ИНВЕСТОР КЕЛГЕНІ КІМГЕ ИГІ? ХАЛЫҚҚА МА, ӘЛДЕ...

ИНВЕСТОР КЕЛГЕНІ КІМГЕ ИГІ? ХАЛЫҚҚА МА, ӘЛДЕ...

ИНВЕСТОР КЕЛГЕНІ  КІМГЕ ИГІ? ХАЛЫҚҚА МА, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі
485
Жуырда елордада өткен ХІІ Астана экономикалық форумы әлемдік экономистердің, БАҚ өкілдерінің назарын аудартты. Осы АЭФ аясында өткізілген III Kazakhstan Global Investment Roundtable дөнгелек үстелінде қордаланып тұрған талай мәселе оңтайланғандай әсер қалдырды. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин төрағалық еткен жиында жалпы құны 8,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 43 коммерциялық келісімге қол қойылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге 300 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Бұл жайында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин KGIR-2019 басқосуында «Инвестициялар – Қазақстан дамуының басты факторы» деп ерекше тоқталып, «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына 300 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйылды», – деді. Жалпы, кез келген елдің дамуына тікелей қаражат әсер етсе, Қазақстанға инвесторлар тарапынан құйылған 300 млрд долларды аз ақша дей алмаймыз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты тұрақтанып, білім-ғылым саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңіне қарағанда халықтың әлеуметтік хал-ахуалы жақсарды. Медицина әлдеқайда ілгерілеп, ел шекарасы бекіді. Бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына ендік, дегенмен, әлі де болса түйіні тарқамаған түйткіл көп. Оның дені – өндіріс саласында. Қазақстанда сапалы өнім өндіретін, отандық бренд қалыптастырып, оны шығаратын зауыттар саусақпан санарлық екені рас. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстан жеке кәсіпкерлер мен инвесторларға тиімді жағдай жасап келеді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен KGIR-2019 дөңгелек үстелі елдегі дамуды қажет етіп отырған салалар мен шетелдік инвесторлар үшін алтын көпір болған іспетті. Аталған жиын 1100-ден астам ірі әлемдік және қазақстандық компаниялардың басшыларын, халықаралық сарапшыларды, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинаған маңызды инвестициялық оқиға болды. 41 елден келген 600-ден астам қонақтың арасында «Cisco», «Nokia»», «CITIC Bank Corporation», «WILO SE Group», «AGCO Corporation», «Valmont Industries», «Tyson Foods», «Yildirim Group» және тағы басқа ірі компаниялардың топ-менеджерлері бар. KGIR-2019-дың пленарлық отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Бүгінде еліміз шетелдік инвесторлар үшін ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады. Біздің экономикамыз үшін инвестициялардың маңыздылығын түсіне отырып, біз шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі Үйлестіру кеңесін құрдық, маған инвестициялық омбудсменнің міндеттері жүктелді. Әрине, бұл бізге инвестициялық қызмет барысында туындайтын мәселелерді жылдам шешуге және инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді», – деді. Солай да шығар, әйтеуір бұл жиынның дүйім жұртқа тигізер пайдасы болса болғаны. Сонымен тараптар келісімге келіп, уағдаласқан 8,7 млрд АҚШ доллары қайда жұмсалады? Қазақстаннан экспортқа шығатын өнімдердің негізгі бөлігі қазба байлықтар болса, оның ішінде мұнай саласы айрықша басымдыққа ие. Маңғыстау облысының әкімдігі енді газ-химия саласын дамытуға мүмкіндік алды. Сингапурлық «Westgasoil» компаниясымен болған келіссөздер нәтижесінде маңғыстаулықтар елдегі химия өнімдерін өндіруді орналастырып, газ-химия кешенін дамыту арқылы импорт алмастыруды қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда инвесторлар өлкеде метанол және олефиндерді өндіруге бағытталған жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. БАҚ өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған жобаның қаржылық есебі шамамен 2 млрд долларға жуықтайды. Бір айта