҚШ доллары көлемінде жалақы төлейді екен.
Арман Құдайберген