953
Арыста болған апат
Арыста болған апат
«Апат айтып келмейді». 24 маусымда Түркістан облысы, Арыс қаласында әскери бөлімше қоймасында болған жарылыс жергілікті тұрғындарды сансыратты. Апат орын алған күні қаншама бала ата-анасынан көз жазып қалса, көпшілігі қауіпсіз аймақтарға уақытша көшірілді.
Арыс қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл ұшып келуі жергілікті тұрғындар үшін үлкен демеу болды. Төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Тіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын және балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті де. Жарылыстың себебін анықтауды тапсырған Президент мемлекет тарапынан жан-жақты көмектің дер кезінде көрсетілетінін жеткізді. Ол өзінің Twitter парақшасында: «Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет», – деп жазды.
Оқиға болған күні жеткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қалаларда тұрғындарды қабылдайтын арнайы орындар әзірленді. Түркістан облысы Полиция департаментінің 448 қызметкері мен 75 арнайы автокөлігі жұмылдырылды. Ұлттық гвардияның №6506 әскери бөлімінің 580 әскери қызметшісі және 36 арнайы автокөлігі, оның ішінде тұрғындарды эвакуациялауға қажетті жоғары өтімділікті 10 «Урал» автокөлігі, әскери полицияның 10 қызметкері, №0358 әскери бөлімінің 200 әскери қызметшісі (барлығы 1238 қызметкер) бар. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімшелердің 1800 әскери қызметшісі мен 50 арнайы техникасы тартылды. 25 маусымда Полиция департаменті Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, Арыс қаласының аумағын жарылғыштардан тазарту бойынша іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 130-ға жуық снаряд табылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер.
Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», – деді.
Қазір Арыс қаласындағы жағдай тұрақты. Бүгінде қаланы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдан зардап шеккен халықтың да жағдайы қалыпты. Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен азаматтармен жұмыс жүргізу және қолдау көрсету мақсатында құрылған арнайы жедел штаб қазіргі таңда толыққанды жұмыс жүргізуде. Эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде Шымкент қаласында 20 мың, Түркістан облысының аудандарында 4 мыңнан астам адам тиісті көмек алуда.
Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-ке жуық қоныстану орталықтары жұмыс істеуде. Халық орналасқан орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Ал кеше ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақыт Құрманбаевтың қатысуымен өткен брифингте қала аумағы бойынша қоршау жұмыстары ұйымдастырылып, оның ішінде 125 сапер қала көшелерінде, теміржол бойында және әскери бөлімге іргелес аумақта тазалау жүргізгені белгілі болды. «Ауада ұшқышсыз үш аппарат ұшырылып, өрт ошақтарын бақылауда. Бүгінгі күні 3 от орны анықталды. Десек те ірі жарылыс орын алмады. Дегенмен, тұрақты қауіпті жағдай сақталуда. Арыс қаласының 16 көшесінен жарылмаған 70-тен астам снаряд табылған. Жарылмаған снарядтардың тұрғын үйлерге түсуі мина жою жұмысын күрделендіре түсуде. Мұндай үй-жайларға саперлерді жіберу прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы билік органдары қызметкерлерінің ілесіп жүруімен жүзеге асырылады», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев.
Айта кету керек, осы қайғылы апатқа байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жанынан ашылған арнайы есеп-шотқа үш күннен бері республиканың түкпір-түкпірінен отаншыл және жомарт жүректі азаматтар қаржы аударуда. 26 маусымдағы мәлімет бойынша қорға түскен қаржы көлемі 225 млн теңгеге жеткен.
P.S.
Қазақ «Көп түкірсе – көл» дейді. Қазір бұл өңірдегі оқиғаға селт етпеген адам кемде-кем. Әр адам қал-қадірінше көмек беруге даяр. Халықтың бірлігі осындайда сыналады. Қарапайым жұрт та, қалталы азаматтар да қол қусырып қалған жоқ. Тіпті, эвакуация кезінде ата-анасынан адасып қалған 200-ге жуық баланың отбасымен қауышуына бар жанын салған ерікті белсенділердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Халықаралық «Túrkistan» газетінің ұжымы да Арыстағы ағайынға көмек ретінде бір күндік жалақысын аударды.
Динара Мыңжасарқызы