Қоғамдық көлік һәм қауіпсіздік

Қоғамдық көлік һәм қауіпсіздік

Қоғамдық көлік һәм қауіпсіздік
ашық дереккөзі
1602
Қоғамдық көлік. Жолаушы қауіпсіздігі. Бұл тақырып талай мәрте жазылды, айтылды. Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Өйткені Қазақстанда жыл сайын автобустарға қатысты 500-ге жуық жол апаты болып, соның салдарынан ондаған адам көз жұмады екен. Сондықтан елімізде автобуспен жолаушы тасымалдау қауіпсіздігін күшейту үшін арнайы жол картасы әзірленуде. Ал бұл бастама қаншалықты нәтижелі болуы мүмкін? Жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жүргізушілері мен автопарк басшылығы үшін азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс. Бірақ бүгінгі күні жолаушылардың мұндай тілегі орындалмай тұрған тәрізді. Осыны ескерген ел үкіметі жаңа бастаманы қолға алмақ. Жүзеге асырылғалы отырған жол картасы осы айда күшіне енуі тиіс. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі күні елімізде тіркелген 90 мыңдай автобустың жартысының пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен екен. Сол үшін де ескі техникаға шектеу қойылып, жүргізушілерге деген талап күшейтілмек. Әйтпесе автобустардың кесірінен болатын жол апаттарын азайту мүмкін болмайтын тәрізді. Статистикалық деректерге сенсек, жыл сайын автобус жүргізушілерінің кінәсінен болатын 500 жол апатынан 50 адам қаза тауып, 700 жолаушы жараланады. Жыл басынан бері қоғамдық көлікте 7 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып үлгеріпті, оның ішінде 3 мың жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін жазаланған. Ал 1300 автобус міндетті техникалық байқаудан өтпестен, жолаушы тасымалымен айналысыпты. Одан бөлек 800 автобустың заңсыз жолаушы тасымалдағаны анықталды. Жүргізушілер қайда асығады? Ресми деректер жол апаттарының 90 пайыздан астамы жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болатындығын көрсетіп отыр. Көбінесе жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы жол апатының себебі ретінде тіркеледі. Ал жылдамдықты арттырып, жол ережесін қаперге алмайтындардың қатарында қоғамдық көлік жүргізушілері де бар. Полицейлер де көбіне көшелерде жарыс ұйымдастыратын қоғамдық көлік жүргізушілерінің кесірінен жол-көлік апаты орын алатынын жоққа шығармайды. Аялдамаға өзге қоғамдық көліктерден бұрын жету, адамды көптеп жинау, жол ережесін өрескел бұзу себептерінен адам өмірі мен оның қауіпсіздігі соңғы орынға ысырылып қалғаны да жолаушылардың ашу-ызасын тудыратыны белгілі. Жол ережесін өрескел бұзып, заңды белшесінен басып жүрген қоғамдық көлік жүргізушілерінің үстінен шағымданатын жұрттың наразылығы азайды дей алмаймыз. Есесіне, қоғамдық көлікке отырған кез келген жолаушы жанын шүберекке түйіп, діттеген жеріне аман-есен жетуін тілеп отырады. Олай етпеске амал да жоқ. Мәселен, биылғы наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында жол апаты көптің есінен шыға қоймаған болар. Бұл апаттың да себепкері болған жолаушылар автобусы еді. Бір-біріне соқтығысқан 3 автобус жанындағы бірнеше темір тұлпар пен жедел жәрдем көлігіне де зақым келтірді. Ең өкініштісі, адам шығыны бар. Апат салдарынан 1966 жылы туған автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы көз жұмып, 27 адам зардап шеккен. Осы бір жантүршігерлік жол апатынан кейін Сенат депутаты Георгий Ким Үкімет басшысына сауал жолдап, жолаушылар тасымалын, сондай-ақ техникалық және медициналық тексерістерді жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерінің жауапкершілігін күшейтуді сұраған болатын. Үкімет жаңа бастаманы қолға алуға ниет білдіргенімен, әлі сең қозғала қоймаған-ды. Жалпы, қоғамдық көліктердің жиі соқтығысуы халықты алаңдатпай қоймайды. Жүргізушілердің өте жоғары жылдамдықпен қала көшелерінде жүйткіп жүргенін көргенде, иманыңды үйіріп, амандық тілеуден өзге шараң да қалмайды. Себебі жүргізушілердің көбі жолаушылардың наразылығына назар да аудармайды. Тіпті, бұл мәселені көтеруден қарапайым жұртшылық та әбден қажыды. Әсіресе, ұзын жолдың бойындағы жол апаттарының орын алуына да себепкер болатын – жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілері. Ұзыннан-ұзақ созылған жолда бостандыққа шыққандай еркінсіген жүргізушілердің жол қысқарту мақсатында жылдамдық шектен тыс асыратыны жасырын емес. Күре жолда автожарысқа түскендей жоғары жылдамдықпен жүйткитін жүргізушілерге қашан тыйым салынбақ? Статистика мәліметтері жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы тікелей жүргізушілердің кінәсінен болатынын көрсетуде. Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамаудың кесірінен жол апаты болып, адамдарға да, мемлекетке де айтарлықтай шығын келтірілуде. Таяуда ғана Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жол апаты сөзімізге дәлел. Апат салдарынан оқиға орнында сегіз адам көз жұмды, 32 адам ауруханаға жеткізілді, алған жарақатынан тағы үш адам жан тапсырды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 44 жастағы автобус жүргізушісі тұтқындалған. Оған екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан апатты жағдайда жол ережесін бұзды деген айып тағылды. Азамат сот санкциясы бойынша екі айға қамауға алынды. Ең ауыры – жол үстінде апатқа ұшырап, соның салдарынан өмірден өткен қанша жан, қанша отбасы қара жамылды?! Қанша жан мүгедек болып, арбаға таңылды?! Ал сол апаттан алған жарақатынан азап шегіп жүргендері қаншама?! Мұның бәрінің өтеуі кімнен болмақ? Әрбір жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі мен денсаулығы, тағдыры тұрғандығын естен шығарып алғанымыз ба?! Мәдениет қалыптастыру үшін де қаржы керек пе?  Қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын апаттарды сөз қылмағанда, жай ғана күнделікті тіршілікте автобус жүргізушілері мен кондукторлардың аса төмен мәдениеті де жұртшылықтың ашу-ызасын туғызатыны жасырын емес. Қарапайым халық үшін ең тиімді қозғалыс құралы – қоғамдық көліктер екені түсінікті. Алайда қоғамдық көліктердің қызметін пайдалану күннен күнге қауіпті бола түсіп, олардың қызмет көрсету сапасы халық талабынан төмен болуда. Жолаушылар аялдамаларда қоғамдық көліктерді ұзақ күтуге мәжбүр. Онымен қоса, көліктерге медициналық және техникалық тексерулер дұрыс жасалмайды. Автобус жүргізушілерінің жолда келе жатып темекі шегіп, телефонмен сөйлесетіні тағы бар. Көлік тізгінін ұстап келе жатса да, ұялы телефонмен айқайлай сөйлесуі, автобуста өзін қожайын сезініп, жолаушыларға дөрекілік танытуы ел-жұрттың әбден жүйкесін жұқартқаны да шындық. Республиканың барлық қалаларында дерлік автобустар жаңартылып, транспорттық жүйеге өзгерістер енгізілгенімен, мұның бәрі озбырлыққа еті үйренген көптеген жүргізушілерді тәртіпке шақыра алмай тұр. Бірақ автобус жүргізушілеріне мәдениеттілікті үйрету үшін мемлекеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ болар?! Әрине, таңмен таласып жол бойында жүретін жүргізушілердің де жұмысы оңай емес. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ жолаушыларды сыйламаған жүргізушіге кім түсіністікпен қарайды дейсіз. Кей жағдайда шектен шығып кететін жолаушылар да кездесіп жатады. Көпке топырақ шаша алмаймыз. Десек те, қоғамдық көліктегі жүргізуші мен жолаушы арасындағы текетіресті ретке келтіріп, тәртіп орнату қиын іс болып тұр. Қоғамдық көліктердегі кемші-лік ретінде сөз болатын тағы бір мәселе – автобустар мен троллейбустарда медициналық қобдишалардың жоқтығы. Бұл тақырып та талай журналистің қолына қалам алуына себеп болған. Бірақ нәтижесі көңілге қонымды емес. Автобус ішінде өзін жайсыз сезінген адамға ешқандай көмек көрсетілмейтіндігінің себебі де медициналық қобдишаның жоқтығынан. Тіпті, қоғамдық көлік ішінде есінен танып не болмаса жағдайы нашарлап қалған жандарға көмек көрсетпек болған жолаушылардың жүргізушіден сөз естігенін де талай мәрте көзіміз көрді. Ауырған адамды аялдамада түсіріп кетіп, «жедел жәрдем келгенше өзі күтсін» деп тепсінетін жүргізушілер мен кондукторлар да жеткілікті. Жалпы, ережеге сай қоғамдық көліктерде медициналық мақсаттағы дәрі-дәрмектердің болуы міндетті. Себебі жолда қандай жағдай орын алатыны бір Аллаға ғана аян. Сондай кездерде қоғамдық көліктерде алғашқы көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер болуы тиіс. Өкініштісі, бізде заңмен бекітілген талаптардың бірі де орындалмайды. Сондықтан, кез келген қаладағы автопарк басшылары қызметкерлері үшін арнайы тренингтер өткізіп, мамандарын дайындықтан өткізіп отыру қажет секілді.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары