Домбыра үні күмбірлеген күн

Домбыра үні күмбірлеген күн

Домбыра үні күмбірлеген күн
ашық дереккөзі
1392
Өткен жексенбіде елімізде Ұлттық Домбыра күні тойланды. Шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен өткен жылы қабылданған еді. Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шығарылған болатын. Атаулы мереке елордада биыл да ерекше тойланды. Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Осыған орай «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаң былтырғыдай үлкен сахнаға айналып, елорда тұрғындары мен қонақтары күмбірлеген күй, әуелеген ән тыңдады. Мерекелік концертті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көппен бірге тамашалап, жиналған жұртты Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады. «Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болады. Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаздарымызға лайықты қолдау көрсете беруіміз керек. Олар – халқымыздың ұлттық болмысын сақтау үшін еңбек етіп жүрген өнер тарландары. Домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра. Ұлттық руханиятымызды  дәріптейтін мереке  домбыраның мәртебесін  биікке көтере берсін!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстан бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыстардың мекені екенін баса айтты. Елімізде түрлі халықтардың мәдениеті өсіп, өркендеп отырғандығына назар аударды. Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырған жаппай концертке қатысуға ниеттілер орындайтын 6 күй алдын ала таңдалды. Олардың қатарында «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көроғұлы» күйлері бар. Мереке барысында күмбірлеген күйден басқа көпшілік назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылымын ұсынды, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерлерін ортаға салды. Қонақтар ақындар айтысын тамашалауға да мүмкіндік алды. Ал ақындар ұлттық музыкалық аспабымыз – домбыраны жырға қосты. Айтулы шара өткен алаңға бірнеше ақшаңқан үйлер де тігілді. Көрме ұйымдастырылып, музейде көздің қарашығындай сақталған құнды жәдігерлер қойылды. Арасында сал-серілер өз дәуірінде ұстаған көне домбыралардың көшірмелері болды. Домбыра күнінде көпшілік алдында өнер көрсетуге іргедегі елді мекендерден келгендері де бар. Бұл мереке елді осылай ұйыстырды.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары