1795
Мақсат Сқақов: Идеологияның түпнұсқасы – тәрбие
Мақсат Сқақов: Идеологияның түпнұсқасы – тәрбие
– Идеология – ең бірінші елдің бірлігі. Кез келген идеологтың қамтамасыз ететін нәрсесі – елдің бірлігі мен тыныштығы. Осы екеуі болған жағдайда бәрін де жасай беруге болады. Мәселен, үйінде ұрыс болған адамда береке бола ма? Сол сияқты берекесіз елде де ешқандай тірлік жүрмейді, ол елге инвесторлар келмейді, ешкім ақша салмайды. Сондықтан идеологтардың ең бірінші шаруасы – елдің бейбітшілігі мен берекесін қамтамасыз ету. Бір-ақ ауыз сөзбен осылай айтуға болады.
– Сіз бұған дейін Маңғыстау облысы әкімі орынбасары қызметін атқардыңыз ғой. Сонда нені басты ұстын етіп алдыңыз?
– Кез келген нәрсенің өз шекарасы бар. Одан шыға алмайсың. Себебі ол – мемлекеттік қызмет. Бірақ идеологтарға жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Идеологияның түпнұсқасы – тәрбие. Тәрбие бізге ең алдымен тыныштық пен бейбітшілік арқылы келеді. Қарапайым ғана мысал. Отбасында үйдің идеологы – әйел. Барлық нәрсенің тігісін жатқызып отырған да сол. Ата мен ененің, күйеуінің, ағайын мен туған-туыстың арасын байланыстыратын әйел. Бұл ер азаматқа да байланысты. Кез келген адам идеолог болуы керек. Бұл белгілі бір мекемеге, лауазым иесіне қатысты емес.
– Зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерін әңгімеге тартсақ, «Бізде ұлттық идеология жоқ» деп шығады. Неге?
– Әр түрлі пікір, әр түрлі көзқарас бар. Біреудің ойымен кейде келісеміз, кейде келіспейміз. Мысалы, өзі істемеген нәрсені жұрттан көретіндер көп. Мәселе – осында. Себебі идеология саласына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қызмет етуі керек. Идеология неге жоқ? Қаншама дүние жасалып жатыр. Бәлкім, біз сол дүниені әсірелеп жіберіп, құнын түсіріп жібердік пе?!