662
Қыз балаларға арналған Makecamp
Қыз балаларға арналған Makecamp
Қоғам өміріне қыз балаларды бейімдеу, оларды белсенді болуға баулу, бойларындағы қабілетті ашу – мемлекет келешегі үшін маңызды мәселе. Мамырдың 27-сі мен Маусымның 7-сі арасында American Corner & Makerspace Astana шығармашылық орталығында “Шеврон” компаниясының демеушілігімен 13-16 жастағы қыздарға арналған алғашқы жаздық техникалық лагерь ұйымдастырылды.
Makercamp-тің басты мақсаты – қыздарды ғылымға, компьютерлік бағдарламалауға қарқынды іс-тәжірибеге толы сабақтар арқылы қызықтырып, технология саласына өз идеяларымен үлес қосуға ынталандыру. Лагерь бағдарламасы бойынша, қыздар 2 аптаның ішінде 3D-модельдеу, Arduino негізінде бағдарламалау және прототип шығару негіздерін үйреніп шықты.
Оқыту барысында арнайы шақырылған мамандармен шығармашылық кездесулер өтті. Ол кездесулерде жобалармен жұмыс жасау, жұмыс кезіндегі шығармашылықтың, тапқырлықтың және де қарым-қатынас құру өнерінің маңызы сияқты тақырыптар талқыланып, қыздардың болашағына қажетті сабақтар берілді. Оған қоса, қыздар нағыз өндіріс процесін өз көзімен көруге, мамандармен сұхбаттасу мүмкіншілігіне ие болды.
Лагерь қорытындысы ретінде қатысушы қыздар БҰҰ алдына қойған мақсаттар мен мәселелерге (аштық мәселесі, су сапасы т.б ) технологиялық шешім ұсыну керек болды.
Қыздарға арналған Makercamp-тің негізгі мақсаты өз идеяларын технология мен ғылым арқылы жүзеге асыруға шабыттандыру және ең бастысы – ынталандыру.
Makercamp-тің алғашқы командасына Қарағанды, Ақтау, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 16 қыз бала мүше болды. Қатысушылар арасындағы достықты нығайтудың ерекше бір сәті – астанамен танысу.
«Біз «PetSavers» тобымыз! Біздің жобамыз автоматты астау туралы. Лагерь кезінде бізге кез келген әлеуметтік мәселені шешу міндеті қойылды. Біз түрлі тақырыптармен шабыттанып, жануарларға қамқорлық көрсету идеясын таңдадық, – деп Нұр-Сұлтан қаласының оқушылары, Салкен Лейла мен Жүсіпова Бағила өздерінің идеясы жайлы бөлісті.
Н.Бисенова