Журналист тілі неге жұпыны?
Журналист тілі неге жұпыны?
Бүгінде журналист қауымының сөздік қолданысына көңілі толмайтындар жиі кездеседі. Әсіресе, теле-радиода қызмет атқаратын әріптестердің атына тағылып жататын сын көп. Неге? Журналистикада қолданылатын публицистикалық тілді ауызекі сөз алмастыра ма? Теледидар – тәрбие құралы дейміз. Бір жағынан аудиторияның ауқымды бөлігін қамтып отырған ақпарат құралын «тіл үйретуші ұстаз» десек артық емес. Алайда, қашанда баспасөзден бәсі мықты болған телеарналардың қазақшасы қалай? Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды шығармашылық ұжымда көркемдік кеңес болатын. Талай тұшымды дүние осы кеңестің сынынан өткенде ғана эфирге жолдама алатын. Қазір ше? Қазақтың «ң», «ғ», «қ» әрпін анық айта алмайтындарды естігенде тура сөйлейтіндердің тілі мүкіске айнала ма дерсің. Жастар құлаққа жағымды, дыбыстық жағынан әсем үнді тілдердің қатарында бірталай тілдерді атағанымен, өз тілдерін олардың қатарына қоспайды. Неге? Себебі, олар естіп, тыңдап жүрген қазақша, тіпті күні кеше біздің құлағымыздың құрышын қандырған, қайталанбас қоңыр үнімен кеудемізге мақтаныш ұялатқан қазақшадан өзгерек. Кешегі қоңыр үнді, тіліміздің әуенін де әуезін де сақтап, сауатты да сырбаз сөйлеген шешендерімізді, оларға барынша «ұқсап баққан» кешегі теледидар дикторларын естіп, тыңдап өскен орта буын үшін қазіргі теледидардағы қазақ тілінің дыбыстық табиғатының едәуір өзгергенін аңғару қиын емес. Қазіргі теледидарда да, радиода да қасаң да қатаң үнді, сөйлемдерінің екпін-ырғағы (интонация мен дикциясы) жөнсіз, жөн-жосықсыз аллитерация мен ассонансты сөзінің, ойының тұздығы еткен, кейде тіпті жөнсіз күшеніп сөйлейтін «шешендер» күннен-күнге көбеюде. Құдайға тәубе, қазір телеарна да, радио да қазақ тілінде хабар тарату ауқымын кеңейтіп келеді. Өкініштісі сол, кейде қазақтілді контентті пайдасыз көпірме сөзбен толтыратынымыз да өтірік емес. Әсіресе, радиода екі-үш жүргізуші отырып алып, сағаттап әңгіме айтып, арасында бейәдеп сөздермен ауыз былғау әдетке айналған. Бәлкім, өзара шүйіркелесіп отырмыз дей ме, эфирді, оның арғы жағындағы тыңдарманды сыйламау ма, бұл – журналистиканың жаңа «үрдісі» іспеттес. Егер көркемдік кеңес жұмыс істеп тұрса, мұндай бассыздықтарға жол берілмес пе еді, кім білсін?! Ұлы ақын Абай айтқан «Бөтен сөзбен былғанса сөзарасы, ол – ақынның білімсіз бейшарасы» деуге иек артқаннан басқа лажымыз жоқ. Қайбір жылы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және даму мәселелері туралы» өткен Үкімет сағатында телеарнада сауатты сөйлей алмайтын журналистерді сынға алғаны жадымызда. «Елдің өзі элиталық қауым деп атап жүрген, білім мен ғылымға жақын журналистердің тіліне көңілі тола бермейді. Көптеген себептері бар. Қазақ тіліндегі екпіндер дұрыс қойылмайды, көзсіз еліктеу көп. Орфоэпия мен орфографияны ажырата алмайтындар қалай жазылса, солай оқиды», – деген-ді ол. Сондай-ақ, ол отандық теле-радиодағы қазақ тілінің үлесіне көңілі толмайтынын айта келе, «Мемлекеттік тілдің жағдайы әлі де мәз емес. «Айта-айта қасқырдан да ұят болды» дегендей, осы мәселе әбден жауыр болды. Халық көретін прайм-тайм уақыттарда түрік, кәріс, үнді сериалдары көрсетіледі. Ал