348
#Abai175: Жалпыұлттық челендж халықаралық сипат алды
#Abai175: Жалпыұлттық челендж халықаралық сипат алды
Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасына Димаштың италиялық жанкүйері де үн қосты. Димаш Құдайбергеннің 73 жастағы тыңдарманы ұлы ақынның «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін қазақ тілінде мәнерлеп оқыған.
Аталмыш видеоны ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында бөлісті. Берік Уәлидің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үн қосқан эстафета бірден жалпыұлттық сипат алған.
«Тақтағы патшадан таяқ мінген балаға дейін xакім Абай сөзін жатқа соқсақ, елдің ертеңі қалай екенін бағамдауға болатын шығар», - деп жазған баспасөз хатшы өзге этнос өкілдерінің де эстафетаға қазақ тілінде үн қосқан бейнетүсірілімдерін салған.
Олардың бірі өлең оқыса, бірі Абайдың әндерін нақышына келтіре орындағанын көруге болады.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жастағы мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.
Кейін Ресейдің халық әртiсi Игорь Крутой Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабыл алған болатын.