Мексикадағы мигранттармен күрес

Мексикадағы мигранттармен күрес

Мексикадағы мигранттармен күрес
ашық дереккөзі
270
Әлемде босқындармен күрес мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Күні кеше Мексика билігі ел аумағына заңсыз кірген 76 кубалық мигрантты отанына қайтарды. Апта басында Мексиканың құқық қорғау органдары заңсыз мигранттар мінген 4 жүк көлігін ұстап, соның нәти­­жесінде 800 мигрантты қолға түсірді. Әрбір жүк көлігіне 200 адамнан мінген көрінеді. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін көлік жүргізушілері федералды прокуратураға жеткізілді. Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Орталық Америкадан шыққан мигранттар сапарға Вильяэрмос қаласынан ат­та­ныпты. Жүр­гізушілердің қолында көлікке көкөніс тиелгендігін растайтын жалған құжат болғаны анықталды. Ал мигранттар оларға елдің солтүстігіне жету үшін 3,5 мың доллар төлеген. Сондай-ақ, Мексика билігі  Гондурастан келген 105 мигрантты еліне кері қайтарды. Олардың 63-і кәмелеттік жасқа толмағандар. Босқындар елдің Веракрус штатынан ұшаққа отырғызылған. Бұған дейін аймақтан 300-ге жуық Гондурас азаматы депортацияланған еді. Еске сала кетейік, мамырдың соңында АҚШ президенті Дональд Трамп «Мексика заңсыз мигранттармен күреспей отыр» деп, бұл елден келетін тауарларға 5 пайыз баж салығын енгізетінін жариялаған. Содан бері Мексика билігі мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдап, қос мемлекет сауда және мигранттар бойынша ортақ  келісімге келді. Сол келісімнің бір бөлімі – Америка Құрама Штаттарына бағытталған босқындар ағынын азайту. Құжатқа сай, Мексика, Сальвадор, Гватемала және Гондурас елдері Орталық Америкадан келген мигранттарды тіркеуге алып, көмек көрсетуі тиіс. Ал бұған келіспей босып жүргендерді, АҚШ аумағына өтпек болғандарды қинап, еліне қайтарады. Бұл жаңалықтан соң, мигранттардың басым бөлігі тіркеуден өтуге Мехикоға ағылып жатыр. Ал АҚШ келі­сімнің тиімділігін тексеру мақсатында Мексика билігіне 45 күн уақыт берді.

Серіктес жаңалықтары