кетерлігі, сингапурлықтар бір жыл бұрынғы KGIR-2018 жиынында Атырау әкімдігімен дәл осындай келісім жасасқан-тын. Бірақ бұл жұмыстың барысы, аяқ-алысы туралы еш дерек жоқ. Тараптар бірлескен жұмысты бастады дегенді БАҚ таратқан хабарлардан, интернет беттерінен таппадық. Қызық? Қазақ елі, жері, халқы дегенде Түркияның бір бүйрегі бұрып тұратыны бар. Елордада өткен басқосуда экспортты дамытуды мақсат еткен «Yıldirim Holding» және Жамбыл облысының әкімдігі Жамбыл облысында сода өндіру зауытының құрылысы туралы келісімге қол қойды. Алдын ала болжам бойынша зауыттың жылдық қуаттылығы 400 мың тоннаны құрайды. Жалпы «Yıldirim Holding» әлемдік экономика кеңістігінде салмағы, біршама жылдық тарихы бар ұйым. 4 құрлықтың 50-ден астам елімен тікелей жұмыс істейтін Юксель, Әли-Риза Йылдырым бір атаның ұлдары. Түркиядағы Форбс журналы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Йылдырым ұлдарының әрқайсысының еншісінде 525 млн АҚШ долларынан бар. Және олар Түркиядағы үздік 100 кәсіпкердің қатарында. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортауға бағытталған жылыжай кешендерін салу жобасы бойынша «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Ресей инвесторы арасында тиісті келісім түзіліп, бірқатар жобалар талқыланды. Сондай-ақ, тамақ өнеркәсібінде Павлодар облысының әкімдігі мен Beijing NAALE GROUP (Қытай) арасында қант зауытын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған облыс әкімі Болат Бақауов журналистерге берген сұхбатында: «Жеңіске апарар жол жеңіл болмайды. Істі ойға алған соң жүзеге асыру үшін біраз уақыт керек екенін түсінетін боларсыздар. Жобалау уақытының өзі ғана 1,5 жылды талап етеді. Республикада қантты өңдеуден көш бастап келе жатқан Алматы облысы биыл қызылшаны 9 мың гектар жерде өсіреді. Ал біздің «Пахарь» шаруа қожалығының өзінде ғана 9 мың гектар суармалы жер бар. Егіс айналымын жақсарту үшін қызылша өсіру ісін бастауға болады. Біз қажет құрал-жабдықтарды, олардың бағасын бақылап жатырмыз. Қызылшаны жинап, сақтаудың амалдарын жан-жақты қарастыру керек», – деген еді. Табандылық танытқан облыс әкімі осылайша алға қойған мақсатын орындайтын болды. Ал өткен аптаның басында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ақсу қаласында қант зауытын салатын ресейлік инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Кездесуде «Сасса» инвестициялық-консалтингтік топ өкілдері «Қазақстан бүгінгі таңда халқының 27 пайызын қантпен қамтып отыр. Ал, Павлодар облысы қант қызылшасын дамытуға қажетті жер, су мен өзге де ресурстарға ие бірден-бір өңір. Аталмыш жоба жылдық қуаттылығы 144 000 тоннаны құрайтын қант зауытын салуды көздейді. Өнім ішкі нарыққа жіберіліп, көрші елдерге де экспортталмақ», – деп баяндаған. Не де болса, Қытай мен Ресей инвесторлары Кереку өңіріне қаржы құюға дайын отыр. Көлік және логистика саласында тағы бір түркиялық беделді холдинг Түркістан облысына инвестиция салмақ ниетте. Облыс әкімдігімен Түркістан облысында халықаралық әуежайын салу туралы келісімге қол қойды. Осылайша «YDA Holding» Қазақстан тарихындағы жаңадан соғылып жатқан алғашқы әуежайдың инвесторы болады. Көлік саласындағы тағы бір жоба – Ақтөбе халықаралық әуежайы базасында логистикалық хабты құру. Бұл ретте «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен «AEON» корпорациясы арасында меморандум түзілді. Шетелдік инвестор Ресейдің 14 аймақтық әуежайларында (Новосибирск, Челябинск, Волгоград, Томск, Астрахань, Чита, Тюмень, Пермь, Мурманск, Кемерово, Минеральные Воды, Калининград, Улан-Удэ, Владикавказ және т.б.) бақылау пакеттерін басқарады. Жоба Қазақстандағы қосымша авиациялық хабты құруға және Еуропа-Азия бағытындағы мультимодальды жүктерді тасымалдаудың жаңа бағытын ашуға бағытталып, елімізді транзиттік дәліз ретінде нығайтуға мүмкіндік береді. Одан өзге деректер орталықтарының құрылысы және Қазақстанда 5G жобасын іске асыру секілді жобалар бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Тау-кен металлургия секторында Біріккен Араб Әмірліктерінің Canarax Trading LLC және Павлодар облысының әкімдігі ірі жобаны іске асырмақ.  