300
БАҚ өкілдері марапатталды
БАҚ өкілдері марапатталды
28 маусым – Ақпарат және байланыс қызметкерлері мерекесі қарсаңында бір топ БАҚ қызметкері марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәсім кезінде сыйлық лауреаттары мен грант иелерін, алғыс жарияланған шығармашылық ұжымдарды және барлық журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Сонымен, «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская Правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы – Виктор Кияницаға, «Ана тілі» газетінің бас редакторы – Жанарбек Әшімжанға, «Астана» телеарнасының редакторы – Жайна Жақсылықоваға Мемлекет басшысының Өкімімен сыйлық тағайындалды.
Гранттар «Хабар 24» телеарнасының тілшісі – Рауан Мыңбаевқа, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиевке, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Әсем Сартбаеваға тапсырылды. «Егемен Қазақстан», «Экспресс К», «Знамя труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ, «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.
«Түркістан-ақпарат»