Ел күткен ерен Жарлық

Ел күткен ерен Жарлық

Ел күткен ерен Жарлық
ашық дереккөзі
393
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде Жарлыққа қол қойды. Осыдан 15 күн бұрын ұлықтау рәсімінде Қасым-Жо­март Кемелұлы халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмендеп кеткендігіне тоқталып, тиісті шаралар қолданатынын айтқан-ды. Оның ішінде банктерге берешегі артқан тұрғындар тағдыры да назардан тыс қалмаған еді. Ұлықтау рәсімінде «Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің соңғы қаулысында әлеуметтік көмекке айрықша зәру азаматтардың екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған қарыздарына жеңілдік болатыны айтылған. Өз кезегінде көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар берешегінен босатылады. Бірақ қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша үш миллион теңгеден аспау керек. Сондай-ақ, бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы үш жүз мың теңгеден аспаса біржолғы тәртіпте қарыздар өтелетін болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар жоғарыда айтылған Қазақ­стан Республикасы азаматтарының 2019 жыл­ғы 1 шіл­дедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығарады.     Өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:  
  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша мынадай жағдайларда:
1) аталған қарыздар бойынша борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар,  атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан  кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар; 2) қарыз бойынша  жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса; 3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері  300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша  біржолғы тәртіпте шаралар қабылдасын.
  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары     бар   Қазақстан   Республикасы   азаматтарының   2019   жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген  айыппұлдары мен  өсімпұлдарын есептен шығару; 2) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.
  1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне шектен тыс тәуекелдерді алған қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша:
1)  мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты  тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды; 2) табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салуды; 3) кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдасын.
  1. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

  Жадыра АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,  5 баланың анасы:  width= 64 мың жалақының 59 мыңын несиеге төлейміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі қаулысын естіп шыны керек ерекше қуанып жатырмыз. Алғаш ана болғанда осылай қуанған шығармын. Өзім бес баланың анасымын. Алла Тағала сынады, басымызға іс түсіп қиналғанда, керек болып ақшалай несие алдық. Осы уақытқа дейін балалардың аузынан жырып төлеп жатырмыз. Екі жылдан бері қатты қиналғанымызды қалай жасырайын. Тіпті жеуге ұн да ала алмай қалған күндер болды. Дүкеннің бәріне қарыз болдық. Соңында басымыздағы үйді де кепілге қойдық. Мен үй шаруасымен отырамын, жұбайым жарты ставкамен мектепте жұмыс істейді. Алатын жалақысы 64 мың теңге болса, оның 59 мыңын несиеге төлеп жүрміз. Отбасымыздағы осындай қиыншылық кезеңде қолдау көрсеткелі жатқан мемлекетіміз бен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына ерекше алғыс білдіремін.   Әтіркүл Иманбердиева, педогог, көпбалалы ана:  width= Несиеге беретін ақшаны балаларымызға береміз Президентіміздің кеше жариялаған қаулысына дүйім жұрт разы болып қалды деп ойлаймын. Оның ішінде көпбалалы аналар ерекше қуанған шығар. Табыс табамыз дегенмен де шығыннан қашып, не айналып кете алмаймыз. Қажет болған кезде тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты мемлекеттен арнайы несие де алдық. Сол қаржы Мемлекет басшысының қаулысына сай кешіріледі дегенде шыны керек абдырап қалғанымыз рас. Өйткені балаларымыз бірінен кейін бірі ержетіп, бойжетіп студент атанып жатыр. Баланы оқытып, киімін көк, тамағын тоқ ету ата-ананың парызы. Сондықтан бес бала тәрбиелеп отырған ана ретінде жұбайым екеуміз балаларымыздың оқып, үлкен азамат болып ержеткенін қалаймыз. Ендігі азынаулақ қаржымызды сол алтындарымызға бөліп береміз деп отырмыз.

Арман Қалмұханметұлы

Серіктес жаңалықтары