Тараптар қуаттылығы жылына 165 мың тоннаға дейін техникалық кремний өндіретін зауыт салмақ.  Алғашқы кезеңде 30 мың тонна өнім шығару жоспарланып отыр. Зауыт өнімдері металл қорытпаларын, органикалық қосылыстар, электроника және күн энергиясын өндіруде қолданылады. Денсаулық сақтау саласы да инвесторлар назарынан тыс қалмады. «Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы» мен «Shanghai Constructions Group» Шымкентте 1000 орындық инновациялық клиника құрылысын бастамақ. Бір айта кетерлігі заманауи технологиялар бойынша жабдықталған клиника медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынып, Орталық Азиядағы протон терапиясының жалғыз орталығы болады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында «Білім метрополисін салу – мектеп, колледж, университет» жобасының жол картасына  орай сингапурлық инвесторлармен келісімге қол қойылды. Kinder World қаржыландыруымен жақын арада Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық мектептер желісі, колледж және білім беру кешені салынады. Жалпы, аталған жобалардың бәрі де халық жағдайын оңтайландыру үшін жасалса игі. Әйтпесе Қазақстанға ағылып жатқан инвесторлардың осы елден пайда көрсем деп келетіні белгілі-ақ. Тиімді жобаны талдау, таңдау, талғау біздің ел басшыларына жүктелген ауыр міндет. Бір ғана дөңгелек үстел аясында емес халықаралық конгресс, форумдар аясында талай келісім түзіліп жатады. Жуырда Астанада өткен АЭФ-2019 жыл сайынғы жаһан халқы асыға күтетін, сүйсіне тамашалайтын шараға айналды. Бұл жайында ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана экономикалық форумы – Еуразияның жыл сайынғы негізгі іскерлік оқиғасы», – деп баға берді. «11 жылдың ішінде Астана экономикалық форумы әлемдік экономика мен қаржы жүйесін сауықтыру және дамыту мәселелерін талқылау үшін ең ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесіне ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000- ға жуық делегат, оның ішінде 20-дан астам Нобель лауреаттары мен 30-дан астам жоғары деңгейдегі шетелдік саяси қайраткерлер қатысты. Конгресс аясында 20 млрд. АҚШ долларынан асатын сомаға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалды. Форумның спикерлері әр уақытта саясаткерлер, ғалымдар мен экономистер, журналистер мен әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен бизнес-элит өкілдері болды», – деді Елбасы. Елге келіп, оның мүмкіндігі мен әл-ауқатын көріп кеткендер түбі инвесторлық жасап, ақша тартатыны белгілі. Қазақстанның қайсы облысында болмасын инвесторлардың қолтаңбасы бар. Бір ғана Алматы облысына шет елдік инвесторлар миллиардтап ақша құюға дайын отыр. Алдағы үш жылға алдын ала жоспар түзіліп қойған. Облыс аумағында салынатын зауыттардың қаржылық жоспары бекітіліп, құрылысы басталуға дайын тұрған көрінеді. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағына өсімдіктерді қорғауға арналған қоспалар дайындайтын зауыт салынады. Құны 30 млн АҚШ доллары болатын зауытқа түркиялық «АгроБэст» холдингі инвестиция салған. Кербұлақ ауданында 47 млрд теңгеге жоспарланған Alacem цемент зауытының құрылысы басталу үстінде. Ал қытайлық инвесторлар Көксу өзеніне ГЭС салу ісіне ерекше қызығушылық білдіріп, 15,6 млрд теңге қарастырған. Сарыөзек аумағында СЭС салу ісіне украиндық кәсіпкерлер кірісіп кетіпті. Олар аталған құрылыс үшін 37,8 млрд теңге бөлген. Қапшағай аймағындағы СЭС құрылысына сингапурлық инвесторлар қызығушылық білдіріп, 27 млрд теңге жұмсауға дайын. Кеген ауданы да назардан тыс қалмаған. Өлкеге алдағы үш жылдың ішінде жобалық құны 1,5 млрд теңге болатын ойын-сауық паркі салынады. Талдықорған қаласының өзінде 4 млрд теңгеге ет комбинаты бой көтереді.

Серіктес жаңалықтары