радионы музыкалық бағдарламалар жаулап алған. Мысалы, Францияда америкалық өнімдерді телеарналарда, кинопарктерде көрсетуге квота берілген. Бізге де осындай бір талап қажет шығар», – дегені бекер емес. Сауатсыз Тілші қайдан шығады? Сізге өтірік, бізге шын, қазір журналистика факультетінде төрт жыл оқып, шылау мен жалғауды ажырата алмайтын буын пайда болды. Айтатын идеясы ұшқыр, ойы жинақы, бірақ сауатсыз. Тіпті, оқытушылардың ақыл-кеңесінің арқасында әуелі жазу-сызуды меңгергісі келген факультет студенттері газет редакциясына бас сұғады. Себебі, баспасөзде шыңдалған журналистің бес қаруы түгел деген сөз. Алайда, тәжірибе арқылы шыңдалғысы келген болашақ журналистердің көбінде «Бізге тезірек мақала жазып үйрену керек. Бірақ келешекте газетте емес, телеарнада жұмыс істегіміз келеді» деген амбиция басым. Бәрі ә дегеннен «жұлдыз» болуға асық. Сөйтеді де, алып-ұшып телеарнаға барады. Әрине, олар есігінен сығалата қойса. Қазір телеарна редакторлары да тілші біткеннің қатесін теріп, мәтінін өңдеп отырудан шаршаған болар, мейлінше баспасөзде қалам тербегендерді жұмысқа алуға бет бұрған. Демек, бір сөйлемді дұрыс құрай алмай, беткеұстар журналист атану бос әурешілік екенін кейінгі толқын ескерсе екен дейміз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы газетімізге берген сұхбатында: «Біздің факультетке «журналист боламын» деп келетін қыз-жігіттер көп. Олардың бойында азаматтық-патриоттық рух, мемлекетшілдік пейіл, отаншылдық сүйіспеншілік туа бітті қанында, жүре келе мінезінде пайда болады. Сондықтан бізге жүрегінде оты, санасында сәулесі бар, елге сөз айтам дейтін жастар келеді. Ал мұның екінші қыры бар. Сол патриоттық рухқа бай жастардың сауаты қаншалықты? Бізге студент қайдан келеді? Олар 11 жыл бойы мектепте не оқыды? Егер оқушы 11 жылда жазып қалыптаспаса, сөйлеп үйренбесе, сауаты тұрақталмаса, 4 жыл ішінде кәсіби біліктілікті үйреніп кете ме?! Әрине, әр студенттің қарым-қабілеті әртүрлі. Алғыры да, әлсізі де болады. Мәселен, жақында телеарнада жас журналист апталық шолу жасап тұр екен. Сол тілші сөз арасында «Аспанға қарап, ай санап жүр ме?» дейді. Бұл тұрақты тіркес солай айтылушы ма еді?! Демек, әлгі тілшінің санасына тұрақты тіркес, мақал-мәтелдер мектепте, отбасында сіңбеген деген сөз. Дұрысы, «Ай қарап, жұлдыз санап жүр ме?» емес пе? Тағы мысал, бір газеттің бетінде «Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» деген тақырыппен мақала жарияланды. Бұл «Айтылған сөз – атылған оқ» емес пе еді?! Жасыратын несі бар, кейінгі буын журналистердің арасында осындай тіл шалалығы, тіл шұбарлығы жиі кездеседі» деген еді ашынып. Факультет студенттері де, болашақ журналистер де осыны ескерсе, құба-құп. Бәзбіреулер бұған себепті жаңа технологияның қарыштап дамуынан іздеуі мүмкін. Ақпарат ғасырында жан-жақтан ағылған түрлі ақпаратты қорыту да уақыт талап етеді. Оның ішінен қажеттісі мен мәндісін, сөлдісін таңдап-тауып, оны өңдеп, көпшілік көрерменнің, тыңдарманның назарына ұсына білудің өзі үлкен еңбек. Алайда, сөз көркемдеу тәсілдерін орынсыз қолдану, орынсыз айтылған теңеу, мәнсіз аллитерация, ассонанс құлаққа түрпідей тиетінін білген жөн.
Динара Мыңжасарқызы
«Тúrkistan»