Рұқсат етілген митинг өтті

Рұқсат етілген митинг өтті

Рұқсат етілген митинг өтті
ашық дереккөзі
395
Қазақстанның ірі қалалары Алматы мен Нұр-Сұлтанда 30 маусымда бірнеше жылдан кейін алғаш рет рұқсат етілген митинг өтті. Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының артында өткен митингіге 800-900-ға жуық адам жиналды. Ал Нұр-Сұлтандағы "Жерұйық" саябағында өткен митингіге шамамен жүз шақты адам келді. Азаттық радиосы тілшілерінің хабарлауынша, митинг өтетін жерлерде таңертеңнен бері ондаған полиция кезекшілік еткен. Бірақ акциядан кейін ешкімді ұстамады. Митингіде түрлі мәселелер оның ішінде Арыс оқиғасы, мемлекеттік тілдің ахуалы, елдегі партиялар жүйесі сияқты мәселелер көтерілді. Шараны ұйымдастырушылар сөйлеген азаматтардың дәл уақытында сөзін аяқтауын қадағалап отырды. Алматыдағы митингте қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "сәлем" жолдап: "Ақсақал, 30 жыл бойы халық мойнына мініп келдіңіз. Енді халық мойнынан түсіңіз, биліктен толық кетіңіз. Өзіңізбен бірге билік қолшоқпары болған ішкі істер министрі, өзге де шенеуніктерді алып кетіңіз" деді. Астанадағы акцияда белсенді Болатбек Біләлов "19 наурызға дейін біз "Шал кет!" деп айғайлап жүрген едік, енді "Шалдар кетіңдер!" деп айғайлаймыз" деді. Қазақстан заңнамасы бойынша елде митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат сұрау қажет. Бұған дейін бірқатар белсенділер әкімдіктің шеру өткізу жайлы өтінішті көп жағдайда қанағаттандырмайтынын, елде шеру өткізу қиындығын алға тартқан еді. Қазақстан 2005 жылы қол қойған Халықаралық саяси және азаматтық құқық пактісіне сәйкес, бейбіт жиын өткізгісі келген азаматтардың билікті тек ескертуі ғана жеткілікті.

Серіктес жаңалықтары