885
Полиция қызметкері баршаға үлгі болуы тиіс
Полиция қызметкері баршаға үлгі болуы тиіс
Халық тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін құқық қорғау мекемелері және полиция қызметкерлеріне сенім артады. Алайда, соңғы жылдары көпшілік арасында «Менің полициям мені қорғай ма?» деген сияқты екіұшты пікір қалыптасқаны рас. Оған себептер де жоқ емес.
Ішкі істер министрлігі отандық полиция қызметкерлерін қырағы ету масқатында түрлі амалды қолға алуда. Бұл салада бірқатар реформалардың жүзеге асқанынан да жұрт хабардар. Арнайы аттестациядан өтіп, өз ісіне немкетті қарайтындардан тазаланды да. Тіпті, 2017 жылы Елбасының қаулысы бойынша полиция қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейгені белгілі. Сол кезде Елбасы Н.Назарбаев: «Қылмыспен күресте полицейлер алдыңғы қатарда жүреді және бірінші болып біздің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Соңғы жылдары олардың қызметінің нәтижелері айқын көрінуде. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 15 пайыздан астам төмендеген. Аса ауыр және ауыр қылмыстардың бетін ашу көрсеткіші 72 пайызға жетті. Қалалар мен ауылдарда азаматтардың көшедегі қауіпсіздігі айтарлықтай көтерілді», – деді.
Сондай-ақ, қазіргі жаһандық тұрақсыздық уақытында халықтың билік өкілдері – полицейлерге сенім білдіруі аса маңызды. Бір айта кетерлігі, полиция мамандары қызметтік парызын мүлтіксіз атқарғанда ғана қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы жүзеге асады. Заңдылықтың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет. Бұл – еліміздің орнықты әрі тұрақты дамуының басты факторының бірі. Сондай-ақ, заманауи тұрғыда тиімді полиция қызметі мемлекет пен халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізбек.
Былайғы жұрт сол елдің полициясына қарап, мемлекеттік билік туралы пікір қалыптастырады. Кейде «бас ал десе, шаш алатын» әрекеттерге барып жататын полиция қызметкерлері де жоқ емес. Полиция қызметкері баршаға үлгі болуға тиіс. Айтпақшы, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 9, 10, 11 маусым күндері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткен заңсыз митингтен 300-ден астам полиция қызметкері жарақат алған деп хабарлады. «Оның ішінде алтауы ауруxанада жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қандай да бір арнайы құралдарды қолданған жоқ. Фототүсірілім және видеоларды қарасаңыз полицейлерге қалай шабуыл жасалғанын көрер едіңіздер. Сүйектері сынған, бас-сүйек жарақаттарын алғандар бар. Өйткені, дене жарақаттарының барлығы тас лақтырғаннан және таяқ пен арматурамен ұрғаннан пайда болған. Полицияға арнайы құралдарды – газ қаруын, дубинка мен өзге де заттарды пайдаланбау туралы пәрмен берілген. Қазақстандық полиция оларды қолданбады. Тек шиеленісті реттеу үшін физикалық күш пайдаланылды. Егер полиция тарапынан қарапайым адамдар жарақат алып немесе жапа шексе прокуратураға арыз жазу керек», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Тоғжан Төлеген