Даудың басы – газ кені

Даудың басы – газ кені

Даудың басы – газ кені
ашық дереккөзі
360
Өткен апта соңында Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас «Еуроодақ Түркияға қарсы санкция жариялауы мүмкін» деп мәлімдеме жасады. Шын мәнінде, Еуроодақ Түркияға санкция сала ма? Дәл қазір түріктер үшін маңызды сауалдардың бірі осы болып тұр. Ципрастың Түркияға шүйлігуіне не себеп болды? Мәселе Кипрдің экономикалық аймағынан табылған газ кенінен басталды. Кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге кіріскен Анкара әрекеті Грекия билігінің шамына тиді. Сөйтіп, Алексис Ципрас Түркияны Грекия мен Кипрдің тәуелсіздік құқығына қол сұқты деп айыптады. «Бізді ең бірінші алаңдататын мәселе ол гректердің қауіпсіздігі. Түркияның арандатушылығы, заң бұзушылығы күштің емес, керісінше әлсіздердің әрекеті. Кипрдің  экономикалық аймағында Анкараның бұрғылау жұмыстарын жүргізгені   анықталса, біз Түркияға қарсы санкция салуға дейін барамыз. Себебі   еліміздің егемендігіне залал тигізбек болғандар жазасыз қалмайды», – деп  сенімді түрде мәлімдеме жасады Грекия үкіметінің басшысы. Ал Түркия тарапы кен орнынан табылған табиғи байлық өздеріне тиесілі деп ұйғарып, уақыт жоғалтпай жұмысқа кіріскен. Оның үстіне, олар өздерінің халықаралық құқыққа сай әрекет еткендерін алға тартады. «Бұрын біз бұл аймақта тек сейсмикалық зерттеулер жүргізіп келдік. Себебі бұрғылауға қажетті құралдарымыз болмады. Қазір ол техникамыз бар. Сондықтан, қазба жұмыстарын бастап кеттік. Грекияның бұл қадамға килігетіндей шаруасы болмау қажет. Себебі біз халықаралық құқыққа сай әрекет етіп  отырмыз. Біз ұлты түрік кипрлік тұрғындардың құқығын қорғауымыз керек», – деді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайип Ердоған да гректердің айыптауы негізсіз деп отыр. Сөйтіп, Ердоған газ кенін бұрғылау ісінің заңды екенін мәлімдеді. Сондықтан да, ел билігі түрік компаниясына геологиялық жұмыстарды жүргізуге арнайы лицензия берген. Алайда Кипр республикасының билігі түріктерге құлақ асатын емес. Олар геологиялық жұмыстар жүргізіп жатқан топты түрмеге қамаудан да тайынбайтындарын айтты.  Ал мұндай жағ­дай орын алатын болса, Түркия тарапы да қарап қалмаймыз деп отыр. Халықаралық сарапшылар даулы мәселені әлемдік ұйымдар қолға алмаса, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін алға тартуда. Бұл ретте Грекияның Еуроодақтан көмек сұрап үлгергенін айта кеткен абзал. Қазір одаққа мүше елдердің бәрі де Ципрас үкіметіне қолдау білдіруге әзір тұр. Тіпті, олар бұл сұрақты соңына дейін жеткізбей, тынбайтындықтарын да анық байқатты.  

Серіктес жаңалықтары