Қарыз кешіру: Мемлекет қамқорлығына кімдер ілігеді?

Қарыз кешіру: Мемлекет қамқорлығына кімдер ілігеді?

Қарыз кешіру: Мемлекет қамқорлығына кімдер ілігеді?
ашық дереккөзі
792
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ондағы мақсат – қиын жағдайға тап болған отбасыларға, көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалардың қаржылық ахуалын жақсарту. Айта кетейік, бұл көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетіледі. Көмек кімдерге көрсетіледі? Қазақстан Президентінің ауыр өмірлік жағдайда қалған отбасылардың кредитін кешіру туралы жарлығы бойынша алғашқы тапсырма Үкімет пен Ұлттық банкке жүктелді. Ол Үкіметке біржолғы тәртіппен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеуге қатысты шаралар қабылдауды тапсырды. Яғни,  көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аталған қарыздар бойынша борышкерлер болып саналады; 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қарыз бойынша жалпы берешек 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайды;  2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспауы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 345 475 көпбалалы отбасы бар, олардың ішінде 282 615 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр, 98 580 отбасында жасы 18-ден асқан мүгедек балалары бар. Жарлық күшіне енді ме? Жарлық қол қойылған күнінен, яғни 26 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Алайда бұл қаулыны іске асыру жұмыстары енді басталады деген сөз. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп Осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдауға тапсырма берілген болатын. Жарлық шыққаннан кейін келесі күні Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов кредиттері кешірілетін отбасылардың несиелерін өтеуге жұмсалатын ақшаны қайдан алатындарын түсіндіріп берген еді. Смайыловтың айтуынша, мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. «Кепілсіз тұтынушылық несиелерді, пайыздарды және біз осыған дейін атап өткен белгілі бір санаттағы тұлғалардың қарызын өтеу үшін мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. Оның 88,5 миллиардын республикалық бюджеттен аламыз. Ал 17 миллиард теңгеге жуық ақшаны біз Проблемалық кредиттер қорындағы арнайы облигациялардан аламыз. Сондай-ақ, несие бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелерінің өз шотынан өтелетінін есте сақтау қажет», – деген еді министр. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азамат үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады, яғни кешіріледі. Несие алушылардың бұл төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыпақы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынатыны белгілі болды   Ұлттық банк не дейді?
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков та Президент жарлығына қатысты мәлімдеме жасаған еді.  Смоляков мәлімдемесінде қазақстандықтарға дәл қазір банкке барудың қажеті жоқ екенін айтқан болатын. Айтуынша, қазіргі уақытта талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол үшін екі айдай уақыт керек екен. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлімет алғаннан кейін Ұлттық банк мемлекеттік бюромен, банктармен қосылып 1 маусымға дейінгі мәліметтерді ала отырып, барлық цифрды салыстырады. Қарыз алушылардың ішінде әлеуметтік көмек алатындардың айыппұлдары мен өсімпұлдары қаралады. Шарт қабылданғаннан кейін Ұлттық банк ретінде біз сомалардың кешірілуін қадағалаймыз. Алдағы уақытта сұрақ туындамас үшін мұның бәрі несие құжаттамасында көрсетіледі», – деген еді Смоляков. Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Президент қабылдаған шараның саясаттың барлық әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қамтығанын айтады. Оның пікірінше, бұл бастама Қазақстанның экономикасына тек жағымды жағынан әсер етеді.  Ал экономист Мұрат Темірханов мемлекет тарапынан тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсету кез келген уақытта жағымды жаңалық болады дейді. Дегенмен сарапшы мемлекет белгілі бір санаттағы адамдардың кредиттерін мен өсімпұлдарын өтей отырып, оларға тағы да артынша кредит алуға мүмкіндік беретін сияқты дейді.   Кімнің өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі?
