298
Йога фестивалі - Қазақстанда
Йога фестивалі - Қазақстанда
Елімізде жыл сайын БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылатын бесінші халықаралық йога фестивалі басталды. Ол Қазақстанда 15-22 маусым аралығында өткізіледі. Бұл жөнінде Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар айтты.
Елордада халықаралық йога фестивалі бастау алды. Үндістанның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, Қазақстандағы йоганың танымалдығын ескере отырып, Үндістан елшілігі фестивальге қатысатын қалалардың санын ұлғайтуды шешкен.
«Биыл йога фестивалі бесінші рет өтіп жатыр. Біріккен ұлттар ұйымы 2014 жылы Йога күнін белгілеген болатын. Ол 2015 жылдан бері тойланады. Фестиваль 22 маусымға дейін жалғасады. Біз елордада фестивальдің аяқталуына байланысты ауқымды іс-шара өткіземіз. Жалпы алғанда, мұндай іс-шара бүкіл әлем бойынша ұйымдастырылады. Ал Қазақстанда он қалада бірден тойланады», - дейді Прабхат Кумар.
Свами Вивекананд атындағы Мәдениет орталығының директоры Санджай Гаргтың сөзінше, Үндістан елшісінің бастамасымен Қазақстан Йоганың ортақ хаттамасына енгізілген.
«Фестиваль Нұр-Сұлтан ғана емес, Алматы, Арқалық, Қостанай, Орал, Тараз, Зеренді, Бурабай және Қарағанды облысын қамтып отыр. Үндістанда бұл фестивальге елдің премьер-министрінен бастап 30 мыңнан астам адам қатысады. Ортақ хаттама бойынша, йога жаттығуы 45 минутқа созылады. Одан бөлек, үнді мәдениет орталығында елорда тұрғындары үшін йога жаттығуы тұрақты түрде өткізіліп тұрады», - деп атап өтті Санджай Гарг.