2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қолма-қол несие, зат сатып алуға несие, несие картасы бойынша мерзімі өткізілген төлемдері, сондай-ақ уақытылы төленбеген шоттары бар клиенттердікі кешіріледі. Автонесие бойынша өсімпұл есептен шығарылмайды, өйткені бұл несие – кепілді несие. Ал азамат өсімпұлы мен айыппұлының кешірілгенін қалай біледі? Kaspi Bank кепілсіз несиелер бойынша (1 шілдедегі жағдай бойынша) мерзімі өткізілген берешекке есептелген өсімпұл мен айыппұлдың күшін жояды. Бұл туралы банктің Facebook желісіндегі ресми парақшасында айтылды. Осы ретте банк өкілдері қазақстандықтар жиі қоятын сұрақтарға жауап береді.  1 шілдедегі жағдай бойынша несиелер мен Kaspi Red шоттары бойынша мерзімі өткізілген төлемдер болған клиенттерге Kaspi.kz мобильді қосымшасында немесе SMS арқылы хабарлама келеді. Хабарламада есептен шығарылған өсімпұлдың немесе айыппұлдың сомасы көрсетіледі. Мерзімі өткізілген берешек болған кезде, 1 шілдеден бастап несие бойынша дербес талаптарға және Kaspi Red клубының ережелеріне сәйкес:  Қолма-қол Несие, Зат сатып алуға Несие және Несие картасы бойынша мерзімі өткізілген төлемнің күніне 0,5 пайыз;  уақтылы төленбеген әр Kaspi Red шоты үшін 2000 теңге мөлшерінде өсімпұл мен айыппұл қайтадан есептеледі. Өсімпұл мен айыппұл есептелмеуі үшін мерзімі өткізілген берешекті өтеу керек және төлемдерді уақтылы төлеу керек. Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін өтеу туралы жарлықтан бөлек, Президент табысы төмен қазақстандықтарға несие беруге тыйым салу керектігін мәлімдеп, тапсырма берген болатын. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар бар. Тоқаевтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта тұтынушылық кредит бойынша жағдай енді қайталанбауы қажет.   Ербол Азанбек, банк өкілі: ЖҰРТ ТҮСІНБЕЙ ЖҮР – Айыппұлы мен өсімпұлы кеші­ріл­ген кредит иелері қара тізімге қойылады екен деген пікір оқыдым. Жал­пы, «қара тізім» деген ресми тү­сінік жоқ. Кредитті рәсімдеген кезден бастап, төлеп біткенге дейін кредитіңіз туралы мәлімет кредит бюросына 2 апта сайын беріліп отырады. Бұл кредит тарихыңыз. Банктер келесі кредитті берер кезде сол кредит тарихыңызға қарайды. Егер кредит тарихында кешіктірген, төлемеген т.б жағымсыз жағы көп болса, онда жүйе бұл кісіге кредит беру тәуекелі жоғары деп бас тартуы мүмкін. Бұл жолғы кешірілгені туралы ақпарат та тура солай кредит тарихына жазылады деп ойлаймын. Бірақ ол арнайы жарлық аясында кешірілгендіктен шешім қабылдауда рөл ойнамауы тиіс. Коллекторларға өткен кредиттің айып­пұлы мен өсімпұлы неге кешірілмейді? Егер банктен алған кредитіңізді төлемесеңіз тура 90 күн өсімпұл жүреді. 91 күннен бастап тоқтайды. Егер ол несие коллекторларға берілсе негізгі сома +3 айлық өсімпұл қосылып, біртұтас қарыз ретінде беріледі. Ол жерде өсімпұл жүрмейді. Ал кредитті кешіру туралы жарлықта банк+ШКҰ-дағы өсімпұл мен айып­пұлды кешіру туралы айтылған. Әрі коллекторлардағы қарыз бойынша айып­пұл мен өсімпұлды кешіру керек дегеннің заң­ды жағы томпақтау. Өйткені оларда айыппұл, өсімпұл деген жоқ. Банк берген қарызды қайтару бойынша жұмыс жүргізеді. Кредитті кешіру туралы ақпарат дұрыс тарап жатқан жоқ. Түсінбей жатқан жұрт көп. Нәтижесі масылдық ойдағы адам күрт көбейді. «Бүкіл кредитті мүлдем кешіріпті ғой, осы айда төлемеймін, ақыры кешіреді екен, өткен айда мынша алып едім, кешіре ме?» деп хабарласатындар көбейді. Бұл түсінікті, қарапайым тілдегі ақпараттың аздығы. Тағы қысқаша айтсақ былай. Кредитті кешіру туралы Президент Жарлығын 2 кезеңнен тұрады деп қарастырайық. 1 кезең: 1 шілде күні кепілсіз, тұтынушылық кредит бойынша кімде өсімпұл (пеня), айыппұл болса бәрі ке­ші­ріледі. Әлеуметтік статусы, сомасы, уақыты маңызды емес. Кешірілу туралы хат алғандар неге аз дейді. Мысалы, адамда 100 мың теңге болса, 10 күн төлемеді. Күніне 0,5 процент пеня қосылады. Ол 10 күнде 5 мың теңге десек, сол 5 мың теңге алынып тасталады. Негізгі қарыз сома қалды. Оны Президент кешір деген жоқ. Біз кешегі күні оны орындап, клиенттерге смс хабарлама жолдадық. 2 кезең: Мұнда көпбалалы, мүгедек т.б әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың санаты. Бұл санатқа кіретін адамдардың тізімін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі дайындап, қаржы саласындағы бақылаушы, реттеуші, қадағалаушы ұйымдар мен банктерге ұсынады. Ол санаттағы адамдардың 3 млн теңгеге дейінгі кредиті бар адамдардың 300 мың теңгесін мемлекет жабады. Бұл бойынша толық кешіру шамамен қыркүйек айында жүзеге асады. Қазір банктерге барып, арыз қалдыруға тырысудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде банктер арызымды қабылдамады деп БАҚ-на шағымданып жатқандар бар. Асықпаңыз. Қазір Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк, нормативтік құжаттарды, уақытын, тізім дайындауда. «Кешірілетіндер» тізімін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банк пен банктерге ұсынады. Кредит кешіру бойынша банктер әлі Ұлттық банктен нұсқаулық алған жоқ. Шілденің 10-на дейін қажетті құжаттар қабылданып, қыркүйекке дейін «кешіру» жүргізіледі деген ақпарат бар. Ал өсімпұл мен айыппұл кешіру де Президент қаулысында айтылған. Бірақ ел назары негізгі «кешіруге» ауып кетті де, бұл елеусіз қалды. Мұның аясында 5 млнға жуық адамның 1 шілдедегі айып­пұлы мен өсімпұлы кешіріледі деген ақпарат тараған. Бүгін біз соны жүзеге асыра бастадық. Оны адамдар өткендегі жарлықпен шатастырып, осы-ақ па деп ашуланып жатыр. Ашуланбаңыз, демек өсімпұл, айыппұлдарыңыз сол-ақ болғаны. Динара Мыңжасарқызы «Тúrkistan»

Серіктес жаңалықтары